Аталмыш шара «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының мұрындық болуымен «Кітап-AMANAT» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның негізгі көздеген мақсаты – оқырмандарды қолжетімді бағадағы тиісті кітап қорымен қамтамасыз ету арқылы қазіргі заман авторларына қолдау білдіру, отандық әдебиетті дамыту. Кездесуге белгілі қазақстандық авторлар мен баспагерлер, қалалық мәслихат депутаттары, партия мүшелері мен студенттер қатысты.
Іс-шара барысында оқырмандар ақынмен еркін сұхбат құрып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Сондай-ақ ақынның жаңа кітаптарының тұсаукесер сәтіне куә болды. Ерекше атап өтерлік жайт, кездесуге келген 100-ге жуық студент демеушілердің қолдауымен «Кітап-AMANAT» дүкенінен сыйлыққа қалаған кітабын таңдап алды. Солардың бірі алматылық студент – Медет-Ізет Құсанқызы. Ол осындай рухани шаралардың елімізде көптеп қолға алынуы – кітап оқитын ұрпақ қалыптастыруда ықпалы зор екенін айтады.
– Бүгінгі шарадан өзіме қатты ұнағаны – кездесуден кейін демеушілер кітап орталығының атынан өзімізге ұнайтын кітаптарды сыйға тартты. Бұл бүгінгінің жастарына кітап оқытудың бір мотивациясы ретінде тиімді деп ойлаймын, – дейді алматылық студент М.Құсанқызы.
Қазір дүкенде 20 баспа үйінен 2 мыңға жуық кітап ұсынылған. Дүкенде кітап қорымен қоса, оқу залы мен bookcrossing, яғни кітап алмасу мүмкіндігі қарастырылған. Ұйымдастырушылар мұның барлығы оқырманның игілігі үшін жүзеге асып отырғанын алға тартты. Ал шараның басты қонағы, ақын Алмас Ахметбекұлы жоба аясында тиісті міндеттер мен сауатты ұрпақ қалыптастыруда маңызды шаруалардың атқарылуға тиіс екенін атап өтті.
– «Кітап-AMANAT» – ұлттық рухани өсуге, сауығуға қарай бет алған үлкен жоба. Сондықтан заманға сай өтімді, жастарға тәрбие беретін, олардың зияткерлік деңгейін көтеретін кітаптарды жинап жатырмыз. Кітапты және кітап оқитын халықты көбейтіп, оқырманың білімге деген ынтасын арттырып, халықтың рухани қуатын жетілдіру үшін қызмет етуге күш салудамыз, – дейді ол.
Оңтүстік шаһарда бастау алған шара негізінде ақын-жазушылар мен ғалымдар өз еңбектерін «Кітап-AMANAT» дүкеніне қойып, насихаттау мүмкіндігіне ие болмақ. «Кітап-AMANAT» жобасы аясында жыл соңына дейін тағы 10 кітап дүкенін ашу жоспарланып отыр.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ