Жобаны Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Түрік тілін үйрену сабақтарының салтанатты басталуы Қазақстан Республикасы күніне және Түркия республикасының 100 жылдығына орайластырылған.
Іс-шараның ашылу салтанатына Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Эурен Мүдеррісоғлу, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы, профессор, доктор Мұхиттин Шімшек, «Alatau Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы, Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, доктор Суат Бейлюр, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты С.Қ. Шілдебай, сондай-ақ БАҚ өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты.
Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Эурен Мүдеррісоғлу қатысушыларды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтай келе:
— Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекет. Содан бері мемлекеттеріміздің бауырластық байланыстары нығайып келеді. Бүгін түбі бір туыс елдер арасында тағы бір маңызды қадам жасалды. Себебі, тіл – халықтарды жақындастырады, жақын танып, терең түсінуге жол ашады, – деді.
Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бэйлүр түрік тілін Түркиядан Алматыға арнайы келген оқытушылар үйрететінін атап өтті. Оның айтуынша, курсты «Alatau Aqparat» медиахолдингінің 20 қызметкері, сондай-ақ Орталық мемлекеттік архивінің қызметкерлері оқиды.
Өз кезегінде «Alatau Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы түрік тілін үйрену — 200 миллиондай халқы бар Түркі әлемінің қақпасын ашуға жақсы мүмкіндік екенін айтты. Жоба нәтижесінде журналистер Түркия және түркітілдес елдеріндегі жетекші БАҚ-та тағылымдамадан өтіп, аталған елдерде ары қарай білімін жетілдіре алады.
Айта кетейік, мамыр айында «Alatau Aqparat» медиахолдингі мен Еуразиялық ғылыми-зерттеу институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Журналистердің тіл оқуы аталған әріптестік құжаты шеңберінде жүзеге асырылды. Түрік тілінің толық курсы 6 деңгейден тұрады. Бір деңгей 80 академиялық сағатқа есептелген. Курс аяқталғаннан кейін қатысушыларға Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті лингвистикалық орталығының арнайы сертификаты беріледі.