Аймақтың бренді астаналықтарға жетті

Елордада өткен айдан бастап өңірлік тауар өндірушілердің ауылшаруашылық жәрмеңкесі тұрақты өтіп жатыр. Мұндай игі шараның ұйымдастырылуы қала тұрғындары үшін өте тиімді.

Себебі ай­мақтағы фермерлер ала жаздай еткен еңбегін өткізсе, тұрғындар таза табиғи өнімді  нарықтағы бағадан әлдеқайда арзанға сатып ала алады. 

Айта кету керек, жәрмеңке маусымын алғаш болып Түркістан облысының аграршылары бастап берген. Өңірден келген 70-ке жуық ауыл шаруашылығы өндірушісі 556 тонна өнімін ұсынды. Оның ішінде ет және ет өнімдері, көкөністер мен жемістер, сүт өнімдері, бақша, бал, жеміс шырындары мен консервіленген өнімдер, балық, жұмыртқа және нан-тоқаш секілді әртүрлі азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен сатылды. Бұдан кейін Атырау мен Жамбыл, БҚО және Қызылорда облыстарының тауар өндірушілері келсе, одан кейінгі апталарда Алматы және Жетісу, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Абай облыстарының фермерлері ауылшаруашылық өнімдерін ұсынды. Айталық, Қызылорда облысы 50 жүк көлігімен 60-қа жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жалпы сомасы 200 миллион теңге болатын 500 тонна өнім әкелген. Ауылшаруашылық тауарларының арасында 135 тоннадан астам күріш, 10 тонна ет және 30 тоннаға жуық балық өнімдері, 30 тонна көкөніс пен жеміс, 260 тонна бақша өнімдері, 3 тонна ас тұзы, 10 тонна сүт, 5 тоннаға жуық кондитерлік өнім бар. Бұл ғана емес, сол күні елорда тұр­ғындары мен қонақтары сауда-саттық жасап, қызылордалық өнерпаздардың арнайы дайындаған концертін тамашалады. 

Ал Алматы және Жетісу облыстарының аграрлары 400 тоннадан астам өнім ұсынды. 23 және 24 қыркүйекте өткен жәрмеңкеде екі өңірден келген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 50-ден астам тауар сатты. Бұл күні де астаналықтар ет-сүт, шұжық, жеміс-көкөніс, балық өнімдері, қант, ұн, жарма, өсімдік және жануарлардың майы, жемістер, бал, ұлттық сусындар секілді дертке дауа, жанға шипа болатын табиғи ауылшаруашылық заттарын нарық бағасынан төмен бағада сатып алуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ Қостанай мен Ақтөбе облыстарының 70-тен астам шаруаcы бірлескен жәрмеңке өткізді. Бір ғана Қостанай облысының 14 ауданынан және 3 қаласынан 50-ден астам кәсіпорын елордаға 400 тонна тауар әкелді.

Барлығы 100-ден астам тауар ұсынса, оның ішінде барлық түрдегі мал еті – 51 тонна, сүт өнімдері – 35, шұжық өнімдері мен ет жартылай фабрикаттар – 23, жарма мен макарон өнімдері – 30, картоп пен көкөністер – 70, ұн – 50, сондай-ақ нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер, сусындар, бал секілді сан түрлі азық-түлік қойылды. Жәрмеңкеде ұсынылған сүт және ет кәсіпорындары арасында елімізге және шетелге танымал брендтер де бар. Ал Ақтөбе облысының өнімдерін өңірдің 12 ауданынан және Ақтөбе қаласынан 20-дан астам шаруалар мен қайта өңдеу кәсіпорындары әкелді. Ол күні ақтөбелік шаруалар қала тұрғындары үшін 80 тонна – ет, 61 тонна – картоп пен көкөніс, 30 тонна – сүт, 17 мың дана – жұмыртқа, 6 тонна – балық, бір тонна – бал, 10 тонна – шұжық, 8 тонна ұн мен макарон өнімдерін әкелген екен. 

Өткен аптада Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының жәрмеңкесі өтті. Екі күнге созылған жәрмеңкеге тұрғындар таңертеңнен бастап ағылып келе бастады. Өйткені әдеттегідей мұнда ет, сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер арзан бағада сатылды. Екі өңірдің шаруалары елорда тұрғындары үшін 49,2 тонна – бал, 2 тонна – шұжық өнімдері, 8 тонна – сүт өнімдері, 16 тонна – өсімдік майы, 3 тонна – ұн мен жарма, 9 тонна – балық, 29,8 тонна – мал, құс еті, 4 тонна – қымыз және ұлттық өнімдер, 700 литр – алкогольсіз сусындар және басқа да әртүрлі азық-түлік, дәрілік заттар әкелген.

Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданынан келген Мирас Серіковтің бірінші күннен саудасы жақсы жүрді. Айтуынша, алып келген бір камаз балының тең жартысы бірінші күні-ақ өтіп кеткен. 

– Жәрмеңке аяқталғанша әкелген балымыз толық сатылып бітеді деп ойлаймын. Себебі Қатонқарағайдың балы мен қымызы – шы­ғыстың ең басты бренді. Бүгін тұрғындар тарапынан әртүрлі сұрақ қойып жатқандар бар. «Қымызға су қостыңыздар ма?», «Балға қант қостыңыздар ма?» деп күмәнданып жатқандар да жетерлік. Бірақ оларға «Бал – біздің бренд. Ешқандай қоспасыз жасаймыз. Барлығы таза табиғи. Біз осы брендімізді ұстап қалғымыз келеді. Сол үшін бізге қоспаның қажеті жоқ» деп жауап беріп жатырмын. Таза еңбекпен келетін өнім», – дейді ол. 

Сондай-ақ ол өңірлердің ауылшаруашылық жәрмеңкесінің қайта жаңғырып жатқаны жақсы жаңалық болғанын жеткізді. Айтуынша, дәл осындай жоба Өскеменнің өзінде де тұрақты өтіп тұрады екен. «Туған ел – алтын бесігім» деп аталатын жәрмеңкеде облыстағы аудандар апта сайын өз өнімдерін ұсынып, өзара сайысқа түседі. Жәрмеңкенің пайдасы да сол, халық өзіне ұнаған табиғи өнімді таңдап ала алады.

Қатонқарағай ауданы Үлкен арын ауылынан келген «Абижанов» жеке кәсіпкерлігінің тұн­балары мен балдарына тұрғындардың сұра­нысы жоғары екенін байқадық. Кәсіпкерліктің өнімін таныстырған Мирас Бекболатұлы тұнбалардың арасында әртүрлі емдік қасиеттерге бай шөптер қолданылғанын айтады. Бұдан бөлек, маралдың қаны мен емдік шөптен жасалған панто­криндерді де сұрап келіп жатқандар көп көрінеді. «Біздің тұнбаларды ішуге де болады. Сондай-ақ балаларға қолданар кезде үстіне жақса да пайдалы. Ешқандай зияны жоқ. Бал­мен айналысып жатқанымызға 10 жыл болды. Ал пантокрин мен тұнбаларды бұрыннан шы­ғарамыз. Балдың келісі 2 500 теңгеден бас­тап, 3 000 теңгеге дейін барады. Үлкен көлеммен алса, жеңілдік жасалады. Сауда жақсы жүріп жатыр. 150 бөтелке тұнба алып келдік. Бірінші күні кешке дейін 130 бөтелке өтті. Ал емділігі жоғары 75 бөтелке балымыздың барлығы бітті. Тағы да алғысы келген тұрғындар үшін тапсырыс арқылы жібере алатынымызды да айтып жа­тырмыз. Өніміміздің өткені бізге де керек. Тұр­ғындардың таза бал жеп, денсаулығын жақ­сартқаны – еңбегіміздің ақталғаны», – деп ағынан жарылды Мирас Бекболатұлы.

Қатонқарағайлық шаруалар жәрмеңкеде жасыл желегі жайқалған жайлаудың жем-шөбін жеп өскен ірі қара мал етін де ұсынып отыр. Мәселен, Айсұлу Меңдешова тоннаға жуық алып жылқы етін әкеліпті. 

– Мұндай жәрмеңкенің ұйымдастырылғаны құба-құп болды. Саудагерлерден қарағанда тұрғындардың игілігі үшін ұйымдастырылып отырған шара болғандықтан баға да нарықтан арзан. Мысалы, жылқы етін 1 800-ден 2 500 теңгеге дейін, сиыр етін 2 200 теңгеден өткізіп жатырмыз, – дейді ол.  Солтүстік Қазақстан облысының шаруалары да сиыр етінің келісін 2 100-ге бағалап отыр. Ал қаладағы ет базарында ірі қара мал етін мұндай бағаға табу қиын. Осының өзі-ақ жәрмеңкенің жұрт үшін жасалып отырғанын байқатады. 

«Жәрмеңкеге үнемі келіп тұрамын. Алматы мен Жетісу облыстарының жәрмеңкесін апорт алмасы, Қызылорданың жәрмеңкесін күріші, Атыраудың балығы, Шығыс Қазақстанды тіл үйірер тәтті балы үшін күтеміз. Әр облыстың өзіне тән бренді болады. Сондықтан мұндай шараны жыл сайын ұйымдастырып тұрғаны көңілге қонымды. Бүгін Катонқарағайдың та­нымал балының бірнеше түрін сатып алдым», – дейді астаналық Күлән Сейсенқызы. Осының өзі де мұндай игілікті шара тұрғын­дардың арзан бағада азық-түлік бағасына қол жет­кізуіне ғана емес, өңір шаруаларының да бә­секелестігін арттыруына ынталандыру болары анық. 

Жадыра МҮСІЛІМ