Ал қалғандары Қырғыз Республикасымен келісімдерді ратификациялау, трансферттік баға белгілеу, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа хаттамасын ратификациялау, «Ұлттық қор – балаларға» Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келісімді ратификациялау туралы.
Күн тәртібіндегі төрт мәселе бойынша, соның ішінде Ұлттық қор бойынша Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бойынша Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров, Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова, Салық кодексіне бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен осы министрліктің және ЦДИАӨМ, ҚМ, ӘМ, ӨҚМ, ЭМ вице-министрлері, ҚНРДА мен сот әкімшілігі өкілдері шақырылды. Соның ішінде депутаттардың ең көп шүйліккені Салық кодексінің жобасы мен оған жауапты Ұлттық экономика министрлігінің басшысы болды. Өйткені Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл құжат жыл соңына дейін толық дайын болып қабылдануы керек. Жиында осыған жауапты ведомствоның асықпай отырғанын сынға алған депутаттар нақты жоспар мен белгілі бір тұжырымдаманың жоқтығын, жобаның әлі де жетілдіре түсетін тұсы көп екенін алға тартты. Мәселен, ел азаматтары мен заңды тұлғалар сотқа жүгінгенде мемлекеттік бажды төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда, конституциялық құқығын толық пайдалануын қамтамасыз ету үшін, осы төлемді кейінге қалдыру тетіктері ұсынылған. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабилянов бұл нормадан заңды тұлғаларды алып тастауды ұсынды. Сондай-ақ заң жобасында халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту мақсатында азаматтар берешегін кешірген кезде микроқаржылық ұйымдар мен коллекторлық агенттіктер кірісін салық салудан босату жайы, балаларға Ұлттық қордың табысынан аударылатын нысаналы жинақтарды салықтан босату жайы, барлық арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру мақсатында олардың қатысушыларына салықтық жеңілдік берудің сараланған тәсілін енгізу жайы, жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктерін жалпыға бірдей декларациялау науқанының алғашқы екі кезеңінің өту нәтижелерін ескере отырып, алдағы декларациялау үрдісіне біраз жеңілдіктер енгізетін нормалар қарастырылған. Тағы бір мәселе – екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банк ноталары бойынша салық салынатын кірісін азайтуға мүмкіндік беретін құқығын алып тастау жоспарлануда. Мұндай қадам, оларды бос қаражаттары есебінен экономиканың нақты секторын, соның ішінде бизнесті кредиттеуге бағыттайды деген сеніммен жасалып отыр.
Талқылаудың соңы әдеттегідей депутаттық сауалдарға ұласты. Мәселен, депутат Жанарбек Әшімжанов «АМАNАТ» фракциясының мүшелері атынан Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа алдағы 2024 жылы Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны туралы сауал жолдады.
«Бұл айтулы аламан Мемлекет басшысының тікелей назарында. Алайда дүниежүзілік доданы ұйымдастыру жұмыстарының лебі сезілмейді. Мәлімет бойынша, үкіметтік деңгейде комиссия құрылған. Басты сайыстар өтетін нысан ретінде Астана қаласындағы «Астана-Арена», «Қазанат» ипподромы, «Жекпе-жек» сарайы және «Алау» мұз сарайы бекітілген. 8 млрд теңге қарастырылған, бірақ бұл инфрақұрылымдарға емес, ұйымдастыру жұмыстарына. Жалпы, спорт пен туризм саласында тұралап тұрған мәселе көп. Сол үшінде Мемлекет басшысы салаға қатысты проблемаларды шешу үшін Туризм және спорт министрлігін құрды. Енді сол жаңа ведомствоның сыналатын шағы. Бұған дейін өткізуге жауапты мемлекеттік орган тиісті процедураларды өз деңгейінде ұйымдастыра алмады. Соның салдарынан қалалық әкімшілікке инфрақұрылымды реттеуге бір тиын қаржы бөлінбеген. Ал Астана қаласы әкімдігі Үкімет жаққа жалтақтаумен дәрменсіздің күйін кешуде. Дүниежүзілік доданың өтетін мерзімі – 2024 жылдың қыркүйегі. Тура 11 ай қалды. Алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Ақтүтек боран, саршұнақ аязбен алысып тағы алты ай өтеді. Негізгі шаралар өтетін «Қазанат» ипподромында 10 мың адамға қызмет ететін нысан құрылысы жүріп жату керек еді. Өзге де спорттық нысандардың күрделі жөндеу жұмыстары, реконструкция, басқа да жұмыстары тоқтап тұр және атшабарға жапсарлас этноауыл жоспарланған. Күні кеше аяқтай барып көрдік, өлі тыныштық», – деді ол. Депутаттың айтуынша, қазірдің өзінде көшпенділер ойынына қатысуға 20 спорт түрі бойынша 73 ел өтініш берген екен. Осы ретте ол үкіметтік комиссия ұйымдастыру жұмыстарын жеделдету керек дейді. Көшпенділер ойынын өткізу Астана қаласының ғана емес, бүкіл елдің жауапкершілігі. Сондықтан ұйымдастыру жұмыстарына өңірлерді жұмылдырып, «Бір өңір – бір нысан» принципіне күш салу қажет.
Келесі бар аманаттық депутат Әділ Жұбанов Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға зейнетақының ең төменгі мөлшерлемесін ең төменгі жалақымен теңестіру туралы ұсыныс жолдаса, Нартай Сәрсенғалиев Қазақстанда 3 000 бала шалдыққан микротия және атрезия патологиясына назар аудартты. Қарапайым тілмен айтсақ, елімізде осынша бөбек өмірге құлақсыз келген. Депутат бір құлақсыз туылған балаларға да мүгедектік беруді, «Қазақстан халқына» қоры арқылы балалардың АҚШ-қа баруын қамтамассыз етуді, қазақстандық білікті дәрігерлерді микротия және атрезия патологиясын емдеудің тәсілдерін меңгеру үшін АҚШ-қа оқуға жедел жіберуді ұсынып отыр. Ал бір топ аманаттық атынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Ермек Сағымбаевқа депутаттық сауал жолдаған Болат Керімбек қорғаныс саласын, оның ішінде мемлекеттік шекара мәселесін қозғады.
«Биыл 16-31 шілде аралығында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бірнеше депутаты Жетісу және Жамбыл облыстарындағы шекара заставалары мен бекеттеріне шекара қауіпсіздігінің мәселелерін өз көзімізбен көру үшін барып қайттық. Сол жолы шекара инфрақұрылымының ескіруі, шекараны қорғаудың техникалық және байланыс құралдарымен төмен деңгейде қамтылуы сияқты жүйелі проблемалардың бар екендігіне куә болдық, бәрін ішінен көрдік. Шынымызды айтсақ, жағдай мәз емес. Мәселен, қазір заставалардың біразы апаттық жағдайда тұр. Шекарашылар сонау 50-60–жылдары салынған ескі үйлерде тұрып жатыр. Бүгінде шекараны жаңғырту бойынша іске асырылып жатқан шаралар, бұл мәселелерді толық шеше алмай отыр. Шекараны бекемдеу мақсатында 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған. бағдарлама аясында 68 объектінің құрылысы жоспарланған, қаражаты бөлінген. Алайда оның 15-і аяқталмай қалған. 2017 жылы осы аяқталмай қалған 15 объектіге аудиторлық тексеру жүргізілді. Олардың 3-і апаттық жағдайда, ал тоғызының жағдайы талапқа сай келмейді. Мұндай жауапсыздықты Солтүстік Қазақстан облысындағы заставаларын салуда да байқадық. Оған жуырда осы өңірге барған іссапарымызда көз жеткіздік. Құрылыс компаниялары нысанды толық аяқтамай жатып, «құрылыс материалдары қымбаттады» деп, келесі жылға тағы да ақша сұрайды. Осылай уақытты созып келеді. Осыдан шекара саласында жауапсыздық пен жемқорлыққа жол берілгенін көреміз», – деді ол. Жалпы шекара саланың проблемаларын шешу үшін Президент Әкімшілігі Басшысының тапсырмасымен 2024-2028 жылдарға арналған шекара қауіпсіздігінің кешенді жоспары әзірленгенін алға тартқан халық қалаулылары бұл мақсатқа 582 млрд теңге қажет деп отыр. Оған қоса, мемлекеттік шекара инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша жол картасы әзірленген екен. Оны іске асыруға 118 млрд теңге керек. Алайда мәжілісте қаралып жатқан бюджетте шекара саласының мәселесін толығымен шешуге сұралып отырған қаражат қарастырылмаған.
«Жоғарыда баяндалғандарды қорытындылай келе Үкіметке келесідей шараларды қабылдауды ұсынамыз: Қорғаныс саласын және шекара қызметін қаржыландыру мәселесі республикалық бюджетті қалыптастырған кезде ең жоғары басымдыққа ие болуын қамтамасыз ету. Ұлттық қордан арнайы қаржы бөлу мәселесін қарастыру. Қорғаныс және шекара саласына бөлінетін шығыстарды жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 1 пайызына дейін жеткізуді заңмен бекіту. Жүйелі әрі кешенді жұмысты ұйымдастыру және жоспарлау үшін арнайы Бағдарлама қабылдау. Мемлекеттік қауіпсіздік саласының аса маңыздылығын ескере отырып, аталған мәселелерді Қауіпсіздік Кеңесінде қарауды жөн деп санаймыз», – деді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек.
Осы ретте «AMANAT» партиясы салалық министрліктердің қарамағындағы барлық бағытты нақты шоғырландыра отырып, еліміздің сауда-азық-түлік-логистикалық хабқа айналуы жөніндегі бірыңғай интеграциялық стратегияны қалыптастыруды ұсынып отыр. Соның ішінде дамуды және жеке инвестицияларды тартуды ынталандыру үшін сауда-логистикалық хабтар арқылы көтерме сауданы жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет. Инвестициялардың қажетті көлемін, басымдықтарды, мемлекеттік қолдау алудың өлшемшарттары мен шарттарын айқындап, сауда-логистикалық хабтарға мемлекеттік қолдау көрсету де аса маңызды. Осылайша Мәжілістің кезекті пленарлық отырысының көтерген жүгі әдеттегідей салмақты болды. Бұл салмақ ел дамуына қосар қарқын мен жүктелер жауапкершіліктен көрініс табуы тиіс. Ал осының барлығы жемісті нәтижесін беруі үшін ең бірінші кезекте салық саясатында айқындық керек.
Нұрлан ҚОСАЙ