Жасөспірімдер арасынан 300-ден астам лидер анықталған

Балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселесі Ішкі істер министрлігінің басты назарында.

Осы мақсатта «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары» бекітілді. Онда жасөспірімдер ортасында жасалатын қылмыстарды анықтау, жолын кесу және алдын алу шаралары қарастырылған. Бүгінгі таңда әрбір мектеп пен колледжге учаскелік полиция, ювеналды және криминалдық полиция қызметкерлері бекітілген. Олар осы уақытқа дейін қоғамға жат әрекеттер жасауға бейім жасөспірімдер арасынан 300-ден астам неформалды лидерлерді анықтапты. Бұл жасөспірімдер ішкі істер органдарының ерекше бақылауына алынды.

«Кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында аумақтық полиция департаменттерінің бастықтары мектеп және колледж оқушыларымен бірнеше кездесулер өткізді. Жасөспірімдерге қоғамға жат әрекеттер жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы туралы түсіндірілді. Бұл жұмыстарға әртүрлі ведомстволардың 70-тен астам қызметкері жұмылдырылды, олардың арасында прокуратура, полиция, білім беру, әлеуметтік қорғау, СЭС, төтенше жағдайлар, фармацевтикалық бақылау қызметкерлері бар. Профилактикалық кездесулер қараша айының соңына дейін жалғасады», – ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

Сонымен қатар, криминогендік жағдайды сауықтыру мақсатында биылғы жылғы 26 қазаннан 2 қарашаға дейін еліміздің барлық аумағында балалар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Мақсат – балалардың арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау. Осы іс-шара барысында: 239 ұсақ бұзақылық, оқушылардың алкогольдік мас күйде болуының 64 фактісі, мектептер маңында 3,5 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды.

«Жалпы ел аумағында өткен аптада балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша 800-ден астам жергілікті рейдтік
іс-шаралар өткізілді. Оның нәтижесі бойынша балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 2,5 мыңға жуық ата-ана (ӘҚБтК 442-бабы) және мекемелердің 27 меншік иесі (ӘҚБтК 132-бабы) жауапкершілікке тартылды. 302 ата-ана балаларды тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін, сондай-ақ 57 ата-ана кәмелетке толмағандардың алкоголь ішкені үшін жауапқа тартылды. 55 жасөспірім ұсақ бұзақылық жасағаны үшін айыппұл төледі. Түнгі уақытта көшеде ұсталған 92 жасөспірім Бейімдеу орталықтарына орналастырылды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияларда 96 материал қаралды. 16 ата-ана құқықтарынан айырылды және шектелді. 7 жасөспірім дивиант мінез-құлқы бар балаларға арналған арнайы мектептерге жіберілді», – дейді Қайсар Сұлтанбаев.

Спикердің айтуынша, жалпы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы Ішкі істер министрінің жеке бақылауында екен. Сол себепті ол, егер, сіз кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық фактілері туралы білсеңіз немесе өзіңіз зардап шеккен бала болсаңыз, үндемей қалмауға шақырады. Полицияға «102» нөмірі немесе «111» нөмірі бойынша хабарласу керек. Көрсетілген телефондар арқылы тәулік бойы ақпараттық, консультациялық, психологиялық қолдау көрсетілетін болады.