Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Бұл заңдар екі мемлекеттің қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастығын көздейді.
Ұстап беру туралы шартта іздеуде жүрген азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін оларды Қазақстан мен Кипр арасында экстрадициялау мәселелері, сондай-ақ ұстап беруден бас тарту үшін міндетті және факультативтік негіздер регламенттеледі. Атап айтқанда, егер іздеуде жүрген адам тергеуде болса және осыған ұқсас қылмысы үшін осы мемлекеттің сот тәртібімен қудаланса, адамдарды ұстап беруден бас тартылуы мүмкін. Сонымен қатар қылмыстың ауырлығын ескере отырып, егде жас, денсаулық мәселесі немесе басқа да жағдайлар беруден бас тартуға негіз бола алады.
Осы ретте уағдаласушы мемлекеттердің өз азаматтарын ұстап беруге жол берілмейтінін атап өткен жөн.
Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы заңда көрсетілген құқықтық көмектің белгілі бір түрлері сақталмаған жағдайда, яғни мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне қатер төндірсе, оның ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келсе, құқықтық көмек көрсетуден бас тарту көзделген.
«Мақұлданған заңдар Қазақстан мен Кипр Республикасы арасында құқық қорғау саласы бойынша ынтымақтастықты дамытуға арналған. Келісімнің ережелері ұстап берудің шарттары мен рәсімдерін, сондай-ақ азаматтарға құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттейді. Алдағы уақытта осы заңдар екі елдің қылмысқа қарсы күрес жолындағы бірлескен қызметінің тиімділігін арттырады және өзара қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.
Нұртөре Жүсіп ұлттық құндылықтарды дәріптеу жөніндегі жұмысты жандандырудың маңыздылығына тоқталып, бұл іске «Қазақстан халқына» қорын да қосу қажет екенін атап өтті.
Сергей Ершов орман шаруашылығы саласындағы проблемаларға назар аударды. Нақты айтқанда, депутат кордондардың инфрақұрылымына, арнайы техниканың, мамандарға қажетті киімдер мен басқа да бұйымдардың сапасына алаңдаушылық білдірді.
Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысындағы Көкжиде кен орнының мұнай қалдықтарымен ластануы тұщы су тапшылығына алып келетінін айтты. Сенатор жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар нақты шара ұсынды.
Ләззат Қалтаева тиісті заңға әрекетке қабілетсіздік мәртебесін тағайындау және алып тастау туралы өзгерістер енгізу мәселесін көтерді. Сондай-ақ депутат қорғаншылар мен қамқоршылардың теріс әрекеттерінен қорғау үшін қамқоршылыққа мұқтаж тұлғалардың құқықтарын күшейту бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.
Андрей Лукин Үкіметке мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскелерін алып қою кезінде мемлекеттің негізсіз шығындарын азайтуға бағытталған шаралар қабылдауды ұсынды.
Сұлтанбек Мәкежанов құрылыс саласындағы іскерлік индекстің төмендеу себептеріне тоқталды. Сенатордың пікірінше, тұрғын үйді сатып алу мен жалға алу бағасының өсуі заңсыз құрылысқа және отандық құрылыс материалдары нарығындағы тапшылыққа әкеліп соқтырған.
Нурия Ниязова шетелдердегі қақтығыс аймақтарында қалған Қазақстан азаматтарына қолдау көрсету үшін министрліктермен және бейінді ұйымдармен бірлесіп Хаттама әзірлеу мәселесін тілге тиек етті.