Пойызға мiнсем... Мәссаған! Екi кiсiлiк купеде Шерағаң отыр.
Бiр кем дүние-ай!
663
оқылды

Халық жазушысы Шерхан Мұртазаға

Кәдiмгi Шерхан Мұртаза.

– Ассалаумағалейкум, аға! Жол болсын?!

– Таразға барам. Өзiң ше?

– Шымкентке.

Пойыздың «гө-ө-өк» дегенiнде кө-ө-өп гәп бар... Алматыдан ұзап батысқа қарай бағыт алған пойызымыз «дiгiдiкке» басты.

Дiгiдiк дiк-дiк, дiгiдiк дiк-дiк. Жүйткiп келедi.

– Бiр әдемi келiншек бесiншi вагонға мiндi. Соны шақырып келшi! – дедi Шерағаң.

– Аты кiм, аға?

– Бiлмеймiн. Бағана вокзалда кездесiп, қолтаңба сұрады. Сөзiнiң нобайына қарағанда, менiң бiраз кiтабымды оқыған сыңайлы.

Қиянды кезiп қызыл түлкi iздеген аңшыдай бесiншi вагонға беттедiм. «Түлкiнiң қызылы – өзiнiң соры» деген рас-ау. Әдемi болмаса әлекке түсе ме? Кәмпит дәметкен бала секiлдi әр купеге телмiрiп, әдемi келiншектi жобалап жүрiп таптым-ау.

– Сiздi Шерағаң шайға шақырып жатыр! – дедiм.

– Менi?

– Иә.

– Ыңғайсыз емес пе? Бармай-ақ қояйыншы! – дедi.

Кез келген еркектiң бiрiншi ұсынысына бiр рет «отказ» беру – әр әйелдiң мiндетi. Әдемi келiншек өз мiндетiн орындап, бiр рет «отказ» жасады.

– Бармасаңыз ыңғайсыз болады, – деп мен де тықақтап қоймадым. – Жүрiңiз, меселiн қайтармаңыз. Үлкен кiсi ғой.

– Солай ма?

– Солай!..

Бiттi. Ендi «отказ» жоқ. Мен – паровоз, ол – вагон, iркес-тiркес iлестiрiп Шерағаңа әкеле жатыр ем, бетiнiң қыртысы көп, аузының бiр тiсi жоқ кем иек кемпiр қарсы жолығып:

– Шырағым, жүзiң таныс. Қай баласың? Әлгi әзiлкеш бала емессiң бе? – дедi.

Басымды изедiм.

– Е, айналайын-ай! Жақсы жолықтың ғой. Ауылдың жағдайын айғайлап неге айтпайсыңдар, түге?

– Апа-ау, айғайлап сөйлейтiн адам iздесеңiз мына вагонда Шерхан Мұртаза келе жатыр.

– Тiк тұрып тiстенiп сөйлейтiн депутат Шерхан ба?

– Иә! Жүрiңiз, со кiсiге жолықтырайын.

Әжемдi, әдемi келiншектi «Күте тұрыңыздар!» деп есiктiң ернеуiне кiдiртiп қойдым да, Шерағаңның купесiне сойған түлкiдей ыржиып жалғыз кiрдiм.

– Таптың ба? – дедi.

– Таптым.

– Қайда?

– Сыртта тұр.

Ағамның ажары жүзiн жуған қауындай қызарып, қобыраған шашын қолымен тарақтап, қалыңдығын күткендей қатты қопаңдады. Әзiл болсын деп әжемдi әдейi жеке кiргiздiм.

Шүйкедей кемпiр шүлдiрлеп:

– Әй, Шерхан шырағым, амансың ба? – деп есiктен енгенде, екi көзi тас төбесiне шықты. «Мынауың не?!» дегендей маған ажырая қарады.

– Ескi заманның ең әдемi келiншегi осы емес пе? – дедiм өтiрiк аңқаусып.

Әжемiз әңгiменi әрiден қозғап, Шәкеңнiң миын шайқады. «Дұрыс, апа, дұрыс!» деп шыбындаған аттай басын қайта-қайта шұлғып, кемпiрден әрең құтылғасын:

– Адам өстiп те қалжыңдаса ма?! – дедi ызғарланып. Iле-шала лып еткiзiп ең әдемi келiншектi енгiзгенiмде, емiзiк көрiп жылағанын қоя салған баладай сап тиылды. «Екi ғашық қол ұстасып оңаша отырсын» деп жағдай жасағансыдым да:

– Аға, таңертең Таразда жолығамын! – деп кетуге ыңғайландым. «Отыр!» деген жоқ. Сiрә, қарамды көрсетпей қайтқанымды қалап тұр.

Жолсерiктермен келiсiп, көршi купеге жайғастым.

Таңға таяу Таразда оянып, Шерағаңды шығарып салдым.

– Қарындас, ағаңды өкпелетiп, томпитып қойғансың ба, неге солғындау қоштасты? – дедiм тамырын баса сөйлеп.

– Ағамның ер екенiн бiлсем де, серi екенiн бiлмеппiн, – дедi әдемi келiншек жымиып.

– Не, құда түстi ме?

– Жо-оқ, әңгiмесiнiң әуенi солай. Әуелi әдебиет төңiрегiнде сырластық. Пiкiрлестiк. Шай iштiк. Жiпсiдiк. Сөзiмiз жарасқасын жiбектей есiлiп, жiгiттей қырындады. Бiрте-бiрте буыны босай бастағасын:

– Ағай, күйеуiме ант бергем. Антымды қалай бұзам?! – дедiм. Сол сол-ақ екен:

– Ант?! Айналайын-ау, ант деген немене? Еуропаға елiктеп өз заңымызға да өзгерту енгiзiп жатқан жоқпыз ба? – дедi қабағынан қар жауып.

Сөз саптауына қарағанда, әдемi келiншек өз «заңына» өзгерту енгiзбеген сияқты.

... Бiр кем дүние-ай!

2005 жыл