2023 жылғы наурызда күшіне енген банкроттық туралы заңға сәйкес азаматтар өздерін банкрот деп тануға өтінімдер берілген соң, қыркүйек айынан бастап банкрот деп таныла бастады.
Банкроттық – қарыздан құтылудың оңай жолы емес, шарасыздықтан жасалатын қадам
783
оқылды

«Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасының» төрайымы Назгүл Естеуісованың айтуынша, алғашқы банкроттық туралы деректерге сүйенетін болсақ, өтініш берушілердің қарыз сомасы мен оны алу шарттары түрлі.

Кейбір азаматтар 3-4 миллион теңгені бірнеше кредиторлардан, тағы біреулері қарызды бір ғана ұйымнан және шағын сомаға алғандығын байқауға болады. Өкінішке орай, көптеген қазақстандықтар банкроттық рәсімін амнистия және қарыздан құтылудың оңай тәсілі деп ойлап, оның салдарлары туралы мүлдем ойланбайды деген тұжырым жасауға болады.

Ал Tazalau сервисінің деректеріне сәйкес, соттан тыс банкроттық рәсіміне 65 мыңнан астам қазақстандық өтініш берген, алайда олардың 80%-ы мақұлданбаған. Оның басты себебі қарызгер өтінімді банкроттық туралы заң талаптарына сәйкес толтырмаған немесе қате толтырған. Алайда соттан тыс банкроттық рәсімін қалаған өтініш берушілердің елеулі саны қарызын өтеуге мүмкіндігі болған, оның мысалы ретінде берешек сомасы шамамен 100 мың теңгені құрайтын қарызгерлерді келтіруге болады. Мұндай қарызгерлерде қарызды шағын және тұрақты жарналарды төлеу арқылы өтеу мүмкіндігінің болғанына қарамастан, олар келесі бес жыл ішінде еліміздің қаржылық жүйесінен алшақ болуды және ұзақ мерзім ішінде «банкрот» атағына ие болуды қалаған. Бұған қоса халықтың мұндай қадамға баруын кейбір қаржылық институттардың икемсіздігімен де түсіндіруге болады.

Берешекті сотқа дейін реттеу кезеңінде банктер, микро қаржылық ұйымдар немесе коллекторлық агенттіктер қарызгерден берешекті бірден толық немесе оның басым бөлігін төлеуді талап етеді. Әрине, қаржылық қиыншылықтары бар азаматтар аталған талапты бірден орындай алмайды, сол себептен тіпті беделге нұқсан келтірілсе де, шектеулер болса да, банкрот болу жақсы идея болып көрінуі ықтимал болып тұр. 

Еліміздегі осы жайтты пайдаланып, банкроттық рәсім арқылы қарыздан құтылуға көмек көрсетуге уәде беретін делдалдар да пайда болды. Соның нәтижесінде кейбір қарызгерлер кредитті әдейі өтемей, банкроттық рәсімнен сәтті өтуге үміттене отырып, «Банкрот болуға көмектесемін», «Қарыз бен кредиттен құтылуға көмек көрсетемін», «Жұмысқа алсақ, кепілдік береміз» деген секілді слогандары бар қызметтерге жүгінеді. Мемлекет тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде мұндай қызметтерді жарнамалауға, спекуляция жасауға тыйым салынуы тиіс.

Ал өзін банкрот деп тануға берген өтінімі мақұлданбаған азаматтар үш айдан кейін қайтадан өтінім бере алады. Қосымша және ең тиімді шешім ретінде қарызгерлер қарызды қайта құрылымдау мен оны шағын бөліктермен өтеуді таңдай алады. Мұндай шешім қарызгердің әлеуметтік статусына ешқандай нұқсан келтірілмейді және қаржылық институттардың қызметін ары қарай пайдалануға жол береді.