Біріншіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркітілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталы-ғы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға.
Түркістан облыс болып құрылғалы 5 жылдан асты, осы уақыт ішінде аталған бағыттар бойынша көптеген идеологиялық жұмыс атқарылды. Дәлірек айтсақ, өңірлік және халықаралық деңгейде туризмді дамыту үшін бірқатар ауқымды жобалар іске асуда. Күні бүгінге дейін туризм бағытында 356 млрд теңге шамасында инвестиция тартылған.
Міне, соның нәтижесі деп айтуға болады, қайта түлеп жатқан Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Бұл туралы түркі елдерінің өкілдері арасында өткен Түркістандағы туристік форумда белгілі болды.
«Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы» халықаралық туристік форумы атауымен бауырлас елдердің басын қосқан келелі жиынға Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы орынбасары, Түркістан облысы мен Қоқан қаласының әкімі, Туризм және спорт министрлігі, түркі елдерінің туризмге қатысты министрліктері мен орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті, туризм саласының және қоғамдық қауымдастық өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Мажарстан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан мемлекеттерінен келген бауырлар бас қосып, келелі мәселелерді ортаға салды.
Алқалы жиында сөз алған облыс әкімі Дархан Сатыбалды түркі халықтарының мәдени және рухани мекені, тарихтан келешекке бағыт алған Түркістан қаласына келген қонақтарға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтіп, түркі жұрты кие санаған қасиетті мекенде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
«Әлемдік туризмнің даму тенденциясы жылдан жылға оң бағыттарға өзгеріп келеді. Бүгінгі іс-шара түркітілдес елдер арасындағы туризм бағытындағы қарым-қатынастарды дамытуға маңызды үлес қосады. Түркітілдес халықтардың мәдениеті мен өркениетін нығайтуға айрықша серпін береді. 2021 жылы 31 наурызда түр-кітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII бейресми саммитінде тараптар Түркістанды – түркі әлемінің рухани астанасы деп атау туралы декларацияға қол қойды. Бұл құжат Түркістанның рухани-мәдени бағытта дамуына оң серпін беріп келеді. Түркітілдес елдердің туризм бағытындағы жоғары деңгейдегі кездесулері мен келісімдері Түркістанға тың серпін береді. Жаңа Түркістан түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналады деп сенемін, – деді өңір басшысы.
Бүгінде жаңа облыс орталығына айналған шаһарда халықтың игілігі үшін денсаулық, білім, мәдениет, спорт нысандары салынып жатқанын жеткізген облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы тапсырмасы бойынша тиісті заң жобасы әзірленіп, қоғам талқысынан өтіп жатқанын атап өтті.
Облыс әкімінің айтуынша, облыс аумағында 1 770 тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан. Оның ішінде бірегейі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра нысаны – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі екені белгілі.
Сонымен қатар облыс аумағында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Биосфералық объектілер тізіміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары бар. Өңірді өркендету үшін Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамыту жоспары қабылданды.
Жоспар аясында бүгінге дейін Түркі- стан қаласында 29 әлеуметтік-мәдени нысан бой көтерді. Өткізу қабілеті жылына 3 млн адамды құрайтын халықаралық Hazret Sultan әуежайы іске қосылды. Аталған іс-шаралар мен қажетті инфрақұрылымдық жұмыстар отандық және шетелдік туристік ағынды ұлғайтуды қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, Түркістанды Өзбекстан мемлекетімен жалғайтын Түркістан-Нурафшон бағытында тұрақты автобус рейсі қосылмақ. Бұл жұмыстарды іске асыру бойынша елдердің жауапты министрліктері арқылы келіссөздер жүргізілді.
Осы орайда, облыста 5 жылдың ішінде 72 жаңа қонақүй іске қосылды (қазір облыста 220 қонақүй). Туризм бағытында 356 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде Түркістан қаласының үлесі 275 млрд теңгені құрап отыр. Ал шаһарға келушілердің саны миллионға жетіп, туристік қызмет сапасы жақсарып келеді.
Өткен жылдары Түркістанда түрік Парламенттерінің отырысы, Voice of Turan халықаралық ән фестивалі, түркітілдес елдердің анимациялық көрмесі, «Тұран барысы» спорттық іс-шарасы, Түркі әлемінің этноподиумысынды маңызды іс-шараларды ұйымдастырылды.
Жалпы, өңірде түркі мемлекеттері арасында ортақ туристік әлеуетті көтеру мақсатында арнайы құрылған платформа қалыптасқан. Оның бірі – түркі мемлекеттері ұйымының туризм саласы бойынша жыл сайынғы басқосуы.
Мұнда сала басшылары бірқатар ортақ жобаларды іске асыру қажеттігін талдайды. Бұл ретте Қазақстанның түркі елдері арасында этнотуризмді интеграциялық негізі ретінде дамытуға әлеуеті зор. Мұндай интеграциялық жобаларға Түркістан қаласындағы тарихи ескерткіштер мен заманауи «Керуен сарай» туристік кешенін айтуға болады.
«Түркі әлеміндегі этнотуристік ынтымақтастықты одан әрі дамыту, жалпы мәдени құндылықтарды өскелең ұрпаққа насихаттау үшін «Қолөнершілер орталығы» жобасын бірлесіп дамытуға шақырамын», – деді Дархан Амангелдіұлы.
Халықаралық туристік форумда Туризм және спорт вице-министрі Е.Еркинбаев құттықтауын жеткізіп, бірқатар бастамалар мен кешенді шараларды ұсынды. Мұнда алты бағыт қарастырылған.
Атап айтқанда, біріншіден – ТМҰ мүше мемлекеттер мен бақылаушы мемлекеттердің ірі қалалары арасындағы әуерейстер санының артуы. Екіншіден – бірлескен туристік өнімдерді құру, серіктестік қатынастарды жолға қою бойынша жұмыстарды жандандыру және «Жібек жолы» заманауи турмаршрутын дамыту. Үшіншіден – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Таббарук Зиерат» пилоттық жобасын одан әрі жалғастыру. Төртіншіден салауатты өмір салтын насихаттау, мәдени алмасу және туристік ағымды ынталандыру мақсатында ТМҰ елдері арасында жүгіру бойынша марафондар альянсын құру ұсынылды. Бесіншіден – туризм және қонақжайлылық бойынша оқытуға мамандандырылған ТМҰ университеттер лигасын құру. Бұл туризм саласындағы табысты мансап үшін маңызды саналатын студенттердің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді. Алтыншыдан, елдердің туристік әлеуетін ілгерілету және маркетинг бойынша тәжірибе алмасуды күшейту.
– ТМҰ кеңістігіндегі маңызды бастамалардың бірі «Түркі әлемінің туристік астанасын» ерекше атап өтуге болады. Бұл бастама Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік беріп, бір-бірінің мәдени және дәстүрлі құндылықтарын білу арқылы барлық түркі елдері халықтарының тығыз байланысуына ықпал етеді, – деді вице-министр.
Форумның басты мақсаты – түркі әлемінің туристік астаналары арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнату және 2024 жылы түркі әлемінің келесі астанасы ретінде Түркістан қаласымен таныстыру.
Айта кетейік, күні кеше ТМҰ елдеріндегі туризм мәселелеріне жауапты министрлердің VIII отырысы аясында Түркістанды 2024 жылға арналған Түркі әлемінің астанасы деп жариялау бастамасы мақұлданды. Осы шешім туралы ресми хабарландыру ел басшыларының жақын арадағы саммитінде жоспарлануда.
Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы