Әлеуметті қолдау белсенді жүзеге асып жатыр

Шымкент қаласы «Еңбек мо­бильділігі» орталығы 60-тан астам жұ­мыс берушінің сұратуы бойынша 1 671 жұ­мыссыз азаматты оқу орталық­тарында тегін қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өткізуде. 23 оқу ұйымы оларға 3 ай бойы білім беріп, техникалық және кәсіптік сала мамандықтарына даяр­лайды.

Оқу сәтті аяқталған соң бітіру­шілерге сертификат табысталып, ке­мінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына орналасады. Бұл туралы Шым­кент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқар­масының баспасөз хатшысы Сәуле Алжанбаева атап өтті. 

Тігіншілерге сұраныс көп

Мәселен, «Профессионал» оқу ор­талығында бүгінде 147 адам түрлі мамандықтар бойынша кәсіптік білім алып жүр. Аптасына 6 күн, 4 сағаттан оқытады. Былтыр аталмыш оқу ұйымы 104 адамды оқытып, жұмыспен қамтыған. Қазір осында шаштараз кәсібін үйреніп жүрген Маржан Нұрмахан білім алып, шеберлігін шыңдаған соң, жеке әсемдік салонын ашқысы келетінін айтады. 

Шәкірт оқытып жатқан мекемелердің бірі – Danico тігін цехы. Шеберхананың білім беру ұйымында қазіргі таңда 50-ге жуық қыз-келіншек киім пішіп, тігуді үйренуде. 

– Шеберханамыздың жұмыс істегеніне үш жылдан асты. Нарықта тауарларымыз үлкен сұранысқа ие. Негізінен, балалар мен жүкті әйелдерге арналған киімдерді тігеміз, балалар арбаларына арналған төсеніш пен жастықтарды дайындаймыз. Жұмыс көп. Тігіншілер өте қажет. Сол себепті өзімізде оқы­тып, жұмысқа қабылдағалы отырмыз,– дейді Danico тегін цехының оқытушысы Зәуре Алиева. 

Жалпы, қысқамерзімді кәсіптік оқыту «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жыл­дарға арналған ұлттық жобасы» аясында жүзеге асырылуда. Мекемелерден көбінесе техникалық және кәсіптік сала мамандарына сұраныс көп түскен. Еңбек нарығында әсіресе автомобиль жөндеу – дәнекерлеушісі, байланыс желілерінің электриктері, жол-құрылыс көлігінің машинисі, кеңбейінді құрылыс жұмыстарының шебері мен компью­тер және аппаратық құралдарының опе­раторы, кәсіби шаштараз және тігінші, көкөніс өсіруші мен мерчендайзарлер секілді мамандық иелерінің тапшылығы байқалады. 

Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің мүгедек­тігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың же­ке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қа­бі­леттілігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет. Бі­лім алушыларға сондай-ақ ай сайын 20 948 теңге шәкіртақы мен 2 АЕК, яғни 6 900 тең­ге­ден бір реттік материалды көмек төленеді.

Сала мамандарының айтуынша, қысқа­мер­зімді кәсіптік оқыту онлайн платформа ар­­қылы да жүзеге асырылады. https://skills.enbek.kz/ сайты арқылы бүгінгі таңға 2 жарым мың­нан астам азамат онлайн білім алған.

Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау – басты назарда

Бүгінде Шымкент қаласында 40 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады. Оның ішінде 8 мыңға жуығы – 18 жасқа дейінгі балалар. Оларды әлеуметтік қолдау және өмір сүру сапасын жақсарту басқармасының басты міндеттерінің бірі саналады. Басқарманың баспасөз хатшысы Сәуле Алжанбаева бұл тұрғыда Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың белсенді жұмысын атап өтті. 

Жалпы, Шымкент қаласы бойынша жыл басынан бері әлеуметтік портал арқылы түскен өтініштерге сәйкес 28 мыңнан астам адам протездік-ортопедиялық көмек құ­ралдарымен, сурдотехникалық, тифло­тех­никалық, гигиеналық құралдармен және мүгедектерге арналған қол арба құралдары, жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметі, шипажайларға тегін жолдамалармен қамтылды. Сондай-ақ мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» көліктеріне 625 өтінім қабылданып, қызмет көрсетілуде.

Әлеуметтік кодексті іске асыру аясын­да да мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қол­­дау шаралары айтарлықтай күшей­тіл­ген. 

Мәселен, осы жылдың 1 шілдесінен бас­тап мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге о­тбасы мүшелерін тарту қарас­тырылған. Мүгедектігі бар адамдардың туыстары жеке көмекші ретінде рәсімделе алады және олар тиісті еңбекақы мен әлеуметтік аударым­дар­мен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар Әлеуметтік кодекс шең­бе­рінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеу­меттік қызметтер порталының мүм­кін­дік­тері артуда. Мәселен, қолданба арқылы аза­м­аттар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен уақытылы жеткізілмегеніне шағым беру­ге құқылы.

«Бәріміз бірдейміз – ажырамас іргеміз» атты мерекелік іс-шараны ұйымдастырушы «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында ерек­ше жандарға үздіксіз көмек көрсетіліп, бағыт – бағдар беріледі. 

Ал тимбилдинг форматында өткен жарыс­қа тірек-қимыл аппараты бұзылған, зағип және есту мүшелері зақымданған 70-ке жуық мүгедектігі бар азамат қатысқан. Ойыншылар шахмат, шашка және тоғыз­құмалақ сынды спорт түрлерінен жарысты. Әрқайсысының спорт­қа деген ынта-қызы­ғушылығы орасан. Қа­тысушылар арасында Шымкент қала­сы­ның нөмірі 19-шы мүге­дектігі бар адамдарға ар­налған спорт мекте­бінің спортшылары да бол­ды. Мақсат – ерекше жандардың бел­сенділігін арттырып, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету. 

Спорттық сайыс «Сізбен біз біргеміз» Қо­ғам­дық бірлестігінің төрағасы Әскербек Ос­па­новтың бастамасымен өткізілген. Ұйым­дас­тырушыға Шымкент қаласы жұмыспен қам­ту және әлеуметтік қорғау басқармасына қа­расты «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орта­лығы мен Шымкент қаласы спорт бас­қар­масы қолдау білдірген. 

Мемлекеттің ауқымды міндетінің бірі — ха­лықтың барлық санаттарына әлеуметтік қам­қорлық көрсету, яғни әлеуметтік қорғау. Бұл тұрғыда үшінші мегаполисте соңғы жыл­дары елеулі жұмыстардың атқарылып жат­қанын атап өтуге болады. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы