Астанадағы Rixos қонақүйінде жоғары санатты дәрігер Нұршаш Нұрмұқанның «Инемен емдеудің қыры мен сыры» кітабының таныстырылымы өтті.
Инемен емдеу – бөлек бір ғылым
917
оқылды

Автордың айтуынша, бұл туынды ең әуелі кәсіби медицина мамандарына арналған. Ал медициналық білімі жоқ азаматтарға кешенді нұсқаулық кеңес­терін үй жағдайында орындауға болмай­тынын сөз етті.

– Инемен емдеу арқылы жүйке жүйе­сінің ауруларын, буын ауруларын және басқа да ауруларға көмегі үлкен болған­дықтан, біз осы инемен емдеу ғылымын әрі қарай дамытып, теориялық негізін қалап, қазақ тілінде жүйелі кітап жазуды ойға алдық, – деген кітап авторы денеде ине салатын арнайы орындар бо­ла­тынын және инені қалай салу, қан­дай тереңдікте сұғуды да жақсы меңгеру керегін айтты.

«Кейбір тұстарға тереңірек сұғып жіберсе, оның пайдасынан зияны көбі­рек болады. Инемен емдеу жүйке жүйесі, буын ауруларына, инсульт алған жағ­дайында көмегі өте көп. Сондықтан ине­мен емдеу ғылымының теориялық негізін қалау мақсатында осындай кітап жазып шығаруды ойға алдық», – деді Нұршаш Нұрмұқан.

Оның айтуынша, әлі де болса инемен емдеу Қытайдағыдай қалыптаса қойма­ған.

– Мысалы, Қытай медицинасында инемен емдеу өз алдына бір ғылым.  Ол жақта бес жыл оқып қана қоймай, магис­тратурасын бітіріп, ғылыми зерттеп, қор­ғауға да болады. Ал бізде әлі де болса ха­лықтық ем ретінде қабылданады. Оның үстіне, халық та тамыр ұстап, «өтің толған, ана жерің, мына жерің ауырады» деп зырылдап сөйлегендерге еріп кетеді. Соның салдарынан елімізде инеге қаты­сы жоқ адамдардың емдеуі саңырауқұлақ­тай көбейіп жатыр.Сол себепті кез кел­ген инемен емдеу орталығында маман­ның біліктілігін көрсететін Қытайдан оқығаны жайында дипломы, серти­фика­ты болады. Соған сүйене отырып, Қазақ­станның Білім министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі лицензия береді. Алдымен осыған қарау керек. Екіншіден, білікті маман аурудың себебін алдымен медициналық тұрғыдан түсіндіріп, ана­лиз­дерге талдау жасауы тиіс, – дейді дәрігер.

Ж.ЕДІЛ