Мемлекет басшысының айтуынша, банктер экономиканың нақты секторын несиелендірудің орнына тұтынушылық қарыздарға басымдық беріп келеді. Осының әсерінен қаржы жүйесіндегі тәуекелдер артып қана қойған жоқ, сондай-ақ азаматтардың несиеге тәуелділігі күшейе түсті.
Тіпті, бір кездері халықтың шектен тыс несие алуына шектеу болады деп қабылданған шешімдер де бүгінге қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін жеткіліксіз екенін дәлелдеп берді. Мысалы, 2019 жылы 500 мың қазақстандықтың борышына рақымшылық жасалды және жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңы да күшіне енді. Дегенмен проблема әлі де өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, соңғы 7 жылда жеке тұлғаларға несие беру көрсеткіші 340 пайызға артқанын көріп отырмыз. Статистикаға сүйенер болсақ, 2016 жылы жеке тұлғаларға 4,2 трлн теңге кредит берілген. Бірінші кредиттік бюроның деректері бойынша, биыл 1 қыркүйекте жеке тұлғалардың жалпы кредиттік портфелі 18,1 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде 7,7 млн қазақстандық жалпы сомасы 8,8 трлн теңге болатын тұтынушылық кепілсіз кредит алған. Бұл – еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 77 пайызы. Бір ғана тамыз айында 2,5 миллион қазақстандық несие рәсімдеп үлгерген. Ал берешегі бар 1,5 миллионға жуық адамның қарызының мерзімі өтіп кеткен және коллекторлар мен сот орындаушыларының қысымына ұшыраған.
Desht сарапшыларының пікірінше, қазақстандықтарды несиелендіру мәселесі макроэкономикалық деңгейде қаржылық жүйенің тұрақтылығына қауіп төндірмейді.
«8,4 миллион адамның тұтынушылық несиесі бар. Бірақ оның жартысынан көбі пайызсыз бөліп төлеуге жатады. Қаржыгерлер қауымдастығы бұл қаржы ұйымдарына қауіп төндірмейтін, әлеуметтік маңызы басым проблема деп мәлімдейді. Себебі банктердің балансындағы тұтынушылық несиелер бойынша проблемалық берешек деңгейі ШОБ несиелеріне немесе жылжымайтын мүлік сатып алуға қарағанда төмен. Мұны қаржы реттеушісі де растап отыр. Қаржы нарығының заңдылықтарына сүйенсек, табысы тұрақты тұтынушы үшін бөліп төлеу өте ұтымды. Өйткені ақша құнсызданады. Сондықтан қаражатты бірден жұмсағанша, оны депозитте ұстап, орнына бөліп төлеу арқылы сатып алған тиімді», – деп түсіндіреді Desht мамандары.
Сарапшылардың пікірінше, қарызы ауқымды белгілі бір топ қана берешегін өтей алмай жүргендер қатарында. Халық жаппай қарызға батты деп Парламент деңгейінде талқыға түсуіне де осы топ өкілдері себепкер. Мысалы, 1,7 млн адамның проблемалық несиесінің жалпы көлемі 1,4 трлн теңгені құрайды. Бұл – тек өтеу мерзімі 90 күннен кешіккен кредиттер. Осы қарыз алушылардың 4 пайызының ғана жүктемесі 7 миллион теңгеден асады. Яғни, «триллиондар» туралы сөз қозғау қажет болса, онда 1,7 млн қарыз алушының бәрімен емес, тек 100-150 мың адаммен жұмыс істеу қажет. «Сондай-ақ банктерде несие алу қиынырақ және жылдық шекті мөлшерлеме – 56 пайыз. Банктен несие ала алмаған адамдар микроқаржылық ұйымдарға жүгіреді және ондаған несие ала алады. Өйткені қаржы реттеушісінің өзі мұндай ұйымдардың жылдық тиімді мөлшерлемесін 146 пайыз деп бекіткен. Мұның жанында банктерге мөлшерлемені одан әрі төмендету қажет деген талаптар қисынсыз көрінеді. Кредиттік бюро туралы заңдағы олқылықтар осындайда көрінеді. Өйткені несие тарихы 15 күнде 1 рет жаңартылады. Соның әсерінен адам әртүрлі банктерден ондаған несие ала алады. Екінші деңгейлі банктер болса клиенттің несиелік жүктемесі асып кеткенін анықтай алмайды. Қаржы реттеушісінің талабымен микроқаржылық ұйымдар проблемалық қарыздарды коллекторларға өткізіп, баланстарын тазартты. Нәтижесінде, қазір коллекторлар портфолиосы 5 есеге өсіп, борышкерлер саны миллионға жуықтады. Олардың қандай әдіспен жұмыс істейтін бәріне белгілі», – дейді сарапшылар.
Желіде осы тектес «проблемалы қарыз алушылар банктердің емес, МҚҰ-ның қызметін көп пайдаланады» деген пікір талқылануда. Ал RiskTakers сарапшылары банктердің де, микроқаржылық ұйымдардың да проблемалық несие бойынша көрсеткіштері өте жоғары деген пікірде. Екі сектор да мұндай берешектерді коллекторлық ұйымдардың балансына аударып отырғандықтан, есебі түгел көрінуі әбден мүмкін. Дегенмен қолда бар мәліметтерді саралайтын болсақ, банктердің үлесінде – 1,03 млн, ал МҚҰ үлесіне – 347 мың проблемалық қарыз алушыдан келеді. Міне, осы ақпарат Қазақстандағы халықтың кредитке кіру проблемасын айқын айғақтайды.
Парламенттік тыңдауда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова коллекторларға қарыздарды сатуға толық тыйым салуды ұсынды. «Біз кредиттерді коллекторларға сатуға толық тыйым салуды ұсынамыз», – деді ведомство басшысы. Сонымен қатар борыштық жүктеме коэффициенттерін есептеу барысында құқықбұзушылықтар орын алғанын және несиелер бойынша қайта есептеу жүргізілетінін айтты. Әбілқасымованың айтуынша, бұл коллекторларға сатылған қарыздарға да қатысты. Агенттік деректері бойынша, онлайн-кредиттер де отқа тамызық болып отыр. Өйткені мұндай қызмет түрімен айналысатын ұйымдар қарыз алушыны тыңғылықты тексеруден өткізбейді. Сол себепті кірісі жоқ балалар мен жастар да қарыз ала алады.
«Бірақ жоғары көрсеткішке ие дефолттық қарыздарға қарамастан, проблема тек банктер немесе МҚҰ-да деп айтуға болмайды. Әрине, банктер мен микроқаржылық ұйымдардағы тәуекел деңгейі жоғары. Сол себепті реттеуші Парламентпен бірлесіп азаматтардың несиелік жүктемесінің одан әрі артуын тоқтату үшін қатаң шаралар қабылдауы керек. Сонымен қатар халықтың кредитке белшеден батуының негізгі себебінің бірі – нақты табыс деңгейінің төмендеуі туралы ұмытпауымыз керек. Халықтың қаржылық сауаттылығы да маңызды», – дейді мамандар.
Үкімет үнемі экономика тұрақты өсім көрсетті деп есеп береді. Бірақ сарапшылар әлі де халықтың сатып алу қабілеті тұрақты төмендеп келе жатқанын айтуда. Ұлттық банктің қыркүйек айының басында жарияланған баяндамасында биылғы жылдың бірінші тоқсанында он қазақстандықтың тоғызының ай сайынғы табысы 151 000 теңгеден (шамамен 320 АҚШ долларынан) аспағаны айтылған. Соңғы екі жылда екі таңбалы деңгейден түспеген инфляция әсерінен азаматтардың басым көпшілігінің сатып алу қабілеті төмендеуде. 2023 жылдың басында жарияланған Ұлттық статистика бюросының мәліметтерінше, азаматтардың 96 пайызының ай сайынғы табысы 200 мың теңгеден төмен болған. Статистика сүйенсек, бір миллионға жуық қазақстандық кедейлік шегінен төмен өмір сүреді, ал олардың табысы – 45 мың теңгеден төмен. Бюро биыл бірінші тоқсанда кедейлік 5,2 пайыздан, 4,8 пайызға төмендеді деп ақпарат таратса, Halyk Finance сарапшысы Мадина Кабжалялова бұл деректер ахуалды шынайы көрсете алатынына күмән келтіреді. Себебі халықтың нақты табысының төмендеуі және азық-түлік тауарларының қымбаттауын ескерсек, бұл индикатордың объективтілігіне қатысты сұрақтар туындауы мүмкін», – дейді маман.
Сарапшылар қазақстандықтар табысының 50 пайызын азық-түлікке жұмсайтын азаматтардың, тұрмыстық қажеттіліктеріне де қаражат жинауға мүмкіндігі жоқ екенін алға тартады. Бүгінде техниканы былай қойып, тістің өзін бөліп төлеуге емдететін қоғам қалыптасты. Табысы тұрақты болып несие алса құба-құп. Барлық мәселе сол жұмыс орнынан айырылған жағдайда басталады. Қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған халық микроқаржылық ұйымдардың қызметіне жүгінеді. Қорыта айтқанда, салдарымен күрескенше, себебін жоюға күш салған абзал. Халықты несиелендіру мәселесін шешуде де негізгі мақсат азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру болғаны қажет.
Кәмила ЕРКІН