Осынау еркіндікке қол жеткізуде Алаш зиялыларының танытқан ерлігін әсте ұмытуға болмайды. Республика күнінің қарсаңында тарих ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Мәмбет Қойгелді ағамызбен сұхбат құрған едік. Ол Алаш қозғалысына қатысты біршама мәселенің басын қайырып, қоғамда болып жатқан процестерді тәптіштеп баяндап берді. Сондай-ақ заман ағымына ілескен жаңа көзқарасты қалыптастыруда өз ұсыныстарын тізбелеп өтті.
– Биыл елімізде Республика күнін ұлттық мереке ретінде екінші рет атап өтпекпіз. Керегемізді бекемдеп, өзгелермен терезесі теңескен тәуелсіз мемлекет құрғанымызға 30 жылдан аса уақыт өтті. Осы уақытта нені еңсердік? Қазақстанның жаңа тарихи кезеңін қалыптастыра алдық па?
– Қазіргі ғылымдағы есеп бойынша 30 жыл деген – бір буынның өмірі. Ол енді аз уақыт емес. Өмірге келген бір буын атқа қонды деген сөз. Қазақта «Қу шөппен аузыңды сүртпе» деген сөз бар. Байқап отырсақ, 30 жылда біраз жұмыс атқарылды. Мемлекеттік жүйеміз қалыптасты, оның өзі аз жұмыс емес. Одан кейін сол жүйенің белгілі бір дәрежеде ұстанымы қалыптасты. Мемлекеттік жүйе елдің мүддесіне жұмыс істеуде. Мемлекет деген – қорғаныш, сүйеніш. Халық өзінің мемлекеттілігі бар ұлт екенін сезіне бастады. Әлемде мемлекеттілігі жоқ ұлттар да бар. Шүкір, біз мемлекетті ұлт қатарына қосылдық. Ең алдымен 30 жылдың ішінде халық санасында үлкен өзгерістер болып өтті. Үлкен өзгерістер өз тарихына тереңінен бойлап ену арқылы жүрмек. Халықтың тарихи танымы, санасы, тарихи жады өзгере бастады. Тарихтың таным құралы ретінде негізгі көздеген мүддесі – адамдарға өз Отаны бар екенін сезіндіру. Осы тұрғыда меніңше өзгеріс бар. Оны үлкен де, кіші де сезінеді деп ойлаймын. Сондай-ақ білім жүйесінде оқу бағдарламалары өзгерді. Бізде қазір тарихты оқыту процесі маркстік-лениндік көзқарасқа негізделмейді. Тарихты оқытуда ұлттық, адами, жалпыадамзаттық құндылықтар басымдық алуда. Абайдың: «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген ұлы сөзі бар. Абайдың осы бір пікірі тарихты оқытуда негізге алуға лайық. Бұдан әрине, мақсат – әлем азаматын тәрбиелеу деген ұғым шықпайды. Әлем азаматы – абстрактілі ұғым. Әрбір ағаштың тамыры болған сияқты, әрбір азаматтың да тамыры болуға тиіс. Тамыр ол – адамның Отаны, жері, көк аспаны. Сонда ғана адам өзін толыққанды азамат ретінде сезінеді. Бұрын Советтік кезеңде бізді оқытқанда: «Сенің тарихың 1917 жылғы Қазан революциясынан басталады», – деп үйрететін. Одан арғы тарихың – күнкөріс қамы ғана. Қазір мұндай ұстанымнан арылдық. Күре тарихы бар елміз. Түбіміз сонау көне Түркі заманынан, Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін жазулары өмірге келген кезеңдерден бастау алады. Біз сол тасқа бедерленген рухани құндылықтардың мұрагеріміз.
Қоғам үшін күрес алаңы – Парламент
– Мен aiqyn, turkistan, «Алматы ақшамы» газеттерін оқимын. Бұл басылымдар мазмұндық, сапалық тұрғыда өзгеріп келе жатыр. Бұл – жақсы нышан. Газеттер өмірге жақындап келеді. Халықтың күткені – осы. Газет халыққа жақын болуға тиіс. Бүгінгі заман сұранысына лайық, өмірлік мәселелерді көтергені жөн. Сонда ғана газет пайдалы болады. Осы газеттерді оқып отырып байқағаным – Парламенттің атқарған қызметтері жайлы ақпарат бере бастады. Бұл мен сияқты қарапайым оқырманға пайдалы. Парламенттік қызметті қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Парламентке жаңа буын, тың дауысты адамдар келе бастады. Мәселен, Ринат Зайытов жайлы сан түрлі пікір айтылуы мүмкін. Біреу мақтайды, біреу даттайды. Кейде оның сөзінде асыра сілтеу болуы да мүмкін. Бірақ оқырман ретінде Ринат Зайытов арқылы нені байқадым? Парламентте халықтың бүгінгі мәселелері қозғалып жатыр. Билік мұндай диалогтің нәтижесінде халықтың өмірімен, ағымдағы мәселелерімен бетпе-бет келуде. Тіпті, мұны Отан үшін, қоғамды өзгерту үшін күрес деп айтуға болады. Біз бәрі жақсы, керемет деп отырсақ ешқандай өзгеріс көрмейміз. Күрес болған жерде өсу, даму бар. Ал қоғам үшін күрес алаңы – Парламент. aiqyn, turkistan газеттері осы процесті көрсетуге барынша әрекет жасап отыр. Кезінде Мұхтар Әуезовтің «жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деген сөзі бар еді. Парламентке тың дауыстың келуімен бойымызда жаңа жыл келгендей сезім пайда болды.
«Отан» деген ұғымды түсініп, түйсіну деген дүние бар. Әсіресе, бұл жастар үшін маңызды. Мәселен, өткен ХХ ғасырдағы алаштық буында «Отан» деген ұғым олардың қызметінде, әрекетінде көрініс тапты. Бүтін бір буын түгелдей Отан үшін күресте құрбан болды. Алаштық буын зиялылардан ғана тұрмайды. Ол – қате түсінік. Алаштықтар – ұлттың бүтін бір буыны. Оның ішінде зиялылар да, байы да, кедейі де, жасы мен кәрісі де бар. Алаш деген – кең ұғым. Бұл сөз қазақ ұлт-азаттық қозғалысы деген мағынаны береді. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысына зиялы қауым өкілдері ғана емес, ұлттық санасы бар, ұрпақ алдында жауапкершілікті сезінген азаматтар атсалысты. Оның ішіне барлық әлеуметтік топтың өкілдері кіреді. «Алаш» әскері құрылды. Сапқа қосылған жігіттер өкіметтің жарлығымен емес, азаматтық борышын өтеуге, Отанын қорғауға барды. Олар майдан даласында осы мақсат жолында құрбан болды. Құпия полиция Алаш полкінде болған азаматтарды тіркеуге алды. Кейін 1929-1931 жылдары Қазақстанда Совет үкіметінің реформасына қарсы халық көтерілісі болды. Сонда Алаш әскерінің құрамында жүріп Совет үкіметіне қарсы шыққан жігіттердің біразы ұсталды. Мысалы, Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданында Алаш әскерінің құрамында болған 110-ға жуық азамат ұсталып, сотталып, біразы ату жазасына кесілді. Біздің ұлттық мемлекеттігіміз бен азаттығымыз үшін күрескен азаматтарды осындай маңызды күндері еске алып, есімдеріне құрмет көрсетуіміз парыз. Отан үшін құрбан болған бірде-бір жан ұмытылмауға тиіс. Біз сонда ғана әділетті қоғамға айналамыз. «Жаңа Қазақстанның» деңгейіне өтеміз. Ерлік танытқан әрбір азамат жадымызда сақталса, шын мәнінде біз тәуелсіз, еркін ойлайтын елге айналамыз. Осыған байланысты тағы бір мәселе туындайды. Советтік кезеңде санамызға мектеп пен жоғары оқу орнының білім беру бағдарламалары арқылы Отан туралы басқа түсінік қалыптастырылды. «Мой адрес не дом и не улица. Мой адрес – Советский Союз», – дейтін еді. Ол заман тарихқа кетті. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Бір ақынның айтқан сөзі бар: «Жоғарыға қарасам – Отанымның көк аспанын, төменге қарасам – туған жерімді көремін!» деген. Әр азаматтың өз жерінде осындай күйді сезінуі ғажап емес пе?!
– Ал жаңа көзқарасты жас буынның санасына қалай қалыптастырамыз? Неден бастауымыз керек?
–Ең алдымен мектеп оқулықтарынан бастаған жөн. Жаңа көзқарасты балабақшадан, мектеп оқулықтарынан қалыптастыру маңызды. Осы сұранысқа жауап беретін энциклопедиялық басылымдар болғаны абзал. Оқу процесінде қолданысқа түсетін энциклопедияларда Отан, Ел, Жұрт, Атамекен, Мемлекет деген іргелі ұғымдар туралы жаңа түсініктегі анықтамалар берілуі тиіс. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның азаматы Отаны, мемлекеттілігі, туған жері, Атамекені туралы нені білуге тиіс? «Атамекен» деген сөз қандай элементтерден тұрады? Міне, осыны жас азаматтың санасына құю қажет. Ал қазіргі қолданыстағы көптомдық энциклопедияларда Отан, Атамекен, туған жер туралы таптаурын болған ескі түсініктер жүр.
Біз қазір Алаш идеясымен қайта табысып жатырмыз
– Алаш арыстары жөнінде жетік хабары бар тарихшылардың бірісіз. Қазір қоғамда Алаш өкілдеріне қатысты тақырыптар жиі қаузалып жүр. Аға, Алаш қозғалысы неден бастау алды? Кеңестік жүйенің Алаш өкілдеріне көзқарасына қалай баға берер едіңіз?
– «Алаш» сөзінің бастапқы ұғымы «қазақ» дегенді білдіреді. Қазақтың екі аты болған. XIV–XV ғасырда қазақ өзін «Алаш» деп атады. Кейін өзбек ұлысынан бөлініп шыққан тұста «қазақ» деген атау қосылды. «Қазақ» деген көршілерден таңылған ат. «Алаш» – қазақтың өз-өзіне берген аты. Сондықтан Алаш қозғалысы – қазақ қозғалысы деген сөз. Қазақ халқының өз азаттығы, мемлекеттілігі, тәуелсіздігі үшін жүргізген күресі. Ал Советтік тарихнамада, соңғы жылдарға дейін жазылған еңбектерде Алаш – қазақтың оқығандарының, көзі ашық зиялыларының қозғалысы деген түсінік берілетін. Шын мәнінде, олай емес. Алаш – қазақ халқының барлық әлеуметтік тобы атсалысқан ұлт-азаттық қозғалыс. Кеңестік идеология оны теріске шығарды. Екі тараптың ұстанымы бір-біріне сәйкес келмеді. Совет үкіметі империялық ұстанымда болса, Алаш зиялылары ұлттық мемлекеттілікті құруды көздеді. Екеуінің айырмашылығы бар. Совет үкіметі дәулетті әлеуметтік топтарды жоюды мақсат тұтты. Ал алаштықтар бұл ұстанымға қарсы шықты. Олар: «Біз тұтас ұлтпыз. Тұтас елміз. Бізге ең алдымен керегі – байларға қарсы күрес емес, ұлттық мемлекет құру», – деді. Иә, бізге керегі ұлттық мемлекеттілігімізді жаңғырту, заман сұранысына лайық жаңа тұрпаттағы, жаңа мазмұндағы мемлекет құру. Уақыт большевиктердің ұстанымында үлкен қателік болғанын көрсетті. Большевиктер қазақ халқының ұлттық мүддесін мойындамағанын, түпкілікті мәселелерді тура шеше алмағанын дәлелдеді. Соның нәтижесінде Совет үкіметі тарих қоқысына кетті. Біз қазір Алаш идеясымен қайта табысып жатырмыз.
– Осыдан бірер жыл бұрын кейбір тарихшылар «Егер Қазан төңкерісі болмаса, кеңес билігі болмаса, Қазақстан Ауғанстан деңгейінде қалар еді» деген пікір білдірген еді. Бұл айтылған деректер шындыққа қайшы келмей ме? Ұлттың жоғын жоқтаған Алаш арыстарының ісімен қандай сабақтастығы бар?
– Алматыда Алаш қозғалысының 100 жылдық мерейтойына орай конференция болып өткен еді. Конференцияда сөз алған кейбір азаматтар жоғарыда айтқан пікірді білдірді. Елде Совет үкіметі орнамағанда қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени деңгейі Ауғанстанның дәрежесінде қалар еді деген уәж айтты. Мен айтылған пікірге орыс тіліндегі көлемді мақаламмен жауап бердім. Бұл – қазақ тарихын білмегендіктің, Алаш мұрасының тарихымен таныс емес екенінің көрінісі. Алаш бағдарламасынан жетік хабары жоқ, дереккөздерді оқымаған кісінің жасаған тұжырымы. Әйтпесе, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы сияқты Алаш азаматтарының еңбектерін оқыған кісі олардың қандай ұстанымда болғанын, көздеген түпкі мақсатын түсінер еді. Алаш билігі – балама құбылыс. Алаштықтар Совет үкіметіне балама мемлекеттілікті ұсынды. Менің түсінігімше, Совет үкіметі – лигитимді (заңды) үкімет емес. Қазақстанға Совет үкіметі референдум өткізу арқылы орнаған жоқ. Сондықтан Совет үкіметі қоғам ісін басқаруда үлкен ағаттықтарға ұрынды. Кемшіліктер көзге көріне бастады. Соның нәтижесінде қазақтардың жартысына жуығы 1928-1933 жылдары қырылып қалды. Бірінші буын, екінші буын саяси басқарушы топ репрессия құрбандарына айналды. Қазақ халқы сол жылдары саяси басқарушысыз қалды.
Ұлттың сандық және сапалық тұрғыдан кеміп кетуі – Совет үкіметінің
жағымсыз қызметінің нәтижесі
– Егер Алаш үкіметінің билігі салтанат құрғанда жағдай қалай болар еді?
– Алаштың ұстанымы орнаған уақытта мүлдем басқа арнада дамитын едік. Қазақ халқы жағымды өзгерістерді бастан кешірер еді. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлт зиялылары қателесуі мүмкін. Бірақ олар өз халқының мүддесін ешқашан сатпайды» деген. Меніңше, дұрыс айтылған тұжырым. Ал енді практика нені көрсетті? Советтік биліктің қазақ халқына қаншама қиянат жасағанын, нәтижесінде қазақтардың сан мен сапа жағынан кеміп кеткенін көрсетті. Совет үкіметі құрылуының қарсаңында біз 6 миллионның үстіндегі халық болдық. Көрші өзбек халқы 3,5 миллионнан асты. Қазір өзбектер шамамен 35 миллион халық. Қазақтар өз елінде шамамен 14 миллион. Бұл – сан жағынан қарқынды түрде өспегеніміздің көрсеткіші. Бұл – Совет үкіметінің жағымсыз қызметінің нәтижесі. Сапа жағынан да осыған ұқсас жағдай. Қазақстан қоғамы экономикалық, технологиялық тұрғыда еркін дамығанда, әлеуеті мен табиғи ресурстарын өз мүддесіне пайдаланғанда экономикалық, мәдени, құқықтық даму қарқынымыз мүлдем басқаша болар еді. Оң нәтижеге қол жеткізе алар едік. Сондықтан мемлекеттілік – өте қымбат. Оның қадіріне жетіп, бағалай білуіміз керек.
Қазір жалған тарихшысымақтар пайда болды
– Тарихшылар арасында Алаш көсемдерінің дін мәселесі жиі талқыға салынып жүр. Әлихан Бөкейхановтың өсиет сөздерін өрескел бұрмалап, ұлт көсемін діншіл етіп көрсеткендер де жоқ емес. Бұл мәселенің артында діни секта өкілдерінің ізі тұрған жоқ па? Көтерілген мәселенің мақсаты – шындыққа қол жеткізуге ұмтылу ма, әлде ұйып отырған халықтың арасына салынған арандатушылықтың көрінісі ме?
–Мына нәрсеге көңіл аударғым келеді. Қазір жалған тарихшылар пайда болды. Бұл жақсы үрдіс емес. Мен кейбір азаматтардың қазақ тарихын насихаттағанына, тіпті зерттеуіне қарсы емеспін. Бірақ тарихты бұрмалауға болмайды. Оған ешкімнің хақы жоқ. Қандай белсенді, көріпкел болсын, оған ұлттық тарихты бұрмалауға ешкім құқық берген жоқ. Тарихи тұлғаларды бір-біріне қарсы қойып жатады. Оның қисыны бар ма, жоқ па, оған қарамайды. Мұның артында таза рулық, жүздік мүдде жатыр. Мысалы, Тұрар Рысқұлов Алашты, ұлтты сатты дейтін азамат бар. Бұл тарихи фактіні білмейтін адамның сөзі. Бұл деген – тағылық, надандық қой. Алдымен тарихи тұлғаның қызметін егжей-тегжейлі түсініп алу парыз. Оңды-солды жала жабу – ағаттық. Тұрар Рысқұлов – ұлтқа ең жоғары деңгейде қызмет жасаған адам. Т. Рысқұлов – Отанды сүюдің үлгісін көрсеткен тұлға. Сол секілді бұл ойдың Сәкен Сейфуллин тұлғасына да қатысы бар. Оның қызметінде қайшылықтар болуы мүмкін. Менікі ғана тура деу – қате. Кейінгі сауатты ұрпақ өзі-ақ ажыратып алады. Тарихи тұлғаларға оңды-солды тас лақтыратын «тарихшысымақтар» бар. Ол білімділікке жатпайды.
Ғылымға сүйенген фильмдерден жақсы нәтиже шығады
– Бүгінде Алаш көсемдерінің өмірі мен ел азаттығы үшін қосқан үлесін экран арқылы халыққа ұсыну үрдісі жанданып келе жатқан сияқты. Солардың бірі таяуда ғана прокаттан түскен – «Оян, қазақ!» фильмі. Фильмде Алаш көсемдерінің болмысы ашылып, сол замандағы Кеңес үкіметінің ақиқаты қамтылды деп ойлайсыз ба?
– Мен теледидардан фильмнің кейбір бөлімін көрдім. Бірақ прокатқа шыққан нұсқасын көрген жоқпын. Елдің фильм жайлы жақсы пікірде екенін білемін. Дәл осындай сауатты фильмдердің экранға шығуын қолдаймын. Киноиндустрияда Алаш идеясын, оның ішкі сырларын ашып көрсете алатын фильмдердің болғаны жақсы. Әсіресе, жастар үшін. Бұл Алаш тарихын экранға шығарудың алғашқы қадамдары ғой. Дегенмен қоюшы режиссерлерге, сценаристерге бір нәрсе жетіспей жатады. Олар ғылымға, зерттеу жұмыстарында жасалған тұжырымдарға сүйенуге тиіс. Қажет болса, сол режиссерлер мен сценаристер мұрағатқа барсын. Тарихи құжаттармен танысып, зерттесін. Ғылымға сүйенген, ғылыми тұжырымдарға негізделген көркем фильмдерден жақсы нәтиже шығады деп ойлаймын. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлына қатысты фильмді көрдім. «Оян, қазақ» та жақсы деңгейде қойылған. Бірақ біз әлі де Алаш идеясы мен олардың негізгі мақсат-мұратын ашатын фильмдер, спектакльдер қоюға құлшыныс жасауымыз керек. Көпшіліктің талғамына ермей, керісінше халықтың талғамын көтеруге ден қою абзал.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ