Астанада екі күні бойы жасанды интеллект, ІТ саласының болашаққа беталысын, даму бағдарын талқылаған Digital Bridge 2023 форумы өтті.
Қазақ жастарына АҚШ-та жұмыс істеу арман емес – Apple-дің менеджері Тамирлан Сейдахметов
3,049
оқылды

Форумға әлемнің әр түкпірінен ІТ саласында айтарым бар деген азаматтар жиналды. Нарықта көш басында жүрген алпауыт компаниялардың өкілдері арнайы келді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Тамирлан Сейдахметов Тараз қаласында дүниеге келген. №45 гимназияда 6 жыл оқып, содан соң Қазақ-түрік лицейін тәмамдады. Астанада Назарбаев университетінде 2010-2015 жылдары Химиялық инженерия мамандығы бойынша білім алды. Магистратураны Data Scientist Management мамандығы бойынша Стэнфорд университетінде оқыды. 7-8 жылдан бері АҚШ-та тұрады. Әуел баста Чикаго қаласында екі жылдай жұмыс істеген. Содан кейін 6 жылдан бері Apple компаниясында еңбек етеді.

 

Фото: senate.parlam.kz

Күн сайын қарқынды дамып жатқан саланың бағыт-бағдары сан алуан. Форумда жасанды интеллектінің мүмкіндігін қызу талқылаған панельдік сессиядан соң Apple-де ғылыми деректер жөніндегі менеджер болып жұмыс істейтін Тамирлан Сейдахметовпен әңгімелестік.

– АҚШ-тан Digital Bridge форумына Астанаға арнайы келдіңіз. Бүгін «Apple-де жұмыс істейтін қазақ» деп сізге ерекше ілтипат білдірді. Панельдік сессияда ІТ саланы таңдаған жастар көкейдегі сауалын қойды. Жастар осы көштен қалмауы үшін не істеуі керек?

– Иә, жастар залға сыймай тұрды. Тік тұрып талқылауға белсенді атсалысты. Әсіресе, мектеп оқушылары, студенттердің ІТ форумға көптеп келгеніне қуандым. Бүгінде кез келген сала тез дамып жатыр. Қазіргі таңда тынбай ізденіп, үзіліссіз оқу керек. Жасанды интеллект қолданысқа енді. ІТ сала өте қарқынды дамып келеді. Мамандықтар сұранысқа қарай өзгеріске ұшырайды. Бағытын өзгертеді. Жаңашылдықты меңгерген маман жұмыс орнын сақтап қалады. Қазір ақпарат қолжетімді. Тіпті онлайн оқып, ІТ саласында көп нәрсені үйренуге мүмкіндік бар. Ең бастысы, бір орында тапжылмай отырып қалмауы керек. Қазір 4 жыл университетте оқып, тек сонымен ғана жұмыс істеу қисынға келмейді. Күн сайын жаңа дүниені үйренуі тиіс. Жұмыс істеген кезде де оқып, ары қарай тоқтаусыз үйренеді. Замандастарыма әрдайым оқыңдар, мақсатыңа жеткенше орта жолда тоқтап қалмаңдар дегім келеді.

– Сіздің жетістігіңіз көпке үлгі. АҚШ-та арманға жету оңай ма?

– Өз жұмысымды АҚШ-та жоғары жетістік деп айта алмаймын. АҚШ-та ІТ компанияда ізденімпаз адам жұмыс істей алады. Ең бастысы, еңбекқор болуы керек. Мақсаты айқын болса, сол жолда шыдамдылықпен тер төгуі қажет. «Арманымыз аспан болсын. Аспанға жете алмасақ та, таудың шыңында қаламыз» деген ұстаныммен еңбек етемін. Кез келген салада 10 мың сағат жұмыс істеген адам білікті маман болып шығады. Тым болмаса, өз мамандығына екі мың сағат көңіл бөлсе, сұранысқа ие маман болары анық.

– Қазақстанда цифрландыру, ІТ саласы болашақта қандай бағытта дамуы керек?

– Біздің елде цифрландыру жолға қойылған. Кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Күнделікті қолданатын платформалар көп. Мәселен, E-gov, kaspi.kz мобильді қосымшалары сұранысқа ие. АҚШ-тың өзінде Электронды үкімет дәл біздегідей онлайн, үйден шықпай-ақ халыққа қызмет көрсетеді деп айта алмас едім. Азды-көпті жетістіктерімізге қуанамын. Қаншама компания ІТ саласында жобасын нарыққа ұсынып жатыр. Қолданысқа қолайлы болғаны, үнемі жетілдіріліп отырған таңдаулысы нарықта қалады. Үздігін тұтынушы өзі іріктеп алады. Тұрғындар қажетіне пайдаланады. Қазақстанда стартап жобаларды әлі де қолданысқа енгізу керек. Идея қағаз жүзінде қалып қоймаса, жастардың ІТ саласында жаңалық енгізе алатынына сенемін. Ірі-ірі 4-5 компаниядан бөлек, шағын ІТ компанияларға да көңіл бөліп, үлес беруі керек. Сол процесті тиімді жүзеге асыру жағы кемшін. Кем-кетік түзелсе, үлкен жобаларды да іске асыруға болады.

– Келешекте АҚШ-тан елге ораласыз ба?

– Әрине, туған елге қайтқым келеді. Бұрын оңай сияқты көрінетін... Қазір отбасың болғаннан кейін мұхиттың арғы бетінен көшіп-қону да оңай шаруа емес. Өзім де маман ретінде әлі толыққанды тәжірибе жинадым деп айта алмаймын. Үйреніп, алға қойған мақсатыма жетсем деймін. Соған қарамастан, әрқашан Қазақстанда ІТ саласының дамуына үлес қосудан шет қалмаймын. Digital Nomads Kazakhstan қауымдастығының өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмын.

 

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Digital Nomads Kazakhstan қауымдастығының өкілдерімен кездесуі. Астана қаласы. 2023 жыл. Фото: senate.parlam.kz

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Еске сала кетейік, бұған дейін Digital Bridge 2023 форумына арнайы келген Google-да жұмыс істейтін қазақ қызы Арай Сабыржан «Қыздардың да есепке жүйрік екенін дәлелдегім келді»,  – деп өз ойымен бөліскен еді. 

Фотоны түсірген автор.