Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бахтиёр Зайнутдинов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бахтиёр Зайнутдинов 1998 жылдың 2 сәуірінде дүниеге келген.
Қазақстандық футболшы биыл 18 тамызда Түркияның «Бешікташ» футбол клубымен келісімшартқа қол қойды. Ол 2027 жылдың 30 маусымына дейін командада ойнайды. Осыған дейін қазақстандық «Тараз», «Астана», Ресейдің «Ростов» және ЦСКА командасының намысын қорғады.
Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бахтиёр Зайнутдинов «Бешікташтың» жазғы кезеңдегі ең қымбат трансфері болып, рекорд орнатқан болатын.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары Асхат Тағыберген мен Максим Самородов та «Ерен еңбегі үшін» медаліне лайық деп танылды.