Green Halls кешенінде өткен ауқымды іс-шарада қатысушы 80-нен астам мемлекеттің өкіліне түрлі қойылымдар, жекпе-жек түрлерінің ерекшелігі жайлы қойылымдар ұсынылды.
Жауынгерлік өнерден дүниежүзілік жарыс басталды
1,087
оқылды

Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Әр-Риядта Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарының ресми ашылуы өтті. Бұл туралы Aikyn.kz сайты Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап хабарлайды.

«Елімізде жекпе-жек түрлері жоғары деңгейде дамып жатыр. Оның үстіне халықтың басым бөлігі аталған спортты тұрақты бақылап отырады. Бокс, дзюдо, каратэ, кикбоксинг пен армрестлингтен ірі жарыстарда ұлттық құрамамыз үздік ондықта жүреді. Сауд Арабиясындағы бұл кешенді жарысқа делегация жақсы дайындықпен келді. Кей спорт түрлерінен әлем чемпионатымен қатар келгеніне қарамастан, бәсекеге қабілетті команда жасақтадық», – деді ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің маманы Келбет Нұрғазина.

 

Бұл ойындарға Қазақстан 9 спорт түрінен 53 атлеттен делегация жасақтап алып келді. Алдағы күндері алғашқы жүлде жиынтығын самбошылар сарапқа салады. Қазір бозкілем шеберлері салмақ өлшеп, ертеңгі жүлде жолындағы жекпе-жектеріне дайындалып жатыр.

«Әлем чемпионатына аз уақыт қалды. Соған қарамастан, осында көптеген салмақта мықты спортшыларды алып келдік. Ерлер мен әйелдер үшін де жеребе жолдас болған жоқ. Жақсы нәтиже көрсетуге шама-шарқымыз жетеді. Атап айтар болсам, жауынгерлік самбода Әділбек Сейісов (64 кг), Асқар Абдулла (98 кг),  ал спорттық самбода Сағыныш Әліпбай (71 кг), Темірлан Көлбай елге жүлдемен оралады деген сенімдеміз», – деді самбодан Ұлттық құраманың бас бапкері Біржан Имақов.

 

Жалпы, Әр-Риядтағы ойындар бағдарламасында 16 спорт түрі бар. Бұл қатардағы дзюдо, таеквондо, күрес, семсерлесу мен бокс Олимпиада санатында. Сондай-ақ айкидо, армрестлинг, джиу-джитсу, каратэ, кендо, кикбоксинг, тай боксы (муай-тай), самбо, сават (француз боксы), сумо мен ушу бар.

Бұл кешенді жарыстың (World Combat Games) тарихы 2010 жылдан бастау алады. Алғаш рет Қытайдың астанасы Бейжіңде 27 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өткен ойындарда спорттың 13 түрінен үздіктер анықталған. Қазақстан делегациясы 9 спорт түрінен 45 атлет апарып, 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медальге ие болған. 

Алтын – Ерлан Тлумбетов (69 кг, джиу-джитсу);

Күміс – Нұрлан Тлумбетов (77 кг, джиу-джитсу), Арман Сансербин (68 кг, самбо), Арман Шылманов (+80 кг, таеквондо);

Қола – Азамат Нұрпейісов (75 кг, кикбоксинг (фулконтакт), Нұрболат Сенгеров (82 кг, муайтай), Жұмагелді Жетпісбаев (70 кг, панкратион).

Одан кейін араға 3 жыл салып кезекті Санкт-Петербург қаласы алып, 15 спорттан 135 жүлде жиынтығының иегерлерін анықтап берген. Елден барған 5 спорт түрінен 20 жекпе-жек шебері 2 қола жүлдеге қол жеткізген. Олар: Тілеуғабыл Аманториев (62 кг, джиу-джитсу), Жансерік Әміржанов (67 кг, муайтай);

Сосын, біршама уақыт бойы кезекті доданы ұйымдастырудың сәті түспеді. Жан-жақты келіссөздерден кейін Тайбэйге сол мүмкіндік берілгенімен, ол да кейінге шегерілді. Ал IV бәсеке 2021 жылы Қазақстанның бас қаласы Астанада өтуге тиіс болған. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты әлем атлеттері бұл сында бақ сынай алған жоқ. 

Бесінші жарысты ұйымдастыруды биыл Сауд Арабиясының Корольдігі өз мойнына алды. 

Осы уақытқа дейін дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында 77 мемлекеттің спортшысы жүлде алған. Қазақстан жалпы есепте 1 алтын, 3 күміс және 5 қола медальмен 37-орынды Гонконг және Сербиямен бөлісіп тұр.