Академик тарихшы Манаш ҚОЗЫБАЕВҚА
Күндердiң күнiнде маңғаз Манаш сексен жасқа келгенде «Ух!» деп бiр нәрсеге өкiнгендей терең күрсiнiптi.
– Не болды, Манаш? – дептi бәйбiшесi.
– Жай, әншейiн, шаршадым, – дептi Манаш.
– Сенiң шаршаған кезiңдегi күрсiнгенiң бiр бөлек, ал мына күрсiнiсiң бiр бөлек. Одан да шыныңды айт, батырым! – дептi бәйбiшесi.
– Жоқ, жай әшейiн шаршадым, – дептi Манаш.
– «Аттың сыры иесiне мәлiм», бұ жолғы буалдыр күрсiнiсiңнiң сырын ендеше мен айтайын, – дептi бәйбiшесi.
– Иә?
– Азаматтың алты арманы бар, – дептi бәйбiшесi. – Азаматтың бiрiншi арманы – сұлу жар сүю. Ол арманың орындалды, Манашым.
Азаматтың екiншi арманы – ұл сүю, қыз сүю. Ол арманың орындалды, Манашым.
Азаматтың үшiншi арманы – ел қорғау, жер қорғау. «Ермакты» жазғаның елдi қорғағаның, «Әмiр Әбдiғаппарды» жазғаның жердi қорғағаның.
Азаматтың төртiншi арманы – докторлық диссертация қорғау. Ол арманың орындалды, Манашым. Басқасын былай қойғанда, аузын айға бiлеген академиксiң.
Азаматтың бесiншi арманы – жер дауы, жесiр дауын шешу. Жер дауын да, жесiр дауын да, тiптi ғалымдардың да дауын, залымдардың да дауын шештiң. Құдайға шүкiр, Ұлттық ғылычсм академиясы тарих және этнология институтының директоры болдың. Ол арманың да орындалды, Манашым.
Ал азаматтың алтыншы арманы – бiр уақ қыз-келiншектермен ай астында алтыбақан теуiп, ақ сүйек ойнап, кiшкене көңiл көтеру едi. Ел қорғаймын, жер қорғаймын, докторлық қорғаймын деп жүрiп алтыншы арманыңның орындалмай бара жатқанына өкiнiп, тере-е-е-ң күрсiнген шығарсың?..
Терезеге қарап терең күрсiнген Манаш мырза-мырс етiп күлiп жiберсе керек.
Мойындағаны ма? Кiм бiлсiн, солай шығар...
* * *
Алтыншы арманды қойшы, тәйiрi. Көкемнiң көзi тiрiсiнде айтқан көп қалжыңымыздың бiрi едi ғой.
Алты алаштың арманын арқалап арманда кеткен ағам-ай!
2004 жыл