2023 жыл төл күресіміз – қазақ күресі үшін тарихи жыл болмақ. Күресіміз алғаш рет Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына енді. Бұл маңызды оқиға Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы – Эр-Риядта болды.
Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарында Қазақстан балуандары жеңіске жетті
8,813
оқылды

Дүниежүзілік жекпе-жек ойындары (WCG) – бұл Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) қолдайтын және әлемнің түкпір-түкпірінен жекпе-жек өнері мен жекпе-жектің ең мықты өкілдері қатысатын халықаралық спорттық іс-шара, - деп хабарлайды Aikyn.kz. 

WCG-дің басты мақсаты – жарыстарды өткізу ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі бақылау, шешімділік және техникалық шеберлік сияқты спорттық құндылықтарды насихаттау. Бұл ойындар әртүрлі мәдениеттердің өзара интеграциялануына және жекпе-жек өнері бойынша білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етеді. 

Қазақ күресін жекпе-жектің ең танымал түрлері бойынша өткізілетін WCG бағдарламасына енгізу туралы шешімді Халықаралық спорт федерациялары, халықаралық спорт федерацияларының жаһандық қауымдастығының (GAISF) мүшелері қабылдаған болатын. GAISF тәуелсіз халықаралық спорт федерацияларын және бүкіл әлем бойынша спортты дамытуға бағытталған басқа да халықаралық ұйымдардың басын біріктіретін ұйым болып табылады. Қазіргі уақытта GAISF жүзден астам халықаралық ұйыммен тығыз қарым-қатынас орнатып, тиімді жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда WCG GAISF қолдауының арқасында элиталық спорт пен жергілікті қауымдастықтар арасында алтын көпір орнатып, жастарды жекпе-жек спорт түрлерімен айналысуға ынталандыру жұмыстарына басымдық беруде. 

 

Он күнге созылып, спортсүйерқауымның назарын өзіне аударған Эр-Риядтағы жарыс барысында бірқатар спорт түрлері, соның ішінде қазақ күресі бойынша марапаттар жиынтығы ойналып үлгерілді. Бес салмақ дәрежесінің (3 ер және 2 әйел) жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Абырой болғанда, Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері жоғары бәсекелестікке қарамастан үздіктер қатарынан көріне білді. Атап айтқанда, Жұмажан Қожамбеков (75 кг.), Мәди Амангелді (85 кг.) және Роза Нысантайқызы (70 кг.) қарсыластарын шақ келтірмей, жеңістің биік тұғырына көтерілді. Нұр Аманшүкіров (65 келі) финалда Өзбекстаннан келген спортшыға жол беріп, күміс медальға қол жеткізді. Ал Рауза Нұрмұхамбетованың (60 келі) еншісінде қола медаль.

Осылайша, Қазақстан құрамасы үздік спорттық жетістіктерін көрсете отырып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Өзбекстанның балуандары екінші болса, ал қырғызстандық спортшылар үздік үштікті түйіндеді.