Түркістан – дәуірдің киелі аманаты
Түркістан – дәуірдің киелі аманаты
417
оқылды
Қадірменді оқырман. Бүгін біз түркі жұртының қара шаңырағы саналатын Түркістан өңіріне байланысты елдегі зиялы қауымнан жиналған пікірлер легін сіздің назарға ұсынып отырмыз. Дәуірдің киелі аманаты болған өңір һақында ел алдындағы азаматтардың көңіл хатын оқимыз десеңіз, мархаббат.   Қадыр Жүсіп, филология ғылымдарының докторы, профессор, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры:  Түркістан әлем мақтанышына айналады  Құрметті оқырман! Дүниеге келгеннен бәріміздің мақтанышымыз, қол жетпес арманымыз – Алматы деп айтатынбыз да, осы қазақ жерінің астанасына  жетуге тырысатынбыз. Әрине, Алматы өте әдемі қала, гүлді қала, таулы қала! Алатаудың әсем көрінісінің өзі неге тұрады? Қазіргі кезде, жиырма шақты жылдан бері жаңа бас шаһарымыз бар. Ол – Нұр-Сұлтан қаласы. Алматы – бүкіл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің алтын тәжі болса, Нұр-Сұлтан – саяси орталығымыз. Қазір алуан түрлі мәселелер бойынша – Нұр-Сұлтанға елеңдейміз. Бұл қалалар біздің назарымыздан бір сәт тыс қалмайтыны белгілі. Алайда, біз имандылық жолының, бүкіл түркі дүниесінің орталығы болған Түркістан қаласына жүзімізді бұруымыздың кемшін екендігін жасырмауымыз керек. Екінші  қатарға қалдырған Түркістан бүкіл Түркі дүниесінің мақтанышына айналған ең қасиетті жер екенін ұмытпауымыз керек. Себебі ең бастысы – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бүкіл рухымыздың бас тұрағы. Мұнда хандарымыз бен ұлы ғұламаларымыздың мүрделері жатыр. Бүкіл дүние жүзі түркі тектес бауырларымыз қазір жүздерін Түркістанға бұруда. Талай замандар бойына ұлылар осы қасиетті орталыққа бас иген. Бір ғана мысал: бұл жерді қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов ғылыми еңбектерінде атап өткен болса, Абайдың ұлы Әбдірахман да Түркістанға білім, ілім іздеп келген екен. Абайдың «Жиырма жеті жасымда» деген өлеңінде мынадай жолдар бар: Қырым, Кавказ, Түркістан, Ресей, Сібір қалмады. Хабарласып әр тұстан Көрмей дамыл  алмады. Бұл Абайдың ұлы Әбдірахманға арнаған өлеңі. Мұнда Әбдірахманның көп жердің хабарын жақсы білгендігін, тіпті Түркістан жайында да көп мағлұматы болғанын айтады. Ал, Мағжан Жұмабаев: өзінің «Түркістан» деген өлеңінде Түркістанның барлық жерден, барлық елді мекендерден артықтығын айтып, былай дейді: Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған Түріктің тәңірі берген несібі ғой. Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер түрігім туып-өскен. Міне, осы жолдардан Түркістанның қасиетті, киелі, ұлы имандылықтың мекені екендігін түрік бабаларымыздың орталығы болғандығын жария еткен. Қазақстан ірі мегаполистері – Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент. Бұл қалаларды біз мақтаныш етеміз. Бүгінгі күні Түркістан облысының әкімшілік орталығы Түркістан қаласына көшірілуі өте қолдарлық. Түркістан қаласының аты өте қомақты, даңқты, сәнді естіледі. Өйткені Түркістан аты әлемге әйгілі. Түркістан қаласының қазіргі кезде сәулеттеніп келе жатқаны, жерінің құнарлығының нәтижесінде абаттандырыла бастауы болашақта бұл қаланың даңқы дүние жүзіндегі ірі Ыстамбұл, Мәскеу, Нью-Йорк, Париж және тағы басқа әйгілі әлем қалаларының қатарына қосылады. Түркістан сөз жоқ бүкіл әлемдегі түркі дүниесінің орталығы болатынына сенімім мол.   Саят Қамшыгер, ақын:   Түркістанды ұлтымыздың төрі деп білемін Түркістан – ол ұлтымыздың төрі. Рухани орталығы, тарихи қазынасы ғой. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы етіп өзгертіп, оның орталығын Түркістан қаласы етуінде үлкен мән жатыр. Иә, ол шешім шыққалы бері көзді жұмып ашқандай уақыт ішінде өңірде бірқатар өзгерістер орын алды. Оны журналис болып жұмыс жасағаннан соң көзіміз көріп отыр ғой. Тегі бұл Қазақстан Республикасының экономикалық қуатын көрсетіп отыр. Ендігі кезек біз бір адамдам жұмылып, көтерілген жаңа шаңырақтың құтты мекенге айналуына ат салысуымыз керек. Түркістан – брендке айналса деймін. Жергілікті қол өнер шеберлері арнайы киімдер тіксе. Өңірдегі өнімдердің белгісі де осы «Түркістан» ұғымына сайса деймін. Бұл керемет үрдіс болар еді. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері бұл қадамға бірнеше мәрте барған еді. Талдықорған, Көкшетау қалалары біздің сөзіміздің дәйегі шығар. Осы орайда аталмыш қалалардың қаншалықты дамығанын көзіміз көріп отыр ғой. Астанамыздың тарихи атауы жаңғырды. «Ақмола» ұғымы қайта жаңғырды емес пе? Сондықтан бұндай шешімдердің жемісі, берер берекеті көп екеніне сенім мол. Тегі көп дүниені шешетін нәрсе – ол кадр. Бағына орай Түркістан облысы өз алдына жеке облыс болғалы өңірге басшылық етуге Жансейіт Түймебаев, Өмірзақ Шүкеев секілді ескер азаматтар келді. Екі азаматтың да сөзіне ісі озып отыратыны анық. Сондықтан өңірдің болашағына үлкен үмітпен қарауға болатын сияқты. Түркістанның халқы өте еңбекқор келеді. Біз бұны жақсы білеміз. Кейде сол қос қолға ұстайтын күрек жоқтай көрінеді бізге. Ендігі кезек өңірге құйылған қаржы, тартылған инвестициялар өңірдегі жұмыс орынының тапшылығын жояды деп сенеміз. Ол құрылыс, кәсіпорын, өндіріс салаларына да өз әсерін тигізуі тиіс. Жалпы өңірдегі өмір халық назарында. Енді сол халықтың батасымен көгере берсін деген тілек айтамыз.   Мадияр Сүлейменов, күйші: Түркістан – Төлегеннің күйіндей терең өңір Бізге Түркістанды мақтау артықшылық. Біз Түркістанмен мақтануымыз керек. Киелі топрақ кісі пікіріне тәуелді болмаса керек. Осыны ескерсек екен деймін. Ұлылықтың қадірі сезінген адамға мағына береді. Рухани жаяу адам үшін Түркістанның өз алдына облыс болғаны көп мағына бермесі анық. Ал ет жүрегі елім деп соққан қазақ үшін бұл Елбасының шешімі бөркімізді көкке аттырар сүйіншілі жаңалық деп ойлаймын. Қазір, өңірдің экономикасы артады, керегесі кеңейеді дей салуға болатын еді. Бірақ бұл үрдіс Түркістан облыс болмаса да ертелі-кеш орындалатын еді. Себебі біз экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан елміз ғой. Қазір қазақ руханиятты іздейді. «Рухани Жаңғыру» жобасы осы шөлден жарыққа шықты емес пе? Біз Түркістан өз алдына облыс болды дегенде тұп-тура осы себеп үшін қуандық қой. Түркістан – иісі қазақтың қасиетті мекені. Қаратаудың күнгейінен ғұлама ғалымдармен қатар ақын, жырау, сал-серілер де көп шыққан. Атақты Дайрабай, Сатыбалды, Әлшекей, Сүгір, Жаппас, Төлеген сынды күйшілер осы өңірде домбыра шертіп, думандатып өткен. Қазақтың байырғы жазба әдебиетінің жауһарлары - қисса, дастан, хат-өлең, жазба айтыс дегендей асылдарымыздың көзі Түркістан топырағына дарыған. Осы күні ежелгі Түркістан мәдениетінің заман көшіне ілесе өркендеген нағыз дер шағы. Ендеше оңтүстік өңірдегі күйшілік өнер де қайта түлейтін шақ алыс емес шығар. Аталмыш аймақ менің туған топырағым. Сондықтан Елбасы жарлығын естігенде жаным жай тапқандай күй кештім. Бұл шешім экономика мен туризмды былай ысырғанда қалғып жатқан қазақ рухын оятатын ұлы қадам болды деп есептеймін. Жыр да, күй де Түркістан деп ұрандап тұрса қазақтың ұтылмасы анық. Қазақ руханияты ергежейлі емес. Тек еңкейген қалпынан қай бой тіктеп келеді. Ал, Түркістан осы бағытта бізге күш беретін ең алып күш деп білемін.   Жанат Жаңқашұлы, ақын: Түркістан – ер Түркінің алтын бесігі Табиғат ешқашанда табиғаттан алыстаған емес. Оның ішінде топырақ құндылығына терең мағына берген. Қасиетті жер, ыстық топырақ деген мағынадағы тіркестер, бір уыс топырақ бұйырыпты, топырағы бүлк ете қалып деген мағынадағы теңеулер де осы орайдан шығады емес пе? Түркістан төңірегі Тұран атырабындағы топырақ та өте қасиетті деп сенемін. Бұл жер қазақ руханиятының тірі мұнарасы сияқты көрінеді. Топырағы тегін емес бұл өңірдің. Әйтпесе қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғалар жамбасын аманаттап отырып осы жерге тигізуі тегін емес қой? Түркістан облысына ден қоюымыз қазақ руханиятыныа, біздің сона Түркі қағанатынан бастау алатын ұлы тарихымызға қарай керуен көшін бұру деген сөз. Қасиет деген, қадір деген, кие деген және осы үштікті сезіну деген осы емес пе? Түркістан – тарыдай шашылып кеткен түркі бауырларымызды бір анаға тоғыстыруға қауқарлы қара шаңырақ. Тегі біз сол 500 миллион түркінің саяси-рухани бағытын бір арнаға тоғыстыра алсақ, бұрынғы Түркінің рухы тіріліп, әлемге сес көрсетер едік деп сенемін. Сондықтан да қайта жаңғырып жатқан Түркістан шаһарының болашақ келбетінде кешегі шаһарларымыздың белгілері, тарихи тұлғаларымыздың мұражайы болуы керек деп ойлаймын. Көше атауын қойғанда да ерекше мән беруіміз керек. Тарихымыз тіпті сол көшелерімізде де жаңғырып тұруы тиіс. Түркістан туризмнің де ордалы өлкесіне айналуы керек деп ойлаймын. Облыс атанып жатқан кезде осындай үлкен мәселелерге мән беруіміз қажет. Болашақта біздің Тәуелсіз Қазақстанның үлкен бір рухани орталығы, рухани қазынасы осы бір Түркістан болады. Сөз соңында өмірдің тіршілігіне, алдағы даму үрдісіне сәттілік тілегім келеді. Бәйге аламын деп шапқан құлагер облысқа тақып қысып, үмітпен қарай беретініміз анық. Түркістан – түркі әлемінің, түркі түсінігінің, түркі әулетінің қара шаңырағы екенін ұмытпайық.   Руслан Нұрбай, ақын: Түркістан – әулиелер мекені Түркістан қазақтың тарқамас сағынышы ғой. Негізі халықтың өлі, тірі екенін қанның кодында жатқан ұлы тарих көрсетеді. Егер халық сол тарихты сағынып оған сәт сайын оралып отырса, ол халықтың тірі екенін болашағы зор екенін көрсетеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы шешімді қабылдауы, Түркістанға жаңа мандат беруі біздің тірі халық екенімізді аңғартты деп ойлаймын. Кезінде осы жаңалық шыққанда елордадан бастап сонау түкпірде жатқан ауылдағы азаматтар да айрықша қуанды емес пе? Бұл әлгі сағыныштың көрінісі. Түркістан қазақтың тарқамас сағынышы дегеніміз содан. Абылайдың қоныс аустырып баруы, не бір ұлы тұлғаларымыздың сол жерге жамбас тигізуі, Мағжанның жырға қосуы – бұны барлығы осы топырақта үлкен алапат күш жатқанының көрінісі емес пе? Кезінде Кеңес одағы бізден осы қасиетті оңбай қызғанды ғой. Сондықтан түрлі наным сенімдер енгізіп, елді Түркістаннан бөліп алғысы келді. Алайда, дегенінен не шықты? Қазақ әлі сол қазанатынан қадам қашықтықта алыстаған жоқ. Иә, ендігі кезек Түркістанға түрлену керек. Өңірге экономиканың жаңа формасы енеді. Бұл заманның салған қағидасы. Біз одан аттап өте алмаймыз. Жаңа құрылыс, жаңа инвесторлар тартылады өңірге. Тек осы бір қарқынды жұмыстар барысында түркістанның архитектуралық ерекшеліктері айшықталса, оған назар аударылса деген ниет бар. Осы күнге дейін Түркістан ішкі туризмның үлкен тегеурінді тіреуі болды. Осы мәселені де тасада қалдырмау керек. Жер шарында қанша түркі тамырлы ел бар? Соның бәрі осы түркістанға зор құрметпен қарап отыр. Енді соларды осында тартудың жолын табуымыз керек деп ойлаймын. Тағы бір ескеретін мәселе. Ол – сауда. Түркістан маңайынан «Хоргоспен» шамалас болатын үлкен сауда орталығы салыну керек. Бұл шекаралас елдермен сауда саттықты арттырады деп ойлаймын. Оның үстіне ол жердегі бауырларымыздың икемі осы саудаға жақын ғой. Бұл да бір экономикамызға сүбелі үлес қосады деп сенемін.