Атап айтсақ, инвесторларға жұмысын жүргізуге мүмкіндік жасау, отандық өнім өндіру мен жергілікті тауар өндірушілерді қолдау шаралары мен өңдеу салаларының дамуына аса мән берілуде. Осы бағытта бүгінде облыста көптеген ірі жоба қолға алынған. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің Түркістан облысына жұмыс сапары барысында белгілі болды.
Түркістан облысына табан тіреген Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин бастаған топ Сайрам және Ордабасы аудандарын аралап, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ облыстағы бизнес қауымдастығымен кездесті.
Аудандарды аралау кезінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде мал бордақылау, ет экспорты, жылыжай шаруашылығындағы жобалар туралы айтып, кәсіпкерлермен кездестірді.
Вице-премьер Сайрам ауданындағы Nurym Group ЖШС-де болып, кәсіпорын жұмысымен танысты. 2018 жылы іске қосылған кәсіпорын 14 мың мал басына арналған. Мал бордақылаумен және ет өңдеумен айналысады. Жоба қуаттылығы жылына – 5 мың тонна ет. Ет еліміздің өңірлерінен бөлек, Ресей мен Өзбекстанға экспортталады. Цех «БЖК 2020» бағдарламасы аясында қаржыландырылған. Мұнда 25 адам қызмет етеді. Сонымен қатар Астанадан келген жауапты тұлғалар Сайрам ауданындағы заманауи «Қайып ата» мал сою бекетінің жұмысын көрді. Аталған бекеттен шетелдерге ет экспортталуда.
Кәсіпкер Сырым Ертаев жаңа ет комбинатын, мал базарын салу және жем-шөп шығару жобасымен таныстырды. Сонымен бірге ірі қара малдың ішек-қарны мен сүйегін, қанын терең өңдеп, біразын Қытайға экспорттау жоспарланып отырғанын жеткізді. Жобаларына қолдау көрсетуді сұрады. Премьер-Министр орынбасары мәселе назарға алынатынын айтты.
Премьер-Министрдің орынбасары мен облыс басшысы Ордабасы ауданы Бадам елдімекенінде орналасқан «Бөрте Милка» сүт тауарлар фермасында болды. Ферма сиыр сүтін өндірумен және өңдеумен айналысады. Өндіріс орны тәулігіне 9 тонна сүт өндіреді. Бұдан бөлек, тәулігіне 50 тонна сүт өңдеп шығарады. Мұнда 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында Венгриядан арнайы әкелінген асылтұқымды ірі қара малдардың сүттері өңделеді. Зауытта Швеция және Италия мемлекеттерінен дүниежүзіне әйгілі компанияларының құрал-жабдықтары орнатылған. Сүт зауыты 2017 жылдың желтоқсан айында іске қосылды.
Сүт фермасының маңында Түркістан облысында сүт өңдеу саласына қатысты жобалар таныстырылды. Кәсіпкерлер тарапынан өтініштер мен ұсыныстар берілді.
Вице-премьер Серік Жұманғарин мен облыс әкімі Дархан Сатыбалды Шұбар ауылдық округінде орналасқан көкөніс өндірумен айналысатын ЖК Тулебаев Мейрамбек жылыжай кешенінде болды. Жалпы, жер көлемі 10 гектар аумақта орналасқан жылыжайдың инвестициялық құны – 300 млн теңге. Жоба 2018 жылы іске қосылған. Мұнда 30 адам жұмыс істейді. Жеке кәсіпкерлік жылына 500 тонна өнім өндіреді.
Жылыжай шаруашылығымен айналысатын азаматтармен кездескен басшылар жұмысқа кедергі келтіретін факторларды бүкпесіз айту керектігін жеткізіп, жеке кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан тұрақты қолдау болатынын атап өтті. Шаруалар мен кәсіпкерлердің өтініштерін тыңдады. Жылыжай шаруашылығына мемлекеттік қолдаулар күшейтілгені, оның шарттары туралы да мағлұмат берілді. Бүгінде өңірде жылыжайларға қолдау күшейтіліп, көмір мәселесі реттелген. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.
Аудандардың тыныс-тіршілігімен танысқан Серік Жұманғарин облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге Түркістан облысының бизнес қауымдастығымен кездесті. Ашық диалог алаңында отандық өнім өндіру мен жергілікті тауар өндірушілерді қолдау шаралары мен өңдеу салаларының дамуы туралы мәселелер жан-жақты талқыланды. Өз кезегінде инвесторлар жобаларын таныстырып, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулармен таныстырды.
Жиын барысында белгілі болғандай, өңірге инвестиция тарту мақсатында ірі жобалар іске асырылуда. Премьер-Министрдің орынбасарына Түркістан облысына қарасты Келес ауданындағы ірі жылыжайдың жобасы жайлы баяндалды. Жоба аясында 42 млрд теңге көлеміндегі инвестиция салынып, күнбағыс өндірісін дамытуға атсалыспақ. Жоба аясында 51 гектардан астам жылыжай салынады. Аталмыш жылыжай құрылысының алғашқы кезеңінде 1 мыңға жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылмақ.
Түркістан облысында еліміздегі ең ірі мұнай зауыты салынып жатыр. Келер жылы іске қосылатын Standart Рetroleum & Со компаниясы қуаты 2 млн тонна болатын мұнай өңдеу жобасын жүргізуде.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин өңірдің бұл бағыттағы даму қарқынын жоғары бағалады. Жаңа жобалардың жүзеге асуына мемлекет тарапынан қолдаудың қаралғанын атап өтті.
Түркістан облысында құны 722 млрд теңге болатын «Өгем өзенінде су электр стансасының каскады» салынуда. Аталған жоба іске асқан жағдайда облыстың оңтүстігіндегі тұрғындар түбегейлі ауызсуымен толық қамтамасыз етіледі. Облыста 136,6 млрд теңгенің химиялық кешені салынуда. Бұл кәсіпорында каустикалық сода, кальций карбиді, цемент шығарылады. Жаңа зауытта 1 мың жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ көмір-химия комбинаты іске қосылғаны айтылды.
Кездесу барысында мақта өңдеу және ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асатын бірқатар жобалар жайлы айтылды. Тоқыма кластарын дамытуға барынша күш салынғаны жайлы мәлімделді. Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін өңірдің индустриялық аймақтар және Тurkistan арнайы экономикалық аймағы сияқты инвестициялық алаңдары бар, олар өз қатысушыларына түрлі салықтық жеңілдік пен преференция береді.
– Біздің мақсат – жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар ашу арқылы жұмыс орындарын көбейту. Отандық өнімді молайту, кіріс көлемін арттыру. Бюджетке ғана сенім артпай, жаңа жобаларды жүзеге асырған жөн. Бұл ретте инвестицияның маңызы зор. Сондықтан біз инвесторларға әрқашан ашықпыз және бірлесе жұмыс істеуге, қолдауға дайынбыз. Түркістан облысының республиканың басқа өңірлерінен ерекшелігі – күннің ыстық және жылы күндерінің ұзақ болуында, – деді Дархан Сатыбалды.
Өңір басшысы инвесторларға инфрақұрылым мәселелері бойынша барынша қолдау көрсететінін атап өтті. Бұл жобалар облыстың бюджет түсімдерін арттыруға септігін тигізеді деп күтіліп отыр. Өз кезегінде кәсіп өкілдері өзекті мәселелерінің қолдау тапқанына алғыстарын айтты.
Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы