Нағыз жиын-терім кезінде сібірлей жауған ақ жаңбырдың салдарынан шаруалардың басым көпшілігі баданадай піскен астықты сұлатып оруға мәжбүр болған. Салдарынан құлаған масақ жерге жабысып, мүлде өнім ала алмай қалғандар да баршылық. Бұрын-соңды болмаған форс-мажорлы мұндай жағдайдан кейін «Келер жылы егін еге алмай қаламыз ба?» деп қапаланған шаруалардың қарасы көбейген. Оның үстіне, мемлекеттен берілетін миллиардтаған субсидия мен жеңілдіктердің де қарапайым шаруаларға жетпей қалуы жығылған үстіне жұдырық болып тұр.
Ақмолалық шаруалар банкротқа ұшырауы мүмкін
Әсіресе, елдің басты астықты өңірлерінің бірі саналатын Ақмола облысындағы жағдай аса алаңдатарлық. Жалпы көлемі 4 млн 930 мың гектар алқапқа дән салған шаруалар биыл бар-жоғы 3 млн тоннаға жетер-жетпес қана өнім алған. Салыстыра кетсек, бұл өнім былтырмен салыстырғанда 2 млн тоннадай аз. Өйткені бір жағынан, киіктің тұяғымен тапталған егістік алқаптары, қыркүйекте толассыз жауған жаңбырдың кесірінен гектарына орташа есеппен 6,4 центнерден ғана айналған. Оның үстіне, бидайдың сапасы да сын көтермейді.
Облыстың Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл класы мүлде төмен астықтың мөлшері 500-600 мың тоннаға жетіп жығылған. Жиылған астық мүлдем ылғалды болғандықтан элеваторлар да астықты кептіріп үлгермей қалған. Астық қабылдау бекеттері мен элеваторларда астығын алып, кезек күткен шаруалар түйінді жағдайда мемлекеттен көмек болмаса, мүлде банкротқа ұшырайтынымыз анық деп отыр.
Еккен астығынан мүлде өнім ала алмай қалғандардың бірі – атбасарлық шағын шаруа қожалығының иесі Мұхит Рахметов. Шаруа қолда бар қаржысымен қоса, «Аграрлық несие корпорациясынан» қомақты көлемде несие алып жердің біршама бөлігіне арпа мен қалғанына бидай еккен. Алайда жердің жартысынан астамынан мүлде өнім ала алмай қиын жағдайға түскен.
– Биыл қолда бар 559 гектар жерімнің 400 гектарына арпа еккенмін. Тұқымын да анау-мынау емес, канадалық сұрыптан арнайы сатып алып септім. Арпа жаңбырдың алдында әжептәуір өнім берерлік күйде болған. Бірақ дәл егін орағы басталар тұста тоқтамай жауған соң егінді сұлатуға мәжбүр болдым. Тоқтамаған жаңбырдан кейін сұлаған астық көктеп кетіп, 280 гектар алқап сол күйі орылмай қалды. 120 гектардан шамамен 140-150 тоннадай өнім алғанмын. Бірақ сапасы төмен. Жартысынан астамы, яғни 85 тоннасы сапасы өте төмен классыз болды. Элеваторлардың бәрі мұндай астықты кептіруге үлгермей жатыр. Қажетінше астықты қабылдап алады да қақпаларын жауып тастайды. Ал одан кейін элеватор басы қаптаған кептелісті кезекке айналады. Астықты тапсыру үшін 2-3 тәулікке дейін кезек күтетін кездер аз болмайды. Кезек күтіп элеваторда жүргенде басқа шаш-етектен болатын шаруаң жайына қалады. Элеваторлар бар-жоғы 55 мың теңгеден ғана баға ұсынып отыр. Ал бұған қалай бермекпіз? Ешқандай субсидия да алған жоқпын. Атбасар ауданынан тек Көкшетауға шауып жүріп Марат Ыдырысов деген кәсіпкер ғана алды. Несие мерзімін де ұзартпады. Өйткені пролонгацияны тек мүлде өнімсіз қалған шаруаларға ғана береді екен. Әрі олар мерзімін ұзартса, бірден «қара тізімге» ілініп кетіп, одан кейін несие де бермей қоятынын естідім. Сондықтан ештеңеге қарамай, құтылуды жөн көріп отырмын. Басқа амалым да жоқ, – дейді ашынған шаруа Мұхит Рахметов.
Несие мерзімін ұзартса, «қара тізімге» енеді
Шаруалардың ащы жанайқайын облыстың Кәсіпкерлік басқармасындағылар да мойындады. Шағын шаруа қожалықтарының шарасыз күйін жоғарыға жеткізіп, түйінді мәселені тарқатуға тырысқанымен олардың да сөзі биліктің назарына ілінбеген сыңайлы. Мәселен, жуырда дәлірек айтқанда, 12 қазан күні агро-өнеркәсіп кешендерінің кезекті кеңесі өткен. Жиында биылғы сапасы аса төмен классыз астықты жүзеге асыру жайы тағы да әңгіме өзегіне айналған. Өйткені биыл «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» классыз астыққа небары 70 мың теңге белгілеген-ді. Кәсіпкерлер баға ең болмағанда тоннасына 80-85 мың теңгеден көтерілуі тиіс деп есептейді. Ал оның өзі 350 мың тонна. Еліміз бойынша алынатын бұл астық көлемі де шаруалардың санасына жетпей тұр. Өйткені бұл көлем тек бір облысты да қамтуға жетпейді.
Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, мұнымен қоса шаруаларды элеваторларда астықтың қабылданбауы алаңдатып отыр. Астық қабылдау бекеттері жанармай мен газдың жоқтығын сылтауратып астықты қабылдамайды. Салдарынан ұзын-сонар кезек пайда болып, астық уақытында кептірілмегендіктен одан сайын шығынға батырған. Облыстың кәсіпкерлер палатасы да несие мерзімін ұзартудың жазылмаған «қағидасымен» шаруалар бір-ақ сәтте «қара тізімге» еніп кетіп, ол алдағы көктемгі егіс науқанында аса қиын жағдайға душар етуі мүмкін екенін де еске салды. Салдарынан өңірде егіні себілмей, салық пен әлеуметтік төлемдерге және жалақыға қарыз өндіріс орындары еселене түспек. Мұның соңы өз кезегінде жұмыс орындарының жабылып тынуына да ықпалын тигізеді.
Жиын барысында сондай-ақ МемАгро электронды жүйесі жұмысының жүйесіздігі де сын садағына алынды. Аграрлық шаруа қожалықтары субсидия өтінімдерін бағдарлама әкімшісі – облыстың Ауыл шаруашылығы басқармасы өте ұзақ қарайтынын жеткізді. Қазіргі уақытта осы жылдың шілдесінде берілген өтінімдер тексеріліп жатыр. Күніне 100-120 өтінім тексерген күннің өзінде жұмыс жыл соңына дейін созылмақ. Ал бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдаусыз қалдыруы да ықтимал. Өйткені электронды жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі себебінен кәсіпкер осы жылдың 1 желтоқсанынан кейін өтінімді қайтадан бере алмай қалады. Кәсіпкерлер барлық көтерілген мәселелерді жиын хаттамасына енгізіп, оларды шешу үшін ұсыныс-тілектерін тиісті мемлекеттік органдар мен қаржылық институттарға жолдаған. Кәсіпкерлер палатасындағылар да түйінді мәселені мемлекет шешпесе, шаруалардың жағдайы аса қиын екенін айтып отыр.
Экспорт нарығынан айырылып қаламыз...
Мәселен, Атбасар ауданы Кәсіпкерлер палатасының директоры егер мемлекеттен көмек болып, кластан тыс бидайды алу көлемін көбейтпесе, шаруалардың басым бөлігі келер көктемге жетпей банкротқа ұшырайтынын айтып шырылдады.
– «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» 70 мың теңгеден деп белгілеген 350 мың тонна классыз астықтың бағасы да, көлемі де тым аз. Өйткені тек Атбасар ауданы бойынша ғана 270 мың тонна классыз астық жиналды. Сапасы өте төмен. Элеваторлар шаруаларға тек тоннасына 55 мың теңгеден ғана ұсынып отыр. Біз шаруаларды алдағы уақытта қосымша құн салығынан және корпоративті кіріс салығынан босатуды сұрап отырмыз. Шаруалар субсидия да ала алмай отыр. Тек Атбасар ауданы бойынша ғана 3,5 млрд теңге субсидия қарызы бар екен. Бұл онсыз да жағдайы шатқаяқтаған шаруалар үшін үлкен көмек болмас па еді? Шаруалар тұқымсыз да қалуы мүмкін. Үкімет тұқымды «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» қорынан береміз дегенімен элеваторларда бәрі бір жерде жатқан бидай мен сұрыпталған бидайдың арасы жер мен көктей емес пе? Мұны неге естен шығарады? База үнемі істен шығып қатып қалады. Баға бекітілгенімен қазір нарық бос жатыр. Жыл сайын бұл уақытта шаруалар астығын экспортқа шығарып, вагондар жетпей қызу тірлік болатын. Биыл бәрі тым-тырыс. Нарық бос жатыр. Атбасар ауданы ежелден облыстың астық экспортының 50 пайызын жүзеге асырады. Тәжікстан, Ауғанстаннан бастап, Біріккен Араб Әмірліктеріне дейін жіберілетін. Енді бұл нарықты тұтастай ресейлік бидайдың ұстап қалатыны анық. Біздің Үкіметтің нені күтіп жатқанын түсіне алмай отырмыз, – дейді Атбасар ауданы Кәсіпкерлер палатасының директоры Роза Тасмағамбетова.
«Жағдай жаман емес» деп жұбатты
Шаруалар мен Кәсіпкерлер палатасы жағдайдың аса алаңдатарлық екенін айтып шырылдағанымен, облыстың Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшылығы анау айтқандай жағдайдың аса ушыға қоймағанын айтып түсіндірмек болды. Басқарма шаруалар тұрақты жағдайға бойы үйренгенін әрі сақтық шараларын жасамай, осындай күйге душар болғанын айтып, таяқтың ұшын басқа жаққа аудармақ болды.
– Биыл астық көлемінің аз болғаны рас. 4 млн 930 мың гектардан 3 миллион тонна өнім алынды. Әрине, классыз астықтың да көлемі орасан. Шамамен 500-600 мың тонна болып тұр. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Қазақстан бойынша 350 мың тонна ғана классыз астық алуға келісім берді. Бағасы 70 мың теңгеден деп белгіленді. Бұған дейін баға бекітілмеген. Енді баға белгіленді. Сондықтан шаруалар астығын трейдерлермен келісіп, яки басқа амалын тауып сатуына болады, – деді Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов.
Түйінді мәселеде бір жіптің ұшы Азық-түлік келісімшарт корпорациясында екенін байқап тілдесіп көрмекке бекіндік. Ведомствоның арнайы өкілі әзірге баға бекітілгенімен, әлі қарастырылып жатқанын жеткізді.
– Классыз астық республика бойынша 350 мың тонна деп белгіленген. Бұл Үкіметтік кеңес барысында бекітілген. Сондықтан бұл «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» шығарған баға да көлем де емес. Қазір аталған мәселе әлі қарастырылып жатыр. Шаруалардан классыз астық әлі сатылып алынған жоқ. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігі және Үкіметтің кеңесінде шешілетіндіктен әзірге тек қарастырылып жатыр. Корпорация тек бекітілген межедегі бағдарламаны орындаушы ғана, – деді Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ресми өкілі Жамбыл Зейнолла.
P.S.
Түйткілді мәселе жуық арада шешімін таппайтыны анық байқалды. Сондықтан бұл орайда аталған жағдайға Үкімет пен Парламенттің басқа да құзырлы органдардың бірлесе әрекет етіп, онсыз да аса күрделі жағдайда қалған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау қажет сияқты. Әрі бұл тез арада шешімін таппаса, мыңдаған шаруалар шаш-етектен қарызға батып, егін салатын шаруа таппай қалмасымызға кім кепіл?!
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
© коллаж: Елдар ҚАБА