Елордадан таяқ тастам ғана қашықта жатқан Целиноград ауданына қарасты Мортық ауылындағы ағайынның жылдан астам уақыт бойы ішкені ірің, жегені желім болып тұр.
Мортықты келіп алғаны...
2,081
оқылды

Дәл түбіндегі ауылмен аттас көлдің жекеменшік иесіне аукцион арқылы сатылып кетуіне наразы болған жұрт жылдан астам уақыт бойы ауыл әкімдігінен бастап, Үкімет басшысына дейін хат жазып, әділдік іздеуде. Алайда ауылдың бар малы мен бау-бақшасын суару мақсатында пайдаланылып келген жалғыз табиғи су көзі енді ауылдың емес, жекеменшік иесінің қолына өтіп кеткен. Түйткілді жағдай еліміздің тиісті заңнамасына да қайшы келетінін айтқан тұрғындардың уәжі өкінішке қарай жүзеге асар емес... 

Целиноград ауданына қарасты Мор­тық ауылы аудан орталығы Ақмол ауылынан небары 25 шақырым ғана қашықта орналасқан. Ауылдың дәл түбіндегі ауылмен аттас – Мортық көлі өрістегі мал мен бау-бақшаны сумен қам­титын жалғыз су көзі. Бар күнкөрісі осы көлмен тығыз байланысты жергілікті тұрғындар Мортықтың маңындағы жайы­лымға малын бағып, отын оттап, қойын құрттап келген.

Көл бар-жоғы 757 мың теңгеге сатылған

Алайда өткен жылдың соңында бол­ған «сауда» ауыл жұрты үшін үлкен соққы болған. Желтоқсан айының тоғызында Мортық көлі аукцион арқылы конкурсқа қойылып сатылып кеткен. Жеңімпаз бар-жоғы 757 257 теңге төлеп көлді тұтастай жекеменшігіне айналды­рып ала қойыпты. Бірақ ауыл халқы тіршілігінің басты көзі болған көлдің аукцион арқылы сатылып кеткенін осы жылдың сәуірінде  бір-ақ білген. 

– Көлдің сатылып кеткенін арада төрт ай өткенде ғана білдік. Ақмола облысының Табиғи ресурстар басқар­масының ресми жауабына қарағанда, конкурс GOSREESTR порталында өт­кен жылдың 9 желтоқсанында өтіп кет­кен. Жеңімпаз «Жүсіпов Серік Төлеу­тайұлы» ЖК аукцион арқылы көлді азғантай ғана ақшаға сатып алған. Кон­курстың ұйымдастырушысы – «Есіл об­лыс­аралық бассейндік балық шаруа­шы­лығы инспекциясы» екен. Бірақ бұл сау­­да жергілікті тұрғындар мен қауым­дастықтың еш келісімінсіз жүзеге асы­рыл­ған болып шықты. Сондықтан бар­лық құзырлы органдарға мәселені кө­­­­­теріп, тиісті шешім шығарылуын та­лап етудеміз, – дейді ауылдың белсенді тұрғыны Талғат Құсдәулетов. 

Ауыл тұрғындары алдымен Цели­­ноград аудандық мәслихатына жүгінген. Болған жағдайға назар аударып мәселені толықтай зерттеген мәслихат депутат­­тары халықтың шағымы жөн деп тауып, Парламент Мәжілісінің депутаттарынан бастап, Үкімет басшысы Әлихан Сма­йыловтың, Экология министрі Ерлан Нысанбаевтың атына хат жазған. Төлқұ­жат жасау жауапкершілігі конкурсты ұйымдастырушы Есіл облысаралық бас­сейндік балық шаруашылығы инс­пек­циясына жүктеліпті. Ұсынылған құ­жат­тар бойынша, су қоймасының төл­құжаты В.Вернадский атындағы үкі­­­­­­мет­тік емес экологиялық қор жасал­ған. Целиноград аудандық мәс­лихаты да көлді сату заңсыз өткен деп санайтынын жеткізді.

– Аккредиттеу туралы куәлікке сәй­кес сараптамалық қорытынды мен су қоймасын тексеру актілерін беруді не­гізсіз деп санаймыз. Яғни, аккредиттеу туралы куәлік балық шаруашылығы су қоймасы төлқұжатын беруге және тек­­­серуді жүзеге асыруға құқық бермейді. Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы аталған Мортық көлінде су қоймасына төлқұжат беру және тексеріс жүргізуге құқық бер­мейтін ұйымның құжаттарын тірке­ген. Мұнымен қоса тиісті нормативтік-құ­қық­тық актілердің талаптары бұзылға­нын көріп отырмыз. Сондықтан Мортық көлі аукционының күшін жою қажет деп санаймыз, – дейді Целиноград аудандық мәслихатының төрайымы Ләззат Қо­нарбаева. 

Мәслихат төрайымының айтуынша, су қоймаларын тапсыру мәселесі қазір ауданның басқа ауылдарының да халқын толғандыра бастаған. Өйткені осы оқи­ғадан кейін мәслихаттың поштасына өзге ауылдардан да толассыз хаттар түсе бастапты. 

– Мәслихат өкілдік орган ретінде ха­лықтың арызында көрсетілгендей, нормативтік-құқықтық актілер талап­тары бұзылғандықтан аталған мәселеден қалыс қала алмайды. Сон­­дықтан аукционның өтуін жарамсыз деп танудан бөлек, аталған мәселе бойынша заңна­­малық нормативтік-құқықтық актілерге тез арада өзгерістер енгізу қажет деп санаймыз. Халықтың арасында әлеумет­­тік шиеленістің алдын алу үшін Қазақ­стан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылдың 19 науры­зын­дағы №18-04/245 бұйрығына өзгерістер енгізу қажет. Сондай-ақ аң аулайтын жерлер мен балық шаруашылығы су қоймаларын бекіту жөніндегі барлық конкурстарға тексерістерді ауылдардың жергілікті қауымдастық өкілдері мен мәслихат депутаттарының қатысуымен өткізу қажет деп санаймыз. Егер тұрғын­дардың бұл шағымы тиісті түрде қара­лып, заңның орындалуы қамтамасыз етілмесе бұл халықтың толқуын туды­рады. Құзырлы министрлік пен Үкі­меттен даулы мәселені шешу үшін арна­йы жұмыс тобын құрып оның құрамында жергілікті ауылдық округ өкілдері қа­тысатын болуы керек. Тексерісті түрлі деңгейдегі депутаттық корпустар мен құқық қорғау органдары және жергілікті қауымдастық өкілдерінің қатысуымен өткізілгенін сұраймыз, – деп толық­тырды Ләззат Қонарбаева. 

Ауылдың жергілікті қауымдастық төрағасы Талғат Құсдәулетов көлдің аукцион арқылы сатылып кетуіне ке­реғар болатын тағы бір заңсыздықтың бетін ашқан. 

Құжат берген қордың ешқандай құқығы жоқ

Маған ұсынылған деректерге қара­ғанда су қоймасының төлқұжаты Вер­надский атындағы үкіметтік емес эко­логиялық қормен жасалған. Бірақ Ре­сейдің астанасы Мәскеу қаласындағы Вернадский қорының бас директоры О.Пляминаның ресми хатында қор Қазақстанның емес, Ресейдің үкіметтік емес қоры екені, ал Қазақстанда тіпті филиалы яки өкілдігі де құрылмаған болып шықты. Сонымен қатар аталған экологиялық қор заңнамаға сәйкес су шаруашылығы қоймасы төлқұжатын беруге тіпті аукцион жүргізуге ешбір құқы­ғы да болмағаны анықталды. Бұл заңнамалық құжаттарда да көрсетілген. Ұсынылған деректер бойынша Мортық көлінің төлқұжаты мен тексеру актісін Ақмола облысының табиғи ресурстар басқармасына «Астана Финанс Групп» ЖШС-мен берген. Бұл компания да ресми мәліметтер бойынша су нысан­дарына ғылыми негіздеме беруге еш­қандай қатысы болмай шықты. Өйткені компания жекеменшік күзет қызметімен айналысады. Тиісінше Ақмола облы­сының көлдерге аукцион өткізуге бай­ланысты қалай заңдас­тырғаны түсініксіз болып тұр. Сондықтан Ақмола облысы көлдеріне аукцион өткізумен байланыс­ты барлық мәселелер бойынша тексеріс­тер мен жауапкершілікке тарту бойынша барлық шараларды қабылдау қажет деп санаймыз, – дейді Талғат Құсдәулетов. 

Осы жылдың 4 қазанында Мортық ауылының тұрғындары жиын өткізіп қорытындысы бойынша Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына да хат жазған. Тұрғындар сонымен қатар Экология министрлігінің 2022 жылдың 24 мамырындағы бұйрығына сәйкес бұл жерде жемқорлықтың болу ықтимал­дығын да жасырмады. 

Қор жекеменшікке сатылған жоқ

Біз мәселені одан әрі анықтау мақ­­сатында Экология министрлігіне жү­гіндік. Министрлік Ақмола облысы Целиноград ауданы Мортық ауылының көлі сатылмағанын, тек балық шаруа­шылығын жүргізу құқығы ғана берілгенін мәлім етті. 

– Мортық көлі жекеменшікке сатыл­ған жоқ, балық шаруашылығын жүргізу құқығына ғана берілді. Мортық ауылы­ның жергілікті тұрғындары талап ет­кендей, конкурс қағидасымен су айды­нын бекіту кезінде жергілікті қоғаммен келісу рәсімдері қарастырылмаған. Сонымен қатар, 2023 жылдың 31 ма­мырында Мортық көлін бекіту  бойынша аудандық мәслихат депутаттары, Ақмола облысының табиғи ресурстар және таби­ғатты пайдалануды реттеу басқарма­сының өкілі, Инспекция басшысы Н. Кауа­­­шев Мортық ауылына барып тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұ­мысын өткізді. Кездесуде су айдынын жалға алушы Жүсіпов Серік Төлетай­ұлыда қатысты. Бүгінде аталған Су ай­дыны қоршалмаған, жалға алушымен жергілікті тұрғындардың малдарын суа­руға ешқандай тыйым салу орнатылмаған және орнату мүмкін емес. Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңына сәйкес балық шаруа­шылығы су айдынын және (немесе) учаскесін бекітіп беру балық шаруа­шылығы су айдынына және (немесе) учас­кесіне жатқызылған су обьектісінде немесе оның бір бөлігінде балық шаруашы­лығын жүргізу құқығын бүкіл су обьектісін пайдалану құқығынсыз беру, осыған байланысты балық шаруа­­шылығының субъектісі балық ресурс­тарын өсіру және сату бөлігінде ғана пайдалануға құқылы. Жалға алушы жер­гілікті тұрғындарға қармақпен әуес­қой балық аулауға ешқандай шектеу қо­йып отырған жоқ. Көлді пайдаланушы шарт­тың міндеттерін орындап отыр. Бүгінде балық шаруашылығын жүргізу шартын бұзу үшін негіз жоқ, – делінген Экология министрлігінің ресми хабар­ламасында.  

 

P.S. 

Сонымен, әзірге даулы мәселенің соңғы нүктесі қойылған жоқ. Тиісті құзырлы мекемелер заңнаманың сақталуын қамтамасыз етіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет деген ойдамыз. Бұл орайда расында да арнайы тексеріс жүргізіліп, заңның солқылдақтығын теріс жолда пайдалану мүмкіндіктері бар нормативтік-құқықтық актілер оң бағытта өзгерістер енгізуді де қарастырған жөн сияқты... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы