Қазақстанның ең қымбат қазынасы – халқы болса, халыққа керек басты қажеттілік – денсаулық. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында жан-жақты қамтылған. 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» бағдарламасында еліміздегі инсульт орталықтары мен коронарлық көмек беру орталықтары желісін кеңейтуге баса назар аударылған.
– Жалпы, біздің медицинада қан айналым жүйесі ауруларын емдеу ісінде үлкен реформа керек. Ең алдымен шешілуге тиіс мәселе – медицина қызметкерлерінің қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуі. Партияның сайлауалды бағдарламасында бұл мәселеге үлкен мән берілді. Өңірлерде ауруханалар, фельдшерлік орталықтар, емханалар салыну керек. Дегенмен бұл салада үкіметтің үлкен жоспары бар және оның алды жүзеге аса бастағанын көріп отырмыз, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, биыл жаңадан ашылған 79 инсульт орталығында 30 мыңнан астам адам емделген. Оған қоса, жедел коронарлық синдром және миокард инфарктісі кезінде 44 коронарлық араласу орталығы медициналық көмек түрін көрсетеді. 2025 жылға дейін елімізде тағы 6 инсульт орталығы мен 4 коронарлық араласу орталығы ашылады.
Аталған салада тағы бір басымдық берер дүние – ауыл медицинасы. Қала мен ауыл өмірінің арасындағы әлеуметтік алшақтық ондаған жылдар бойы теңестірілмей келе жатқан жайт. Үкімет тарапынан жыл сайын қаражат бөлініп, бағдарламалар қабылданып жатқанымен жұмыс жүйелі түрде жүріп кеткен жоқ. Қазір қаладағы күнделікті тіршілікке жаңа өндірістер, технологиялық мүмкіндіктер жылдам еніп жатқанымен, шалғай өңірлер «жаңашылдықтан» алыстап бара жатыр. Оның ең басты себебінің бірі –демография мен миграция мәселесі. Тек былтырдың өзінде ауылдық жерлерден 326 мыңға жуық адам қалаға көшкен. Жергілікті әкімдіктердің мәліметіне сәйкес, елімізде тұрғын саны 50 адамнан аспайтын 549 елді мекен бар. Демек, алдағы уақытта 549 ауыл «мәртебесінен» айырылып, картадан түсіп қалады деген сөз. Депутат Самат Нұртаза ауылда медициналық қызмет сапасының жақсармай отыруына нарықтық құбылыстар да үлкен әсер етіп отырғанын айтады. «Бір жағынан жастар қазіргі қоғамдық үдеріске, нарық талабына байланысты шалғай жерлерге аса қызықпайды. Қаладағы студент ойын-сауық орталықтарына, кинотеатрларға т.б. демалыс орындарына барып үйренген, ауылда ондай орындар жоқ. Инфрақұрылымы дамымаған. Жас маманды ауылға күштеп апара алмайсың ғой», – дейді ол.
Депутаттың айтуынша, 2009 жылы қабылданған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы осы уақыт аралығында өзін-өзі толық ақтай алған жоқ. «Егер біз ауылға баратын жас маманның жалақысын екі есеге дейін көбейтсек, жастар белгілі бір уақытқа тәжірибе жинау үшін барып жұмыс істеуі мүмкін. Сондықтан бюджеттен шалғай өңірдің медицина мамандарына арнайы қаражат бөлінгені дұрыс деп есептеймін», – дейді С.Нұртаза.
Айта кетейік, 2019–2022 жылдар аралығында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы бюджеттен 9,5 млрд теңге жәрдемақы бөлініп, ауылдарға барған 35,5 мың азаматқа берілген. Үкіметтің «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасында» аталған бағдарламаға қатысты нормативтер қайта қаралып жатыр.
Ауылдарда тұрғындар ділгір болып отырған қажеттілік – байланыстың нашарлығы. Кейбір елді мекендерде интернет мүлдем ұстамайды. Әсіресе, шекарада орналасқан ауыл халқы осы жағдайдан көп зиян шегіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 қазан күні Астанада өткен Digital Bridge–2023 халықаралық форумында үкіметке шалғай аудан тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету мәселесін жоспардын тыс қарастырып, тез арада шешуді тапсырған болатын. «AMANAT» партиясы да қазақстандық байланыс спутниктерінің көмегімен шалғайдағы ауылдарды интернетпен қамтамасыз етуді ұсынып отыр. «Шекара біздің мемлекетіміздің тікелей қаупсіздігімен байланысты. Ол аймақта адам аз екен деп интернет орнатпасақ, өз телеарнамызды, радиомызды апармасақ, ертеңгі күні ол жерден айырылып қалуымыз да мүмкін деген сөз. Сондықтан да шекаралық аумақты адам санына қарап бағаламай, оған біртұтас Қазақстан Республикасының территориясы деп қарауымыз қажет. Республикамыздың кез келген пұшпағында мемлекеттің барлық нышандарының болуы, жұмыс істеп тұруы міндетті. Әрине, жеке компания болсын, кәсіпкер болсын өзінің салған инвестициясын жылдам қайтаруы үшін халықтың көп шоғырланған жерін таңдайды. Ол – нарық заңы. Дегенмен бұл жерде мемлекеттік мүдде, мемлекетшілдік деген ұғым алдыға шығуы керек. Үкімет бұл мәселелерді жүйелі түрде қарастыра отырып шешуі қажет», – дейді Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза.
«AMANAT» партиясы міндетіне алған негізгі мәселенің бірі – мектепке дейінгі білім беру ісін жүйелі түрде дамыту. Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес, биылғы қыркүйектен бастап тәрбиешілердің жалақысы 30%-ға өсті. Ендігі міндет – халықаралық білім беру талаптары мен деңгейіне сәйкестендіру. «Партияның сайлауалды бағдарламасында уәде етілгендей, қазіргі күні халықаралық тәжірибе зерделенді және еліміздің мектепке дейінгі ұйымдарында тәжірибеде қолдану үшін оңтайлы тәсілдер қарастырылды. Баланың жас аралығына байланысты ойын арқылы үйрету, ойын арқылы дамыту методикасы енгізілді. Бұл соңғы уақыттардағы мектепалды даярлық саласына қатысты жаңа әдістеменің бірі. Балабақша қабырғасындағы сәбилер осы жерден сапалы даярлықтан өтіп, бастауыш сыныпқа келгенде алғашқы пәндерді қабылдауға дайын болып баруы тиіс», – дейді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, дамыған елдерде тәрбиешінің жүктемесі біздегіден екі есе төмен, соған сай тәрбие беру ісінің мазмұны да жоғары. Сол себепті қолға алынып отырған 40 сағаттық жұмыс аптасына кезең-кезеңімен көшу және «тәрбиеші-тәрбиеленуші» арақатынасын ЭЫДҰ нормаларына келтіру үшін мектепке дейінгі ұйымдар педагогінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру мәселесі де өзекті болып отыр. «40 сағаттық жұмыс аптасына көшу мәселесіне орай, қазіргі күні 39 балабақшада пилоттық жоба жүзеге асырылды. Егер топтағы сәбилердің жасы 2-де болса 20 бала, одан жоғары жас болса 25 бала бір топта болуы керек деп есептедік. Бірақ бұл әдіс үлкен қаражатты қажет ететін болды. Сондықтан Үкімет айлық жалақыны жан басына шаққандағы қаржыландыру көрсеткішін көтеру арқылы көтеруді қарастырып отыр. Яғни, биыл тәрбиешінің жалақысына 30 пайыз қосылды, 2024 жылы тағы 40 пайыз, ал 2025 жылы тағы 30 пайыз кезең-кезеңімен қосылмақ», – дейді депутат. Бұдан бөлек, үкімет жоспарында жан басына шаққандағы нормативті ұлғайту арқылы да айлық жалақыны көтеру қарастырылуда. Себебі қазіргі демографиялық өсімнің жоғары болуына орай, балабақша қызметіне сұраныс та жоғары.
Орта мектеп базасында оқушының тұлғалық дамуына жағдай жасап, кәсіби біліктілігін көтеру де білім саласында жүзеге асырылып жатқан жаңашыл істің бірі. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова 10-11 сынып оқушыларына қосымша білім беріп, колледждер базасында біліктілігін дамыту туралы жобаның да болашағы зор екенін айтады. «Осы арқылы жоғары сынып оқушысы өзі тұрып жатқан жердегі колледждерге барып, өз қалауына орай, жұмысшы мамандықтың қыр-сырымен танысады, үйреніп, өзіне қажетті іске дағдыланады. Қазір министрлік 16 мамандықтың тізімін бекітті. Әр өңір бойынша екі колледжден бекітілді. Бұдан былай жоғары сынып оқушысы мектептегі оқуын жалғастыра отырып, жұмысшы мамандықтарға да бағдарланатын болады», – дейді ол.
Яғни, 11-сыныпты бітіріп шыққан кезде жалпы орта білімді иеленгенінен бөлек қолында қосымша жұмысшы мамандығының сертификаты болады. Сондықтан бұл – болашақ үшін өте қажет жобаның бірі. «Өйткені қазіргі таңда дипломды азаматтар көп болғанымен бір іске икемі бар, мәселен шеге қағуды білетін адам аз. Өкінішке қарай, қазіргі ел экономикасында сондай кезеңге келіп тұрмыз. Бұл бір, екіншіден, еңбек нарығы ұдайы өзгеріп жатыр. Бұған демография, миграция ағымдары, әлемдік тенденциялар әсер етуде. Мектеп, университетте алып шыққан біліммен өмір бойы жұмыс істеу мүмкін болмай қалды. Абай атамыздың «сен де бір кірпіш дүниеге тетігін тап та, бар, қалан!» деген сөзінің мән-маңызы осы кезеңге тура келіп тұр», – дейді Ж.Сүлейменова.
Дегенмен мұндағы ескеретін жайт – балалар қауіпсіздігі. Ең алдымен жұмысшы мамандығын алып шыққан оқушының қауіпсіздік мәселесі бірінші орында тұруы керек. Жұлдыз Досбергенқызының айтуынша, депутаттар осы мәселеге орай заңға өзгерістер енгізуді ұсынып, Үкіметке жолдаған.
Бек БОЛАТ