Дүниенің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған қазақтың басы бір қосылып мәре-сәре болды.
Атажұртпен қауышты алыстағы ағайын
876
оқылды

 Бұл туралы газетіміздің өткен санында да жазған болатынбыз. «Отандастар» қорының ұйытқы болуымен өткен форумның бұл жолғысы бұрынғылардан шын мәнінде өзгерек бағытта өткенін былайғы жұрт түгел айтып жатты. 

Көбіне, іскер жандардың басын бір шаңырақ астына жинағаннан кейін әңгіменің ауаны да іскерлік саласынан бөлек білім мен ғылым бағытында өрбитіні бар. Заманында тарихтың түрлі толқынымен әлемнің сан алуан еліне шашырай қоныстанған отандастардың бүгінгі ұрпағы – шынымен де білімді әрі білікті және елден ерек дарынды.

Бүгін сол білімді жандардың бірнешеуімен болған сұхбатты ұсынып отырмыз. 

Иешим САВАШ, Крей қаласы әкімінің орынбасары (Франция):

 

Арқасүйер отанымның барын сезіндім

– Иешим, сіздің бұл Қазақстанға ал­ғаш келуіңіз болар. Қандай әсер­де­сіз?

– Шынымды айтайын, бұл – ата­жұртқа алғаш келуім. Мені мұнда­­ғы­лардың барлығы таниды екен. Өзім таң­ғалып жүрмін. Келесі жылы арнайы қы­дырып, ел аралап қайтсам деген жоспар құрып үлгердім. Қазақ­станды өзімше зерттеп, атажұрттағы халық­тың, өз қазағымның тұрмыс-тірші­лігімен таныссам деймін. Астана да маған қатты ұнап қалды. Керемет. Зәулім ғимараттары мен ерекше мәде­ниетін байқадым. За­манауи қала екен. Мен Отанымның мұн­дай әсем болғ­а­­нына қуанып тұрмын. Сыртта жүрсем де мұндағы кейбір жағдай­­­­лармен таныспын. 

– Келесі жылы келем деп отырсыз, сонда қай жерлерге баруды нақты жос­парладыңыз? 

– Дәл қазіргі сәтте менің ойыма ақ­парат құралдарында көп айты­латын Алматы, Көкшетау, Түркістан қала­­лары түсіп тұр. Алдағы уақытта тағы да зерделеп, зерттеп, жоспар жасайтын боламын. Анаммен де ақылдасамын. 

– Сіздің түрікше, ағылшынша және француз тілінде еркін сөйлей­тініңізді білеміз. Жалпы, сіз тұратын Францияда қазақтілді орта бар ма? Ол жақта қа­зақтар бар. Олармен бай­ланыс­­та­рыңыз қалай?

– Дұрыс айтасыз, менің қазақшам өте нашар. Париж қаласында қазақ тілін үйрететін курстар бар. Сол жерге баруым керек. Міндетті түрде өзімнің қазақ тілімді жетілдіруді көздеп отыр­мын. Ке­лесі жылы үй­ренемін деп өз-өзіме уәде бердім. Анамның қазақ­шасы жетік. Бірақ ол кісі, неге екенін білмеймін, ме­німен түрік тілінде сөй­ле­­седі. Мен кейде қазақша сөйлес­ейік деп ұсыныс айта­мын. Анам менің қазақшамның на­шарлығына қарап қина­ғысы келмейтін болар. Енді анам­мен тек қазақша сөйлесетін боламын. Мұн­дағы барша қазақ жұрты мені жақын тартып, құшақ жая қарсы алға­нына риза болдым. Үлкен отбасыммен қауышқандай сезімде жүр­мін. Фран­­цияға барған соң ондағы қа­зақтарға, туыстарым мен достарыма «Қазақ­станға ба­рың­дар! Шынымен көп рет есті­генше, бір рет барып көру керек екен!» деп айтып баратын болдым.

– Жалпы қазақ жұртына, Ота­ныңызға және өзіңіз сынды қазақ ару­ларына не айтасыз?

– Мен бүгін тағы да қазақ болып туға­ныма мақтанып тұрмын. Со­нымен бірге саясат сахнасында жүр­ген қа­зақтың қызы екеніме мақта­намын. Қазақстан Үкіметі әйелдерге, жастарға көп мүмкін­дік беріп жат­қанын естіп-біліп отыра­мын. Сон­дықтан атажұртта мен секілді сая­сатқа араласып жүрген жауап­­кер­­шілігі жоғары қазақ әйелде­рінің көп екені көңіл қуантады.

Осыдан үш жыл бұрын «Түр­кістан» басылымы менен сұхбат ал­ды. Сол сұх­батымнан кейін Қазақ­станда мені іздеу­шілер, қолдаушылар қатары көбейді. Әлеу­меттік желідегі жеке па­рақшаларыма достық жол­дап, хабар­лама жіберетіндер саны күрт өсті. Ал­ғашқыда мән бермедім. Тіпті, тікелей байланысқа шығып, он­­лайн сөйлескісі келетіндердің саны арт­ты. Журна­листер де жиі хабарласа бас­тады. Сол кезде барып мен өзімнің ті­лек­шілерім барын, шын мәнінде арқа­­сүйер ұлы Ота­нымның, іздеуші­лерімнің барын сезіндім. Ал бүгін өздеріңізбен жүзбе-жүз кездесу бақытына кенеліп тұрмын.  

Қазақстанға келуге дайындалып жатқан сәтте қандай сезімде болыңыз? 

 

– Шынымды айтсам, алғашқыда кә­дімгі көп іссапардың бірі сияқты сезін­дім. Артынша ұшаққа мінген шақта бас­қаша сезім билеп алды. Мені елде құшақ жая қарсы алады деп ойламадым. Әсіресе, журна­листер қауы­мы қаумалап алады деп күтпедім. Басқа елден келген қан­дас­тармен бай­ланыс орнатып, визит карточкамды бердім. Алдағы уақытта мемлекеттік деңгейде жоба жасау туралы ойымды ортаға салдым. Жалпы, осы жолғы форумның маған бергені мол болды. Алда біздің тараптан маңызды қа­дамдар мен кездесулер болады, кү­тіңіздер.  

Нұрбек БАБАНҰЛЫ, нейрохирург:

Қазақ жастарына ота жасаудың тың тәсілін үйреткім келеді

– Нұрбек, естуімізше, сіз әлемде сте­нос­копиялық тәсілмен ота жасаушы №2 дә­рігер екенсіз. Осы рас па?

– Жалпы, солай деп айтсам болады. Эндоскопия ұғымы медицинада 1973 жыл­дан бастап мойындала бастады. Бірақ ота жасау тәсілі 2016 жылға дейін өте сәтсіз болды. Көп ота сәтсіз аяқталып жатты. Адамның бел омыртқасы мен мойын жоталары бір қарағанда жеңіл сырқат болып көрінуі мүмкін. Адамның барлық қаңқасына тірек түрінде қызмет атқаратындықтан көп жағдайда ота сәт­сіздікке әкеліп соқты. Немесе қайта­лама ота жасалу жолдары жүргізілді. 2016 жылы нейрохирургия саласында ота жасаудың жаңа технологиясы – стенос­копия тәсілі пайда болды. Бұл ота түрін ойлап тауып, әлемдік медицинаға енгізген – оң­түстіккореялық нейрохирург Контек Лим деген ғалым еді. Бақытыма орай, маған осы ғалымнан тәлім алу бұйырыпты. Кейін өзі мені тікелей шә­кірті етіп алды. Қазір әлем бойынша сте­нос­копиялық тәсілмен ота жасауда Контек Лим ұста­зымыздан кейін менің көрсеткішім жо­ғары болып тұрған себебі – осы.  

Сонда сіздерден кейінгі бұл тәсілмен ота жасаған дәрігерлер жоқ па?

– Жоқ, менен кейін де ғалымның шәкірттері немесе салада ота жасап жат­қан дәрігерлер көп, әрине. Тек алғашқы болып біз қолдана бастадық. Мысалы, мен күніне кем дегенде 7-8 сағат тікемнен тік тұрып ота жасаймын. Ғылыми дәлел бойынша, дәрігердің рейтингісі ота жасау уақытының ұзақтығы мен пациенттердің аяққа тұрып кетуі арқылы есептеледі. Жасаған оталарымның сәтті болып жат­қанын байқаған болуы керек, «Алтын қолды дәрігер» деген арнайы марапат берді. Бұл әлемдегі медицина саласы бойынша озық мамандарға берілетін марапат екен. Кейін білдім. Ал 2017 жылы Моңғолия үкіметі «Жас талант хирург»  деген марапат ұсынды. 2018 жылы «Үздік эндохирург» марапатын алдым. Маған дейін бұл атақ Моңғолиядағы қазақ дәрігерлеріне берілмеген  екен. Отбасым үшін менің марапаттарым үлкен қуаныш болды. 

– Отбасым деп қалдыңыз. Білуімше, әкеңіз де дәрігер болған екен...

– Иә, менің әкем де дәрігер. Ал атам елге білікті сынықшы болған. Адамның үгітіліп кеткен сүйегін сипап отырып жинап береді екен. Кейін сол адамдардың көбі келіп атама алғысын айтып жататын. Бір сөзбен айтсам, шипагер болған. Бұл енді біздің әулетке қанмен сіңген қасиет шығар. Бала күнімде өзім де дәрігер болуды армандайтын едім. 

Сізді арнайы шақырып, ота жасату жолында тәжірибе алмасатын елдер көп шығар? 

– Осы күнге дейін 13 мемлекетте бо­лыппын. Тәжірибе бөлісіп, стенос­ко­пия­лық ота жасадым. АҚШ, Жапония, Еуропа елдерінен де шақырту келді. Озық технология болғандықтан көптеген елдің мамандарына үйрету мақсатында шақыр­ту келеді. Қазір  стеноскопия тәсілі ғылым ретінде дамып келеді. Бұл әдістің ерек­шелігі – мойын, бел омыртқасының қоз­ғалыс кезіндегі сырқатын  қимылға қарай анықтап, нақтылайды. Соған сай емдеу шарасы жүргізіледі. Өзім келесі жылы докторлық диссертациямды осы стенос­копиялық ота жасау тақырыбында қор­ғамақпын. Қазір әлем бойынша нейро­хирургиялық ота арқылы сырқатын емдеткісі келетін науқастардың саны кө­бейіп кетті. Бұл, әрине, өте қиын жағдай. Сондықтан адамдар жас кезінен бастап өз денсаулықтарына жауапкер­шілікпен қарағаны абзал. Біздің халық белім ауырады, мойыным қозғалтпай қалды деп жүре беретіні бар. Бұл сыр­қаттың соңы ота жасауға дейін алып келеді. Сондықтан бастысы, сырқаттың алдын алу керек. Бір ғана бел ауруының 40 түрлі себебі бар. Бұл ғылыми дәлелденген. Сондықтан сырқат­тың дәл қай түрі екенін де анықтап барып емдеген жөн. 

Ал форум туралы не айтасыз? Ата­жұрт сізді қалай қарсы алды?

– Шынымды айтсам, алғашында ша­қыру қолыма тиген кезде менің фо­румға қандай қатысым бар деп ойладым. Ар­тынша бәрін түсіндім. Қазақстанға бұған дейін де келдім, бірақ бұл келуімнің жөні бөлек болды. Қазақ жастарының жігерін байқадым. Әлемнің дамыған елдерінде жоғары жетістікке жеткен замандас­та­рымның бар екенін көріп қуандым. Талай жоспарлар мен мақсаттарға қол жеткізе алатынымды нақты сезініп тұр­мын. Солардың қатарында қазақ жастарын тартып, ота жасаудың тың тәсілін үйрету болып тұр. Отанымның өрге озуы жо­лында қолымнан келгенше үлесімді қос­қым келеді. Ал, әрине бұл жолғы жиын мені ерекше мерейлендіріп жіберді. Ота үстелінен бір сәтке алыстатып, әлем қазақ­тарының көкжиегіне көз тастадым. Өте кең әрі заңғар екенін ұқтым.  Алғыстан басқа айтарым жоқ. Мұндай басқосулар тағы да болуы керек деп ойлаймын.

Бердібек ҚАБАЙ