Осындай бірегей құралды адамзаттың қолына беріп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отырған кітапхана – елдіктің тірегі, ғылымның күретамыры десек артық емес. Жазушы Әбіш аға Кекілбаев: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», – депті. Ал былтыр Үкіметтің қаулысымен 24 қазан Кітапханашылар күні болып бекітілген еді.
Казір кітапхананың сипаты да, қызметі де бұрынғыдан әлдеқайда ауқымды, байырғы түсінікке сыймайтын өлшемдер пайда болған. Кітапхана бір-біріне байланысты, бірінсіз бірі өмір сүре алмайтын үш құрамдас бөліктен тұрады. Біріншісі – кітап сақтайтын және кітап оқитын орын, екіншісі – кітапханашы, үшіншісі – кітап қоры. Осы үшеуінің бірлігі – кітапхана. Алайда осы құрылымдардың ішкі байланысы, мазмұны мүлде өзгерген. Сондықтан бүгінгі кітапхана орта ғасырды қойып, 20 жылдың алдындағы кітапханаларға ұқсамайды. Болашақта бұдан да жаңарған кітапханалар пайда болатыны сөзсіз.
Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын», – деді. Бұл – заман талабын ескеруден туған көреген ой. Қазіргі қоғамда қоғамның дамуының рухани негізі – кітапхана. Кітапханасыз ұлт болашағын елестету мүмкін емес. Ұлттық мәдениет пен ғылымның дамуы, қоғамының ізіленуі кітапхана жұмысымен тікелей байланысты. Кітапхана жоқ жерде ғылым да, мәдениет те болмақ емес. «Кітапханалар болмаса не болар еді?» деген сұраққа Рэй Брэдбери: «Өткеніміз де, келешегіміз де болмас еді», – деп жауап берген екен.
Ата Заңымызда: «Мемлекеттің басты байлығы – адам» деп көрсетілген. Қоғамның қазіргі бет-бейнесі ғана емес, болашағы да азаматтардың білім сапасына байланысты. Барлық заттық және рухани байлық адам қолымен жасалады, адам үшін қызмет етеді. Демек, қоғам дамуының қозғаушы күші болған адам әрекетінің түпкі мақсаты – өзіне (адамзатқа) қызмет ету. Ендеше басты мәселе – адам сапасын жоғарылату. Ал оның көрсеткі-ші – әлеуметтік білім деңгейі. Бұл тұрғыдан келсек, кітапхана қызметі – оқырмандарды шынайы, сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету. Қандай мемлекет болса да азаматтарының білімді болуына мұқтаж. Бұл – әлем жаратылғалы бар қажеттілік, бұдан кейін де осылай бола бермек. Адамның жетілуі үшін уақыт пен жайлы орын қажет. Өзін-өзі тәрбиелеуге уақыт табатын адамдар көп, алайда, олар жайлы орынға, сенімді білім көзіне, шынайы ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Бұл қажеттіліктер кітапхана арқылы ғана шешімін таппақ. Аугустин Биррелдің: «Бүгінгі күннің нағыз университеттері – бай кітапханалары» деген сөзі бар. Шынында, кітапхана – адамдарды өмір бойы тәрбиелейтін бірегей университет. Адамның мектепте немесе университетте білім алу белгілі бір уақыт шеңберінде ғана іске асады. Мектеп болсын, университет болсын – белгілі уақыт шеңберінде ғана білім беретін, уақыт жағынан мүмкіндігі шектеулі орындар. Кітапхана уақыт шектемесіне ұшырамай, өмір бойы қызмет көрсетеді.
Кітапхана жұмысының ерекшелігі көп, өзіне тән қызығы да, қиындығы бар. Біріншіден, кітапхана қызметі ізгілік қағидаларына негізделген. Қай елге, қай жерге барсаңыз, ақылы кітапхана жоқ. Ол – әлемдегі ақысыз қызмет көрсететін бірден-бір мекеме. Екіншіден, әлеуметтік игіліктерге адамдардың бәрінің қолы жете бермейді. Айталық, жақсы медициналық көмек пен сапалы білім алудың өзі қаржылық жағдайыңызға байланысты. Кітапхана қызметі қоғамның барлық мүшесіне ортақ. Ол адамдарға алаламай, байға да, кедейге де, кәріге де, жасқа да, он екі мүшесі сау адамға да, көмекке мұқтаж жандарға да бірдей қызмет көрсетіледі. Үшіншіден, кітапхана жұмысы – көзге көрінбейтін, бірақ өте ауыр жұмыс. Кітапханашылар үнемі кітаппен жұмыс істейді, оның ішінде кітап тасу (көтеру) сияқты ауыр дене еңбегі де бар. Бұдан тыс үнемі ескі кітаптың шаңын жұтып жүріп жұмыс істеуге, электр нұрының астында ұзақ отыруға мәжбүр. Басқа салада мұндай зиянды ортада жұмыс жасайтындар үшін денсаулығын күтуге арналған әлеуметтік пакеттер бар. Төртіншіден, қазір кітап көп, оқырманға керекті кітаптарды талдап, ұсыну – кітапхананың басты міндеттерінің бірі. Сондықтан кітапхана мамандары ақпаратты талдай алатын қабілетке ие, білікті де білімді болуға тиіс. Бұл үздіксіз тәрбиеленуді қажет етеді. Өкінішке қарай, кітапханашыларда бұл мүмкіндік жоқ.
Қазір қоғамның да, оқырманның да талабы өзгерген. Сондықтан кітапхана да өз қызметін өзгерту процесін бастан кешуде. Кітапхана – әрі білім беру орны, әрі мәдениет орталығы, ақпарат тарату және анализ жасау орталығы, сондай-ақ демалыс орны болу сияқты сан-салалы қызметтерді атқаруда. Дамыған елдерде осылай. Қазір адам тәрбиелеудің әдістері жаңарған, соған сай кітапханалар алдында өз оқырманын жан-жақты кешенді шаралар арқылы тәрбиелеу міндеті тұр. Кітапханаға адамдар кітап оқуға ғана бармайтыны белгілі. Өйткені әркімнің үйінде өзіне жетерлік кітап қоры бар. Ғалымдар болмаса, қарапайым бұқара үйіндегі кітаптарын оқудан аса алмайды. Ал ғалымдар үшін ғана қызмет ететін болса, кітапхана мәнінен айырылады. Кітапханаға біреу кітап оқуға барса, біреу жаңа ақпараттар алуға барады, біреулер қоғамдық қарым-қатынас орнату үшін, біреулер демалуға барады, т.б.
Кітапханаға қатысты біраз мәселе әлі де бар. Кітапхана қызметінің маңызын қоғам мүшелері де, үкімет те жақсы біледі. Бірақ кітапханаға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Өйткені адамдар бәрін өзінің пайдасымен өлшеуге әбден дағдыланған, қызметке өз мүддесі тұрғысынан қарау – жоғарыдан төменге дейін етек алған үрдіс. Мына қолмен беріп, ана қолмен алатын жерге болмаса, экономикалық қайтарымы жоқ іске қаржы бөлуге ешкім құлықты емес. Ал кітапхана қызметі – көзге көрінбейтін жұмыс, экономикалық қайтарымы да жоқ. Қысқасы, кітапханаға жұмсаған қаржы жеке бастың абыройы үшін өнімді жарнама дей алмаймыз. Адамдар жарнама үшін жұмыс істейді, басшылар да, байлар да солай. Жұмысқа жауапты басшы жұмыс істеу үшін емес, өзінен жоғары орында отырған басшысына есеп беру үшін құжат дайындауы керек. Сондықтан көзге көрінетін іске қолдау жасау олар үшін пайдалы. Ал шындап келгенде, кітапхана – қоғамның қазіргі қажеттілігін өтеумен қатар, болашаққа да қызмет ететін орын. Кітапханаға жұмсалған қаржы – болашаққа салынған инвестиция. Біздің қоғам осыны әлі түсінбей келеді.
Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ,
ф.ғ.к., Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі