Тәуелсіздік тарихына сәл шегініс жасайтын болсақ, 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің шешімімен «ҚазКСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның Тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат еді. Декларация пәрменімен еліміздің іргетасы қаланды, шекара шегенделіп, ішкі-сыртқы саясат бағамдалды. Тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және жерімізді мекен ететін басқа да этнос өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін қайта түлету, ұлттық болмысты нығайту сияқты мемлекеттік қағидалар бекітілді. Декларацияның арқасында өз әскерімізді, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына қол жеткіздік.
1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда тұрақты түрде мемлекеттік мереке ретінде тойлана бастады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет мемлекеттік мереке болып жарияланды. Халқымыз бұл айтулы мерекені 17 жыл бойы үздіксіз тойлап келген еді. Бірақ соңғы 13 жыл бойы тойланбады. 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267-ІІ заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Республика күні мәртебесінен айырылды. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан себепсізден себепсіз мүлде алынып тасталды.
Былтыр Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Республика күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында: «Енді бұл мейрамды күллі ел болып, жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», – деді.
Биыл Астанада мереке күніне орай түрлі іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Кеше «Достық үйінде» «Республика күні – Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына Парламент Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы Тілеген Садықов, Астана қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Гаипов, тарих ғылымдарының докторы Алима Ауанасова, Астана қаласы Ішкі саясат басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов және басқа да мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Конференцияның мақсаты – Республика күні мерекесінің негізі – 1990 жылы қазан айының 25-і күні қабылданған «ҚазКСР-нің мемлекеттік егемендігі» туралы декларацияның мәні мен мазмұнын, еліміздің тәуелсіздігі жолындағы орны мен ерекшеліктерін ғылыми негізде нақтылап, өскелең ұрпаққа насихаттау, жеткізу.
«Мерекені тек концерттік науқан ретінде емес, ұлттық мерекенің символикалық тұрғыда еліміздегі әрбір отбасының сезінуіне, әрбіріміздің жүрегімізге жетуіне ықпал ету, атап өтудің бір формаларын айқындау бойынша осындай алаң құрылып отыр. Тәуелсіздік құрдастары қазір қоғамымыздың алдыңғы қатарына шығып, елге қызмет ете бастады. Ертең елдіктің мемлекеттік позициясымен шығатын ұрпақ – ол бүгінгі жастар. Сондықтан оларды қазірден бастап тәрбиелеуіміз керек», – деді Парламент Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев.
Конференция барысында 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Тәуелсіздік пен мемлекеттің Егемендігі туралы» заң мен 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «ҚазКСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация екеуінің бірін-бірі толықтырып, заңды, қуатты құжат ретінде қазақ елінің елдігін нығайта түскені туралы айтылды. Сонымен қатар Ата Заңымыз – Конституция негізінде демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекет ретінде қалыптасуының тарихи белестері мен саяси-экономикалық, ұлттық бірегейлік пен этносаралық мәдениет және ырыс-ынтымақ, толеранттылық, бейбітшілік ұстанымдары талқылау тақырыбына айналды. Ал Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Гаипов:
«Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен үлкен дөңгелек үстел өтіп жатыр. Шынында да, ойлап қарасақ, декларация егемендігіміздің жаршысы және бастауы болды. Ол тек 17 бөлімнен тұрды. Соған қарамастан егемендігіміздің негізін қалап берді. Себебі декларация Қазақстанның рәміздері туралы, оның территориялық біртұтастығы және билік институттары туралы нақты шешімдер қабылданған болатын. Сондықтан келешек ұрпаққа ұлттық мереке – Республика мерекесінің тарихи маңызын түсіндіру, жастарға ой салу керек», – деді.
Жиын күн тәртібі қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін талқылау бойынша қарар қабылдаумен аяқталды.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ