2022 жылы 8 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапарында Kazakhstan Petrochemical Industries Inc ЖШС-на қарасты біріктірілген газ-химия кешенін іске қосты.
Газ-химия кешені – біздің ел үшін ұзақ күткізген жоба. Өйткені Қазақстан көмірсутегі шикізатының қорына бай жиырма мемлекеттің қатарына кіргенімен, мұнай мен газдан алынатын дайын өнімнің 90 пайыздан астамын сырттан импорттап келді. Ендігі қарекет – осы олқылықтың орнын толтыру.
Атырау қаласынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан KPI зауыты «Теңіз» кен орнында өндірілетін шикізатты (пропан) сутексіздендіру қондырғыларында өңдеп, полимерлеу арқылы түйіршіктелген полипропилен өнімін алады. Заманға сай Lummus, Catofin және Novolen технологиялары негізінде жұмыс істейтін кәсіпорын полипропиленнің нарықта ең көп таралған, бағасы арзан 11 түрін шығарады. Зауыттың жылдық қуаты – 500 мың тонна, бұл әлем бойынша полипропилен өндірісінің 1%-ын құрайды. Дүниежүзінде мұндай ірі әрі жаңашыл кешен Сауд Арабиясы, АҚШ, Бельгия, Оңтүстік Корея және Қытай секілді бес елде ғана бар.
Айта кетейік, полипропилен – құрылыс, машина жасау, медицина, электр техникасы және орама материалдар, контейнерлер, талшықтар, құбырлар, кеңсе жабдықтары, бақша, кеңсе жиһаздары өндірісінде, сондай-ақ тоқыма және тамақ өнеркәсібінде қолданылатын негізгі шикізат.
Кәсіпорын бүгінде полипропиленнің ПП Н 030, ПП Н 031, ПП Н 120 маркаларын өндіріп жатыр. Зауыттан шыққан өнім Еуропа елдеріне, Қытай, Түркия және Ресейге экспортталауда.
Сыртқы нарықтан бөлек, бұл өнімге сұраныс өзімізде де жыл сайын көбейіп келеді. Қазақстанда ТКШ, автомобиль жасау, құрылыс, медицина сияқты стратегиялық маңызы бар салалар үшін полимер бұйымдарын шығаратын 130-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Осыған орай соңғы бес жылда полимерлерге ішкі сұраныс екі есеге өсіп, қазіргі жылдық қажеттілік шамамен 240 мың тоннаға жеткен. Оның 67 мың тоннасы полипропилен, 173 мың тоннасы полиэтилен нарығына тиесілі. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстанда полимерлер нарығының орташа жылдық өсу қарқыны 4%-ға жетті, демек KPI зауытының өніміне деген сұраныс та ұлғая бермек.
Компания 631 адамды жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек, мердігер компанияларда 1 000-ға жуық адам қызмет етеді. Атыраудағы газ-химия кешеніндегі тағы бір ауқымды жоба – полиэтилен өндірісі. Полиэтилен де жоғарыда жазылған полипропилен секілді шаруашылықта кеңінен қолданылатын полимердің түрі. Ол жоғары тығыздықтағы полиэтилен (HDPE) және төмен тығыздықтағы полиэтилен (LDPE) болып бөлінеді. Соңғы жылдары оны жылыжай шаруашылығы, су құбыры, химиялық бұйымдар жасау, орау, қаптау ісінде жаппай қолдана бастаған. Сол себепті әлемде полиэтилен өндірісі 2018-2022 жылдар аралығында 20,5%-ға артып, жылына 88 млн тоннадан 106 млн тоннаға жетіп отыр. Яғни, өндірістің жылдан-жылға өсуі сұраныстың да көбейгенін көрсетеді. Қазақстандағы бірегей зауыттың құрылысы 2024 жылы басталып, 2028 жылы толық аяқталады деп күтілуде. Кәсіпорынның перспективалық қуаты жылына 1,25 млн тонна өнім өндіруге негізделген. Кәсіпорынның 90%-ға жуық өнімі шетелге экспортталады деп болжанып отыр. Аталған жобаны жүзеге асыруға Ресейдің «Сибур» және Қытайдың Sinopec компаниялары бірлесе кіріскелі отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы 18 мамырдағы ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) және China Petroleum & Chemical Corporation (Sinopec) Атырау облысындағы полиэтилен жобасын бірлесіп іске асыруға қатысты Қағидаттар туралы келісімге қол қойды. Құжат Sinopec-тің жобаға «Сибурмен» қатар тең құқылы серіктес ретінде кіруін көздейді. Осылайша, «Сибур» компаниясының жобадағы үлесі – 30%, Sinopec-тің үлесі 30% болады. Ал қазақстандық «ҚазМұнайГаз» және KMG PetroChem компаниялары 29,9% және 10,1% үлесін иеленбек. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Sinopec-тің жобаға тең құқылы серіктес ретінде кіруі компанияның мұнай химиясы нысандарын салу бойынша технологиялары мен сараптамасын пайдалануға, сондай-ақ болашақта Қытай аумағында дайын өнімді өткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін болады. Жобаға жұмсалатын қаражат көлемі техникалық-экономикалық негіздемеге орай шамамен 7,7 млрд долларды құрайды.
Energy monitor қоғамдық қорының жетекшісі Нұрлан Жұмағұлов болашақта әлемдегі ең ірі 10 зауыттың қатарынан көрінуі мүмкін бұл жоба бір жағынан күрделі деп саналатынын айтады. «Жоба өте қомақты қаражатты қажет еткендіктен, Ресей мен Қытайдың екі алпауыт компаниясы инвестор ретінде қатысып отыр. Мұндағы басты мәселе – ең алдымен Теңіз кенішінде газ бөлу қондырғысын салуымыз қажет. Оған шамамен 2 млрд доллардай қаржы керек. Ол инфрақұрылым мәселесі болғандықтан, оны салуға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жауапты. Осы инфрақұрылымды дайындаған кезде барып аталған екі елдің компаниясы инвестициясын сала бастайды. Үлкен, күрделі жоба деп тұрғанымның себебі сол», – дейді сарапшы.
2023 жылы 27 қазанда Астанада өткен Energy Trends: Gas & Petrochemicals конференциясында баяндама жасаған KMG PetroChem ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Диаз Дияновтың айтуынша, газ бөлу кешені жылына 9,1 млрд текше метр құрғақ газ өңдей алатын болады. «Нәтижесінде, Қазақстан алынған этанды жағудың орнына оны жылына 1,6 млн тонна көлемінде полиэтилен шығаруға жіберетін болады», – деді Д. Диянов.
Полиэтилен өндіретін зауыт арнайы экономикалық аймақта Теңіз кен орнына жақын маңдағы Қарабатанда салынатын болады. Себебі кешен үшін ресурстық база – Теңіз мұнай-газ кеніші. «Ендігі міндет – Теңізден Қарабатанға дейін 205 шақырымдық құбыр тарту. 2027 жылы кеніштен шыққан пропан осы құбыр арқылы жеткізіле бастайды, қазір ол теміржол арқылы цистерналармен тасымалдануда. Жалпы, Теңіз кенішінен шығатын газдың құрамында этанның мөлшері 14-16% көлемінде. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Жоғарыда айтқан газ бөлетін қондырғы мен құбырды тарту инфрақұрылым мәселесі болғандықтан, оған отандық компаниялар жауапты», – дейді сарапшы Нұрлан Жұмағұлов.
Сарапшылар Қазақстанда полипропилен мен полиэтиленге сұраныс 2030 жылға қарай екі есеге жуық өсіп, жылына 400 мың тоннаға жететінін болжайды. Бұл тұрғыда ел Үкіметі полиэтиленнің премиум түрлерін шығарып, пластиктердің перспективалы нарығын дамытуға дер кезінде қам жасауда.
Бауыржан БАЗАР