Облыс орталығынан небәрі 40-50 шақырым қашықтықта орналасқанына қарамастан, қазіргі өркениет көшінен тым алыста қалғандай көрінетін Жезді деп аталатын кент бар. Заманында кенттің атағы берісі Кеңес Одағына, әрісі әлемге әйгілі болған десе, бүгінде ешкім сене қоймаса да шынайы тарих солай еді. Танк өндірісіне аса қажетті марганецтің тапшылығы сезіліп жатқанда Қаныш Сәтбаев оның мол қоры бар екенін дәлелдеп шыққан соң Жездіде бар-жоғы 38 күнде зауыт салынған болатын. Егер рас болса, сол күндері Сталиннің өзі тікелей телефонмен хабарласып, зауыт құрылысының қалай жүргізіліп жатқанын біліп отырған деседі. Сөйткен Жезді 1997 жылы аудан орталығы мәртебесінен айырылды. Көптеген үй қаңырап бос қалды. Олар әлі де сол есік-терезесі үңірейген қалпында сақтаулы тұр.
Жергілікті билік тарапынан Жездіге инвестиция тарту талабы болғанымен, бәрі де сәтсіз аяқталды. Кентте тұрақтап қалған халықтың үміт оты бәрібір сөнбеді. «Күндердің күнінде Жездінің бұрынғы жайнаған қалпы қайта айналып келеді» деген сенімде болды. Сол сенім ақталуға шақ қалғандай. Өйткені Жездіде кремний зауыты салынатын болды.
Еліміздің көршілес Қытай мемлекетімен әртүрлі саладағы байланыс аясы жыл санап кеңейіп келе жатқаны белгілі. Екі елдің кәсіпкерлері өзара тығыз іскерлік байланыстар орнатып та үлгерді. Жездіде ашылатын зауыт – осындай іскерлік байланыстың жемісі.
Зауыттың құрылысы қашан басталады? Қанша жұмыс орны ашылады? Жезді кентінің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы зауыттың орны қандай болмақ? Бұл туралы инвесторлар кент тұрғындарымен кездесіп, өз жобаларын жан-жақты таныстырды.
Қытайлық кәсіпкерлер Шао Ханминг пен Ми Ронгтің айтуынша, жобаның жалпы құны – 7,5 млрд теңге. Қытай жағы осы қаражаттың 20 пайызын құяды. Ал қалған бөлігін жергілікті «Ұлытау кремний» ЖШС көтеретін болады. Екі жақты тиімділік деген осы емес пе?!
Қытай жағы тұрғындармен кездесу барысында экологияға зиян тигізбеу, қоршаған ортаға шаң-тозаң, зиянды қалдықтар бөлінбеуін қамтамасыз ету мақсатында зауытта шаң-тозаңды сүзгілеу, яғни фильтрлеу жүйесі орнатылатын мәлімдеді. Кремний зауыты жылына 15 мың тонна өнім өндіруді көздеп отыр. Мұнда 200 жұмыс орны ашылмақ.
Қытайдан технологияны үйрету мақсатымен 40 шақты маман келеді, қалғаны жергілікті тұрғындардан алынады. Зауыттың кеңсесі, жатақханасы салынады. Жұмыс жүріп кетсе, Жездіден тек кремний зауыты ғана емес, цемент, кірпіш зауыты да салынуы мүмкін.
– Біздің жобамыз Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту, жетілдіру тұрғысындағы екі ел басшыларының уағдаластықтары шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл аймағымыздағы әлеуметтік-экономикалық дамуға соны серпін беретін болады, – дейді «Ұлытау кремний» ЖШС директоры Ғалымжан Даржанов.
Кремний зауыты сәтін салса, 2024 жылдың тамыз айында іске қосылады.
Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік байланыстың келесі желісі Ұлытау облысында жасыл энергияны дамытуға бағышталатын болады. Осы мақсатта жуырда ғана Ұлытау әкімдігі мен қазақстандық және қытайлық инвесторлар арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Қазақстандық «ТехноГруппСервис» компаниясы қытайлық Sinohydro Deputy компаниясымен бірге Ұлытау жерінде екі жобаны жүзеге асыруға бел байлап отыр. Мұның бірі – облыстың Жаңаарқа ауданының территориясында жел энергиясын өндіретін станса болса, екіншісі – Жезқазған қаласында сол жел электр стансаларына қажетті мұнараларды өндіретін зауыт болмақ. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін өңірге 489 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылатын болады.
Қытайдың энергетика мен инжиниринг саласында үздіктер санатынан табылатын Sinohydro Deputy компаниясының әлем бойынша да баламалы энергия өндіретін станса салудан мол тәжірибесі бар.Облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлы облыстың табиғи ерекшелігін тиімді пайдалану тұрғысынан келгенде көзделген жобаның берері мол екеніне сенімді.
– Жаңаарқа ауданының территориясынан жел электр стансасын орнатуға арнайы жер бөлінді. Мұнда 3,4 млрд киловат энергия шығаратын мүмкіншілік бар екені анықталды. Бұл біздің өңірдің қажеттілігін толық өтей алады. Арзан энергияға қол жеткіземіз және өз қажетімізден артығын еліміздің басқа да өңірлеріне шығаратын боламыз. Жобаны жүзеге асыру экология мәселесінде де оң өзгерістер алып келеді. Сондықтан біз өз тарапымыздан жобаның мерзімінде іске асуы үшін барлық тиісті жағдайды жасайтын боламыз, – дейді ол.
Sinohydro Deputy компаниясының директоры Жи Жен Вей бізбен әңгімесінде жобаны қолға алу үшін өңірдің табиғи ерекшелігі жан-жақты сарапталғанына тоқталды.
– Өйткені біздің негізгі қозғаушы күшіміз – жел. Ал бұл жағынан келгенде Ұлытау аймағының желі өте күшті екен, соны білгенде кәдімгідей қуанып қалдық. Сондықтан бұл өңірде жел стансасын ғана емес, сондай стансаға қажетті мұнаралар өндіретін зауыт салуды да ұйғардық. Біз Ұлытау облысының экономикасын бірлесе көтеруге әзірміз, – деген ол жасыл энергияны өндіруде өздерінің бай тәжірибесін қазақстандық әріптестерімен бөлісуге әзір екенін мәлімдеді.
Қытайлық компанияның әріптесі – «ТехноГруппСервис» компаниясы. Компания жетекшісі Жомарт Момынбаевтың айтуынша, жел мұнараларын шығаратын зауыт үшін 20 гектар жер бөлінді, ал құрылыс келесі жылы басталады екен.
– Біз бұл жобаға зор ынтамен атсалысқалы отырмыз. Өйткені жасыл экономиканы дамытуға үлкен серпіліс беретін мұндай зауыттың әзірге еліміз бойынша ешқандай да баламасы жоқ, – дейді ол.
Жоба бойынша зауыт жылына 100 мұнара шығаратын болады.
– 100 мұнараның қуаты 500-600 мегаватқа жетеді. Бұл – өте зор қуат. Біз көршілес Өзбек, Түрікмен елдерінің де жасыл энергияға деген құлшынысын байқап отырмыз. Сондықтан кейін сол елдерге экспортқа шығару да ойымызда бар, – деген Ж.Момынбаев бізбен қытайлық әріптестерімен бірге қолға алып жатқан жобаның болашақты көздеген мақсатын да бөлісті.
Аталған жобалар іске асқанда 300 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Жаңа да жас облыс үшін инвестиция тарту оңайға түсіп жатпағаны да белгілі. Жоғарыдағы аталған жобалар облыс құрылғаннан бергі өңірге сырттан келіп жатқан ең ірі инвестиция десек, артығы жоқ. Сондықтан да халық аталмыш жобаларға зор үміт артып отыр.
Майлыбай КЕТЕ,
Ұлытау облысы