«Жәнібек Әлімханұлын WBO және IBF тұжырымдарынан әлем чемпионы атағы үшін өткен жекпе-жектегі жарқын жеңісімен құттықтаймын. Жәнібек қазақ бокс мектебінің жоғары деңгейі мен мықтылығын әлемге тағы да паш етті. Бұл жеңіс бокспен айналысатын жастарды биік белестерді бағындыруға ынталандырады. Сізге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Жеңістен жеңіске жете беріңіз!», – деді Президент.
Әлімханұлы-Гуальтери айқасы – Розенбергтегі (Техас штаты) Fort Bend Community Center аренасындағы бокс кешінің жарқын оқиғасы болды. 30 жастағы Әлімханұлы кәсіпқой бокста 14 айқас өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Әуесқой бокста 2013 жылы әлем чемпионы атанса, 2013-2014 жылдары Азия чемпионы болды. 10 рет қарсыласын нокаутқа түсірген. Ол 2022 жылдың 5 мамырында британдық Дэнни Дигнумды нокаутқа жіберіп, әлем чемпионы атанған еді. Қазақстандық боксшы титулын екі рет қорғады: біріншісінде төрешілер шешімімен британдық Дензел Бентлиден басым түссе, екіншісінде канадалық Стивен Батлерді нокаутпен жеңді.
Ал Жәнібектің бұл ойындағы қарсыласы Гуальтьеридің де жасы 30-да болды және ол да кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген. Қоржынында 21 жеңіс (7 нокаут) пен бір тең есеп бар. Ол 1 шілдеде Бразилия өкілі, 2012 жылғы Олимпиада финалисі Эскива Фалькаоны сенсациямен жеңіп, титул иегері атанған болатын. Аталмыш жекпе-жек германиялық боксшының АҚШ-тағы дебюті болды. WBO және IBF санаты бойынша орта салмақта екі белбеуді сарапқа салған жекпе-жек алтыншы раундта аяқталды – Жәнібек қарсыласы Винченцо Гуальтьериді техникалық нокаутқа жіберіп, кәсіпқой бокста он бесінші жеңісіне қол жеткізді. Осылайша, қазақстандық спортшының жүлделер саны WBO және IBF белбеулерімен толықты.
Германиялық былғары қолғап шебері Винченцо Гуальтьери (21-1-1, 7 КО) жекпе-жектен кейін пікірін білдірді.
«Жекпе-жекті ерте тоқтатты деп ойлаймын, дегенмен қарсыласым менен қуатты болды, соққысы ауыр. Жәнібекті бұл айтулы жеңісімен құттықтаймын! Сондай-ақ спорт кешін тамашалауға келген бокс сүйетін жанкүйерлерге алғыс білдіремін», – деді ол.
Жерлесіміз де жарқын жеңісінен соң мәлімдеме жасап, келесі жекпе-жекті ақпан айында өткізгісі келетінін айтты. Төрт титулды біріктіру ниетін білдірген чемпион Top Rank промоутерлік компаниясы ендігі қос белбеудің жекпе-жегін ұйымдастыруға көмектесетініне сенім білдірді.
«Барлық төрт белдікті алғанша жеңіс тойлай алмаймын. Енді маған WBC және WBA атақтары керек! Ақпан айында жұдырықтасуға дайынмын. Өз титулымды қайта қорғағым келмейді. Маған басқа белбеулер керек. Кез келген чемпионды нокаутқа жіберемін!», – деп жазды боксшы Twitter парақшасында.
Бүгінде орта салмақтағы WBC белбеуі америкалық Джермелл Чарлода (32-0, 22 КО), ал WBA белбеуі кубалық Эрисланди Ларада (29-3-3, 17 КО).
Асыл ТҰМАР