Депутат дәл бүгін үй кезегінде 650 мың адам тұрғанын айтады.
2 миллион отбасының мүшелері пәтер жалдап жүр – Елнұр Бейсенбаев
838
оқылды

Мәжіліс депутаты, "АMANAT" партиясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев мемлекеттік бюджет адал, әділ және ашық болуы тиіс екенін айтты.

 «Бұл менің сөзім емес, бұл Президенттің сөзі, нақты тапсырмасы. Осы ретте, бұл бюджет – 650 мың кезекте тұрған үйсіз халықтың, 2,5 миллион жан бағып жүрген күйсіз жұрттың,  1 миллион жұмыссыз жанның, 7,5 миллион ауыл тұрғындарының  мәселесін шешуі керек еді.

Десе де, инфляцияның тоқтамауы, қымбатшылық мәселесі, жастар арасындағы жұмыссыздық, МӘМС жүйесінің реттелмеуі, үш ауысымдық мектептер мәселесі, лайықты жалақы мен тасжолдарды уақытылы салу проблемасы елімізде жетерлік. Осы ретте, халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппай отыр.

Қазір бірде-бір мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қалмады. Өзін әлеуметтік мемлекет деп таныған ел үшін – бұл нонсенс. Дәл бүгін үй кезегінде 650 мың адам тұр. Бұл дегеніміз шамамен 2 миллион отбасының мүшелері пәтер жалдап жүр деген сөз.

Оның ішінде, олардың үштен бірінің қаржы жинау мүмкіндігі мүлдем жоқ, яғни тапқан табыстары тамағынан артылмайды.

Жылына 9 мыңға жетер-жетпес қана әлеуметтік бағыттағы үй салынады. Ал, бір жылда кезекке 50 мың адам тұрады. Бұл қандай саясат, бұл нендей менеджмент?

Әріптестер, үй болмай, күй болмас! Бұл бір», – деді ол Мәжіліс отырысында.

Депутаттың айтуынша, екіншіден, бөлінген қаражаттың уақытылы игерілмеуі көп іске қолбайлау болуда. Бұған бір ғана мектеп мәселесін мысалға келтірсек те жеткілікті. Мәселен, бюджеттен 2023 жылы мектептердің құрылысына бөлінген қаражаттың көлемі 164 млрд теңге болса, оның тек 37 пайызы ғана игерілген. Бұл – үлкен проблема.

Үшіншіден, жыр болған мемлекеттік сатып алудың тағы бір олқы тұсы. Бюджеттен ақша бөлеміз, ал қажетті жұмыстар басталмайды, нысан салынбайды.

Бірін-бірі сотқа сүйреген компаниялардың жеке мүддесі мен ренішінен әлеуметтік нысандар тоқтап қалуда. Бұл іс кемінде үш-төрт ай қарастырылады.

Соңында, жоба құны қымбаттайды, нысан уақытылы салынбайды. Көбінде шағым дәйексіз болады.

Сондықтан заңнамада негізсіз шағымданушылардың да жауапкершілігін қарастыратын уақыт жетті. Шағым расталмаса, онда компанияға айыппұл салынуы тиіс. Сонда талапкер сотқа берерден, шағым жазардан бұрын ойланатын болады.

Төртіншіден, инфляция ауыздықталмай, қымбатшылық өршіп барады. Бұл өз кезегінде ел азаматтарының әл-ауқатының төмендеуіне әкеліп соғып жатыр. Халық тапқан-таянғанының жартысынан көбісін азық-түлікке жұмсауға мәжбүр. Бізді қалыптасқан осы жағдайдың өзгермей отырғаны алаңдатады. Бұл ретте, Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр.

Бесіншіден, халықтың несие алу деңгейі өте жоғары. Мысалы, биыл алынған несиенің көлемі 18,1 трлн теңгеге жеткен. Бұл бюджетке пара-пар қаражат.

Несие алушылар саны 8,4 млн адамды құраса, олардың ішінде 1,5 млн адам қарызды қайтара алмайтындар қатарында. Бұл көрсеткіш – халықтың төлем қабілетінің төмендеп кеткенінің айқын дәлелі. Яғни, халқымыз бір қарызды екінші қарызбен жауып жүр.

Ендігі бір мәселе –  Ұлттық қорға сенім артқан Үкімет.

Әріптестер, Мемлекет басшысының өзі бірнеше рет Ұлттық қорға қол созуды, оған сенім артуды қою керектігін дөп басып айтты.

Сол үшін, «Ұлттық қор – балаларға» жобасын арнайы енгізді. Енді бұл қорды 6,5 миллион баланың ата-анасы бізбен бірге қадағалайды. Бұдан былай ол жақтан триллиондарды емес, миллиондарды алудың өзі оңайға соқпайды.

Сондықтан ендігі кезекте ішкі ресурстарға сүйенуге, заңсыз иемденген қаражаттарды тезірек қайтаруға және қолда бар қаражатты аса қырағылықпен тиімді пайдалануға күш салу керек.

Жеті. Бюджеттік дефицит пен қарыздарымыз алқымымыздан алып тұр.

Ел болып табатынымыз – 16,5 триллион, ал жұмсайтынымыз – 24 трлн. Яғни 30 процент қарыздан, қордан құралады. Бұл – өте қауіпті құбылыс, яғни қаржылық баланс жоқ.

Сондай-ақ, 2026 жылы бюджеттің нақты 3,5 триллион теңгесі қарызды жабуға жұмсалатын болады. Біз қайда барамыз!

Етек-жеңімізді жинайтын уақыт пісіп-жетілді. Көрпемізге қарай көсіліп, келер ұрпақтың қарызын азайтудың қамын ойлау керек.

«Сыртқы саясаттағы санкциялардың күшеюі, әлемдегі инфляцияның тұрақтамауы біздің де экономикамызға кері әсерін тигізуде.

Иә, бюджетті пысықтау оңай болған жоқ. Екі ай бойы «AMANAT» фракциясы қарқынды, қызу жұмыс атқарды.

Біздің Фракция бір триллионнан астам өзгертулерді ұсынып, рекорд жасады.

Бюджет бойынша 2,4 трлн теңгені мемлекеттік органдар арасында қайта қарастырды.

Аймақтарға 1,5 триллион теңгеден астам қаржы қосымша үйлестірілді.

 Елді мекендерге аманаттық депутаттардың атынан 32 млрд, ауыз суға 10 млрд, «Ауыл - Ел бесігі» жобасына 46 миллиард теңге қарастырылды. Бұл жобалардың әрқайсының артында Фракция депутаттарының тыңғылықты жұмысы тұр.

Ең негізгісі 2024 жылдың өзіне «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын орындауға бюджеттен 5,5 трлн теңге нақты қарастырылды.  Аталған мәселелер, сіздердің біліктіліктеріңіз бен табандылықтарыңыздың көрсеткіші.

Иә, біз сынаймыз. Өзгеру үшін, қоғамдағы түйткілді мәселелерді өзгерту үшін айтамыз. Ашынғаннан емес, жанымыздың ашығанынан айтамыз», – дейді ол.