Кәсіпкерлер мен ғалымдар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісті

Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым қоры атынан Satbayev University және «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен – Tech Garden бірлесіп «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» ғылым мен бизнесті интеграциялау бойынша диалог алаңын ұйымдастырды.

Алаң жұмысы аясында қазақстандық ғалымдар жер қойнауын пайдалану саласындағы 10 жобаны таныстырды. Әрбір қатысушының міндеті 3 минут ішінде әлеуетті бизнес-серіктестер мен инвесторларға олардың ғылыми әзірленімдерінің коммерциялық құндылығын жеткізу болды.

Таныстырылған жобалар қатарында – алынуы қиын қорлар үшін мұнай беруді арттыру технологиясы, құрамында көмірсутегі бар қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі қондырғылар, кен орындары мен кен орындарын болжау жөніндегі жүйе, геотехнологиялық және мұнай ұңғымаларын тазарту жөніндегі құрылғыларды енгізу, NOAH мұнай және газ кен орындарын су басу орындарына мониторинг, өнеркәсіптік қалдықтар негізіндегі биомелиорант, кен материалдарын ұсақ және өте ұсақ ұнтақтауға арналған жоғары тиімді диірмен, металдарды алуға арналған криоадсорбент, жер қойнауын пайдаланумен ластанған сарқынды суларды тазарту технологиясы,  Pollok  аумақтық және ұңғымалық геофизика деректерінің үлкен массивтерін кешенді өңдеу әдістемесі.

 

 Іс-шараға KAZENERGY мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының, мұнай-газ-химия өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар, сарапшылар, ғалымдар, өнертапқыштар және бизнес өкілдері қатысты.

 Құттықтау сөзінде Ғылым қорының басқарма төрағасы Әбділда Шаменов осындай кездесулерді өткізудің практикалық әсерін атап өтті. Бұрын жүргізілген коммерцияландыру реакторларының қорытындысы бойынша, 63 ғылыми жобаның 31-і бірлесіп іске асыру үшін өздерінің әлеуетті бизнес-серіктестерін тапты.

Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев өз сөзінде: «Қазіргі уақытта бүкіл әлем тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуде және бұл тұрғыда Сәтбаев университеті де бөлек қала алмайды. Университет қабырғасында өткізілетін коммерцияландыру реакторы да ТДМ жетістігінің көрсеткіші, бизнес пен ғылымды біріктіру, экологиялық жер қойнауын пайдалану тақырыбы – тұрақты дамудың және ESG белсенді мақсаттарының бірі», –деп атап өтті. 

 Айта кету керек, бүгінде Satbayev University Ғылым қоры желісі бойынша 24 жобаны іске асырып келеді. Олардың ішінде жетілдірілген өнімділігі бар электромобильдерді зарядтау стансаларының сериялық өндірісі, интеллектуалды пилотсыз ұшу жүйелері, күн электр панельдерінің модульдерін өндіру, сондай-ақ агроөнеркәсіптік және тау-кен, құрылыс және фармацевтика салаларындағы басқа жобалар бар.

 Өз кезегінде, «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры  Tech Garden цифрлық технологиялар мен өнеркәсіптік шешімдер саласында инновацияларды белсенді дамыту және енгізу үшін әлеуетке ие. «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» осы мақсатқа жетудің тағы бір қадамы болды.

Іс-шара қорытындысы бойынша, бизнес-кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдар арасында бірлескен қызмет туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.