Яғни, Абайдың кемеңгерлік ақыл-кеңестерін бойына мықтап сіңірген, қаруланған ересен қабілеттің иесі. Оған қоса, есті қауым мен өнерлі ортада өскендігі тағы бар. Ал биыл Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толды.
Абай Шәкәрімнің тұлғалық қасиеттерінің, яғни рухани көшбасшылық, зиялылық, жауапкершілік, терең ойшылдық-ғұламалық, табандылық, жауаптылық, үйретушілік, сенімділік, бір мезетте бірнеше істі атқарушылық тәрізді ұстанымдарды қалыптастырған. Абай өнегесі мен тәлімін жан-тәнімен, сай-сүйегімен ынтығып қабылдаған Шәкәрім: «Мені Абай тәрбиеледі. «Абай болмағанда, мұндай болуым неғайбыл еді», – дегені әрі кісілік әрі кесектік.
Шәкәрімнің энциклопедиялық білімі мен шығармашылық өмірбаяны жайынан Ахат Шәкәрімұлы ақсақал (1900–1984) әкесінің ғылыми және әдеби-тарихи әлеуетінен нақтылы мәліметтерді баяндаған:
«Қазақ шежіресін жазбақ болады. Ол үшін Табаридің – «Тарих ғумими», «Тарих ғұсмани», «Тарих Интишар ислам», Нажім Ғасымбектің – «Түрік тарихы», Абылғазы баһадүр хан жазған «Шежіре Түрік», Радловтың «Ойғыр туралы», Аристовтың «Түрік нәсілі туралы», дүниедегі әртүрлі жұрттың шежірелерінен: Түріктің ең ескі замандағы шежіресі – «Құтадқу білік», «Кошо-қайдам», Қытайдың – Юан-Шау-Ми-Ши деген тарихшысының жазғанын, парсы, Рим, Европа жазушыларының жазғандарын оқиды. Сөйтіп, қазақ шежіресін жазады. Қазақтың лұғатын жазбақ болады. Қазақтың бай ауыз әдебиетін, эпостық әңгімелерін, мақал-тақпақтарын, мәнілі сөздерін жинайды. Қазақтың мақал-мәтелдерін сынап, оларды құрып, «Қазақ айнасының 2-бөлімі» – деп жазады. Эпостық – «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» уақиғаларын өлеңмен жазады. Өлеңдер жинағын «Қазақ айнасы. 1-бөлім» деп жазып бастырады. Бұлар – ерте кезде жазғандары».
Сондай-ақ, «Білімді алаңсыз қууына ең алдымен ағасы Абай себепші болған», – деп жазады Ахат Шәкәрімұлы және «Абай маған: «Сен ел ісіне кіріспе, тек біліммен шұғылдан» дейтін», – деген лебізін келтіреді.
Тағы да Абайдың «Әкімшілік қолында болған адам елді жемей, қиянат қылмай, партия, дау-жанжалға кіріспей отыра алмайды. Кіріскен адам ардан айырылады, білім қуудан қалады» дейтін кеңесін Шәкәрім жадына, көкейіне мықтап тоқыған.
Абайдың ғылыми ортасы мен білімпаздармен қарым-қатынасы турасында бірегей айғақтар айтылған.
«Абай менің бетімді түзеп, адам болып шығуыма өтелмес еңбек сіңірді. Бір жылы біздің Жонды аралап шығуға орыс инженері келмек болды. Абай землемерге мені қосты, әрі орыс тілін үйрен, әрі өнерін үйрен деп. Мен ол адаммен үш айдай бірге жүріп, жер өлшестім. Осы үш айдай күнім – жылдай болды. Землемер менің шала білетін орыс тілінде дұрыс сөйлеуге үлкен көмектесті. Және мен оның үйретуімен тік үшбұрыштың есебін үйрендім, алыс екі төбенің арасын не таудың басын төмен тұрып қалай өлшеуді үйрендім. Демек, геометрия заңдарын үйрендім. Тастардан металдар шығатындығын, әдістерін, белгілерін байқадым. Ол адам кетерінде маған көп өлшеу құралдар берді, дүрбісін беріп кетті, бұ да Абайдың арқасы. Долгополов, Михаэлис сияқты Абайдың достары келгенде Абай мені шақыртып алатын. Мен олардың аса қымбат сөздерін, бағалы кеңестерін, ақылдарын зердеме алып, сан естідім. Долгополов пен Михаэлистердің социология ғылымы жайында айтқан әңгімелері, ақыл-кеңестері күні бүгін ойымнан шықпайды, маған үлкен сабақ болды. Батыс-шығыстың ескі замандағы ойшылдары, жазушы-ақындарымен танысып, оқуыма да Абай себеп болды. Ғылым іздеп, қалаларды аралауыма Абай себеп болды. «Мұсылмандық», «Түрік-қырғыз» шежіресін «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебекті» жазуыма көп көмек берді» дейтін». Есті кісіні зиялы орта асқақтатады. Естіп, көрген, зердесіне тоқыған дегеніңіз сарқылмас қазына ғой.
«Мен, – дейді Шәкәрім, – Жайлауда Абай ауылына бардым. Үйде Абай тұрғылас ақсақалдар толып отыр екен. Мен сәлем беріп кіргенде Абай: «Кімді айтса, сол келеді дегендей, Шәкәрім, келгенің жақсы болды. Мен мына ақсақалдарға айтып отыр едім. Мен етекбасты болып, білім қуа алмай қалдым. Сол көксеген арманымды Шәкәрім арқылы орындаймын деп, саған білім қуғызатын болдым! Адам қырық жасына дейін білім жинап, қырық жасында кәміл толады, ақыл-ойы, жігер-қайраты жетіледі. Енді үш жылға дейін орыс тілін үйрене бер. Бар қаражатың менің мойнымда, сен осыған дайындал. Кәне, осыған келісесің бе?» – деді. Мен: «Барлық қаражат сізден болса, білім алуға барайын. Бірақ қай жерге барамын?» – дедім. Абай: «Афин-Грек білімі Стамболға жиналған, содан табылады. Араб білімі: Меккеде, бірақ меніңше, Меккеден гөрі Мединадан көбірек табылуы керек. Және Мысырдағы Александр атындағы кітапханаға барасың. Осы төрт жерге барып, тарихи орындарды аралап, керек кітаптарыңды алып, біліміңді толықтырып қайтасың. Сатып алатын кітаптарыңа, жол қаражатыңа жетерлік пұлды өзім берем. Осыған келіссең, қолыңды әкел – деп», қолын ұсынды». Мінеки, Абайдың дүниенің төрт бұрышын жетік таныған, жердің түбіндегі құпия сыр-хабарларды бақылаған, зерделеген, «қараңғы перденің ар жағындағы мәліметтерді зерттеп» көрсеткен. Мұндай қасиет «Ғайып ерендердің ең жоғары дәрежелісі» Құтбқа (яғни, Пайғамбар аяндарының құпия мағынасының білгірі, оның білімі Тәңірінің өзінен, мекені Мекке бұйырған. (Бекасыл әулиенің пайымдауы). Сол себепті болжампаздықта мыңжылдықтың тарихы бар. Көрегендік, көсемдік Абайға да тікелей қатысты.
Шәкәрім айтады: «Сөйтіп, 1905 жылдан 1906 жылға қарсы күзде жүріп кеттім. Абайдың ақырғы кеңесі – осы сапарым менің көзім ашылып, адам қатарына қосылуыма үлкен себебін тигізді. Сол сапарда, неше ұлттың ғалымдарымен сөйлесіп, пікір алысып, керек кітаптарды алдым. Ол кітаптарды посылка етіп, Семейдегі Әниярдың атына жіберіп отырдым. Стамболда тарих қорларын сақтайтын орындарда болып, ары бара жатқанда 13 күн тарих ақтардым. Ертедегі Шығыс ақын-жазушы, ойшылдарының шығармаларын түгелдей алдым. Гомерден бастап Грек халқының ойшыл-философтарының шығармаларын, Батыс философтарының шығармаларын, ертедегі Түрік ғалымдарының жазған шығармаларын, әр елдің лұғаттарын, Америка жазушыларының шығармаларын алдым. Демек, менің бұл сапарым көкірек көзімді ашып, аңсаған арманыма қолым жеткен сапарым болды! Бұ да Абайдың маған ақыл-кеңесінің жемісі. Стамболдан Меккеге бардым, оның тарихи орындарында болып, көп қажеттерімді таптым. Мединаға бардым. Одан араб халқының ескі замандағы Мұхаммед пайғамбардан 200 жылдай бұрын болған Абу Суфиян сияқты ғалымдардың шығармаларымен танысып, кітаптарын алдым. Бірақ Мысырдағы (Египеттегі) Александр атындағы кітапханаға бара алмадым. Меккеде сол кітапханада көп жыл істеген ғалымға кездесіп, менде жоқ ғалымдардың шығармаларын жазып алдым. Қайта қайтқанда бізден ауру шығып, бір айдай Стамболда жатып қалдық. Мен доқтырмен келісіп Стамболдың тарихи орындарын тағы ақтардым. Үнді, парсы ғалымдарымен пікір алыстым. Ең аяғы Түрік музыкантынан нота жазуды үйрендім. Парсы тілін жетік білетінімнің арқасында парсы, үнді доқтырларымен сөйлесіп, емдеу тәсілдерінің көбін үйрендім» – дейтін». Бұндағы адамзат ғылымы, өнері, мәдениеті тарихындағы бірегей шығармаларды тауып оқығаны және ғұламалармен сұхбаттасуы (мысалы, дәрігерлермен), нота жазуды, емдеу тәсілдеріне қанығуы – Шәкәрімнің оқымыстылық келбетін танытады.
Шығыс әдебиеті хақындағы кемел білімін айтар болсақ, онда ұлт суреткері Мұхтар Әуезовтің биік бағасы мынадай: «Бір күні Мұхтар: «Сол Шығыс ақындарының ішінде ең күштісі қайсысы?» – деп сұрағанда әкей: «Олардың бәрі де шебер, нәзік-көркем жырдың иелері, шешен тілді ақындар, маңызды әңгімелерді жазушылар. Бұларды Батыстың ойшыл-ақындары да мақтаған: бірінен бірін артық-кем деу қиын. Солардың ішінде Ғафиз (Хафиз) – «Ниссан-ил-ғайып» атанған: «Оның тілі ғайыптан келген», – деген мағынада». Тілге өте шебер ақын болған деп Ғафиздің өлеңдерін айтып, оқып, аударып беретін. Шайх Сағади да қызықты, мазмұнды әңгімелерге шебер жазушы болған деп, оның да бірнеше қызықты әңгімелерін айтып беретін. Солар сияқты Науаи, Фердаусилардың да не жазған, не дегенін айтып-әңгімелеп беретін. Бұл жайт әрқашан болып тұратын. Мұхтар әкеймен жиі келіп әңгімелесетін. Қыста да Мұхтар мен арқылы әкейге хат жазып, керекті сұрақтарына жазба түрде жауап алып тұратын. Кейінде Мұхтар марқұм айтатын: «Сол кезде Шығыс әдебиеттеріне Шәкәрімдей жүйрік адам көргем жоқ. Шығыс әдебиетіне берілуіме себеп болған ұстазым – Шәкәрім!»
1960 жылдың 25 қыркүйегінде Мұхтар Әуезов Шолпан-Атадағы үйінде кеңестік идеологияның қыспағында жүрсе де Шәкәрім, Макс Кучинский, Қошке Кемеңгерұлы хақында жүрек төріндегі естеліктерін есілтіп-төгілтіп жеткізеді. (Ысқақ Дүйсенбаев естелігінен).
Абайдың ілімін ту ғып ұстаған Шәкәрімнің өміріндегі, өнеріндегі қағидасы мынау: «Біздің заң – ар жолы, билікті ардан, адамшылықтан аттамай, тура айтамыз», – дегендей сөздер екен.
«Абай екеуміз әңгімелесіп отырғанда, өлеңнің қанша буында жазылатынын айтыстық. Сонда ең көбі 11 буын болады екен, 8-4 буынды да өлең жазылады екен. 10 буынға өлең жазылмайды екен. Мен үйге келіп 10 буынға өлшеп, өлең жаздым. Бірақ өлеңнің 1-ші жолы мен 3-ші жолы, 2-ші жолымен 4-ші жолы ұйқасатын болса да, оқығанда қара сөз болып кетті. Содан әуреленіп жүріп, әнмен айтылуға келтірдім», – деген болатын».
Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» кітабында «Ибрахим мырза... мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек, дана кісі еді» деп, өте әділ бағалаған-ды. Яғни, қазақтың ақыл-ойы тарихындағы төтенше құбылыс, Жаратушының сыйы, кемеңгерліктің айнасы.
Қазақ халқының шынайы рухани тарихында Шәкәрімнің шығармашылық өнері өзгеше құбылыс деуге лайық. Ақын жырлары – жан, жаратылыс, замана турасындағы ой-толғамдарын, ішкі сырлары мен күйлерін, зар-мұңын, өксік-өкінішін, усойқысын бүкпесіз жайып салады. Әрі ақыл-ой мәдениетін, саналылықты, тазалықты, парасаттылықты шырқау биікке көтеруді көксейді. Сондықтан оның ойлы, уытты өлеңдері өскен ортасының, уақыттың, халық өмірінің айнасындай.
Шәкәрім Құдайбердіұлы – ұлт руханияты кеңістігінде құс жолындай жарқыраған Абайдың ақындық дәстүрін әрі мағыналы, әрі толық жалғастырған, өз жолын тауып, өзіндік өрнектерімен өркендеткен өрелі тұлға. Ұлы абайтанушы М.Әуезов айқындаған Абай өнерпаздығына тән қасиет-сипаттар: мінез түзететіндік (ахлах), тереңнен толғайтындық (пәлсапа), сыншылдық (критика), суреткерлік (художественность), жүректің мұң-зарын, сырын тапқыштық (лирика), ащы тілдік, ызамен күлетіндік һәм керемет аудармашылық Шәкәрімге де дарыған және әдебиетшілік ортақ белгілер еді.
Дархан дарын өлең құрылысының табиғатын түбірінен қозғаған ақын, оның ішкі ағыстарын, қозғалыстарын түбегейлі құбылтып, алуан сырлы сипатта толқытып түрлендірген төтенше жаңашылдығымен көзге түседі.
Шәкәрім поэтикасы – мақсатты, саналы ақындық санадан, ойшыл, қуатты, мәнді толғаныстардан нәрленіп қоректеніп, сөз бейнелілігінің жасауларымен мұздай киініп туған. Бұл тұстарда Ш. Құдайбердіұлының ақындық әлемі мен шеберлік сырларын, көркемдік таным иесінің ойлау жүйесін таразылау, тереңіне үңілу оңай шаруа емес.
Ақын ана тілінің бейнелілік, суретшілдік қуатын сұңғылалықпен сезініп, ішкі мүмкіндіктерін, ішкі ағыс-астарларын, қыртыс-қабаттарын мейлінше молынан аша алған. Оның интеллектуалдық мәдениеті, өнерпаздық қабілеті, өмірлік, көркемдік тәжірибесі, ересен ғылыми ізденістері – поэзияда жаңашылдық рухқа, өшпес өрнектерге, сан қилы сирек кестелерге бой ұруына әрі соншалықты құпия, күрделі тоқылуға бейімдеді. Сондықтан да өлеңінде қисынды логикалық ойлы сөйлемдермен қатар, дағдыдан тыс синтаксистік құрылым мен мағыналық жағынан түсінуге күрделі сөйлемдер, жұмбақ иллюзиялар мен метафоралық-ассоциациялық мәні алабөтен сөз-образдар көп. Мұның төркініне барлау-бақылау жасауға ұмтылар болсақ, ақын онтология, жаратылыстану, этика, эстетика, философиялық пәндердің ғылыми-көркемдік танымын әдеби-шығармашылық көзқарас тұрғысынан қалыптастырған. «Тіршілік, жан туралы» деген өлеңінде:
Бұл жан басынан бар,
Ойла, тексер ақылмен,
Құр сөзге нанып ден қойма!
Шын таза ақылдың таппас заты жоқ
Ол қасиетін жойма.
Оларды сөзбен қайраған,
Ақылдан алыс айдаған,
Ойменен тапқан бұлдыр деп,
Дене мен тәнге байлаған.
Я болмаса, «Тау басындағы ой» өлеңінде:
Күн батып, ай, жұлдыздың айналуы –
Шынында, дөңгеленген жер жүрісі, –
дегенінде ғылыми таным өрісін, «таза ақылмен өлшеп сынау» қабілетін және Жаратушының ұлы қызметін жүйрік танытады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы «Мен адамның таппаймын өнерлісін» өлеңдерінде аэроплан, телефон, граммафон, электр, радио, магнит, спирт, гипноз, телепат, пакризм, лунатик тәрізді терминдік ұғым-атауларды көп қолданған. «Шын таза ақылдың таппас заты жоқ», «Не қылсаң да ғылым біл» деп қауымды ғұламалық және білімдарлыққа үндеп, мәнді ойлар мен тартымды тұжырыммен қорытады. Абай ұстазының ғылым жайындағы негізгі ой-тұжырымдарын, жасампаз жаңашыл көзқарастарын байыта түседі.
Шын мәнінде, Шәкәрім Құдайбердіұлының ақындық даналығы мен даралығы, поэзиясының жаны, суреткерлік сыры – терең дүниетанымы, интеллектуалдық, рухани байлық қанатты қиял, көркемдік қабылдау, Жаратушының істерін қызықтау.
Мазмұн мен түр, ой мен сезім, сөз бен бейнелілік, архитектоникалық құрылым – ақын философиясына тәуелді.
Құрыштай сөздерден іріктеп, сұрыптап, сомдап өлең құйған, оған ән шығарған композиторлық өнерін қосайық. «Ойдан шығарылған бар түрлі әндерімде»:
Білсең үйрен әннің мәндерін.
Дәл толқындарын толғап,
Бұлжытпай,
Келтір кемеліне сәндерін.
Ән мен күйдің тілі – үн,
Ұқпасаң оны, саған мін.
Жасыңнан талаптан білуге сырын,
Жете ұғып алған соң,
Жарасады әнге қоссаң жырын, –
деп, өз өлеңінің алуан сарынды құрылысын, ішкі мүмкіндіктерін, эстетикалық сапасын, логикалық, психологиялық кідірістерге, ой мен тұрақты фразалық екпіндерге байлығын, қасиеттерін, жауһар сипаттарын жарқырата ашып көрсетеді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы поэзиясының әсерлілігі мен мәнерлілігі, көркемдігі мен салмақтылығы – ақылдың сәулесіндей, халықтың сан ғасырлық тәжірибелерінің қорытындысындай, көшбастар көсемнің даналық мәйегіндей мәнді, мәнерлі, өрнекті, аталы, ғибрат сөздермен де тікелей байланысты.
1. Кісі бағын деме бағым,
Өз денеңді нұрлы қыл.
Ай сықылды болма жарық,
Қарыз алып күн нұрын.
(«Сен ғылымға...»)
2. Екі жуан сыймайды жер жүзіне,
Тоғыз кедей сыяды алашаға.
(«Бір ханда екі ұл бопты...»)
3. Дос мақтайды сені жақсы өрмек үшін,
Дұспан мақтар елірте бермек үшін.
(«Мақтау мен сөгіс»)
4. Анық байлық – денеге біткен өнер,
Білімдінің бәрі де саған төнер,
Арам жиып мақтанған дәулет емес.
(«Бай мен кедей»)
Шәкәрім шеберлігі – табиғат пен адамзат дүниесіндегі құбылыстарды салыстыра, жарыстыра, ұштастыра жырлағанда айқын аңғарылады. Табиғатты сипаттағанда көңіл күй толқындарын сұңқылдатып сөйлетеді. Әдеттегідей жадыраған, жарқыраған, жаратылысқа лайық күйлі, қуатты жағдай емес, керісінше, жүдеу өмір, сұрғылт тіршілік, опасыз жалған. Мысалға, «Өлген көңіл, ындынсыз өмір» жырына мына шумақтарды келтіріп, ойға жүгіртелік:
Жаралы менің жүрегім
Жайнай алмас сол бірақ...
Сайып келгенде, Шәкәрім Құдайбердіұлы Шығыс мәдениетін, әсіресе адамзаттың көркемдік және интеллектуалдық дамуына қуатты, жойқын ағын қосқан Фирдоуси, Сағди, Жәми, Руми, Рудаки, Ғафиз, Науаи сияқты зиялылардың рухани мұраларын және орыс халқының өнер, ғылымынан нәр алып, қоректенген ерекше тұлға. Сондықтан да оның туындыларында жаһандық рухани мәдениеттің алуан түрлі қатпарлары, әдеби дәстүрлері, сөз саптау ерекшеліктері, ғұламалардың небір ғибрат ой-тұжырымдары көрініс тапқан. Сондай-ақ «Авестадағы» «асыл ой, асыл сөз, ізгі әрекет» сияқты үш бірлік-тұтастығын Шәкәрім ұстанған.
Расында, Шәкәрімнің «жанды ой жүйесінде» – сыншылдық та, сыршылдық та, тарихшылдық та, гуманистік пафос та, этикалық-философиялық көзқарас та, діни-мұсылмандық дүниетаным да біртұтас келісім тапқан. Шәкәрімнің поззиясында фәлсафалық қасиеттер мол. Сөз жоқ, Шәкәрімнің фәлсафалық интуициясы – ақыл-ой қопарылысының нәтижесі. Сондықтан да әсерлі, көркем ғибратнама.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
филология ғылымдарының докторы, профессор