Отандық комедияда ұлттық идентификация жоқ

Биыл шамамен 60-қа жуық отан­дық коммерциялық фильм жа­рыққа шықты. Расында, елге пай­дасы жоқ, қағытпа қал­жыңның ор­нына «ті­­­зесі шыққан» сю­­жеттерді көр­ген­де ха­­­лық­тың қалтасы құр қа­­­­­­­ғы­лып жатқан­дай әсер қал­ды­­рады.

Кей­бір әуесқой ре­жис­­сер­лер­ мен пайда көздеген про­­дюсер­лердің арасын­да кино түсіру өне­­­­­­­­­­­рін бизнес көзіне айнал­дыр­ғандары да же­терлік. Алайда кө­­рермен назарына ұсын­ы­лып жат­­­­қан комедиялық фильм­­дердің са­­­­­­па­сы мен талғам қа­лып­тасты­­­ру­­дағы ық­палының жөні бір бөлек. Бұл туралы Отандық кино­тану­шы­лар мен ки­но­­сыншылардан сұрап білдік.

Дана ӘМІРБЕКОВА, 

киносыншы, Қазақстан киносыншылар

қауымдастығының мүшесі:

— Кез келген фильм идеологиялық жүк­темені көтереді. Себебі авторлар фильм арқылы әрқашан өз идеяларын, мәдени ерек­­шеліктерін, дүниетанымын, құнды­лық­тарын бейнелейді. Өкінішке қарай, біздің ком­мерциялық фильмдеріміз жанрлық әртүрлілікке ие емес. Бүгінде коммерциялық қазақ фильмінің бет-бейнесі — комедия. Онда да өте үстірт, дөрекі комедия. Кейде біздің комедияларымызда қызықты тақырыптар еленіп, ескерілмейді. Яғни, авторлар кино мазмұнын қалай толық ашуға болатынын білмейді. Қазір коммерциялық фильмдеріміздің басым бөлігі комедиялық жанрда ғана тү­­­сірілуде. Олар Голливуд пен Болливудтың әбден жауыр болған сюжеттеріне құрылған таптаурын шаблондарының әлсіз көшірмесі ғана. Жоғарыда айт­қанымыздай, коммерциялық фильмдердің сапасы әзірге әлсіз. 

Оған себеп – біріншіден, тәжірибесіз режиссерлердің көптігі. Кино түсіру үшін киноның әліппесін оқып, киноның тілін түсіну керек. Кино сапасы — негізгі ой мен оның көрермен назарына ұсынылу шеберлігімен ұштасуында. Екіншіден, бізде ұлттық идентификацияның жоқтығы байқалады. «Менің атым Қожа», Тақиялы періште» фильмдерін көргенде қазақ даласының иісі аңқып тұрады. Ал қазіргі комедиялық фильмдерде ұлттық болмысымызды дәріптеп, құн­дылықтарымызды қалыптастыратын белгілі бір археотип жоқ. Қазіргі қазақ комедиялары тек қазақ актерлерімен ғана таныс. Сюжеті Голливуд пен Бол­ливудтікіне ұқсап кеткені соншалық, қай елдің киносы екенін ажырату қиын. Бұл да коммерциялық фильм­деріміздің әлсіз тұсы. 

Ержан  ЖҰМАБЕКОВ,

кинотанушы:

— Қазір кинотеатрлардан отандық коммерциялық фильмдердің көп көрсетілуі біз үшін қуанарлық жағдай. Себебі бұл жанрдағы фильмдер ар­қылы қазақ киносына қызығатын көрермен саны да артып отыр. Комедия бағы­­­­тын­дағы ком­­мерциялық фильмдер түсіруде продю­серлер мен режиссерлер тара­­пынан ау­қымды жұмыстар атқарыл­­ғанын жоққа шығара алмаймыз. Мұнда бір мәселе бар. Олардың сапасы мен көр­кемдік деңгейі туралы халықтың өзі де баға беріп жүр. Арзан сапада түсірілген фильмдерден көрермен шаршайды. Оларға әр түрлі тақырыптағы фильм қызығырақ. Қазір тек комедия емес, терең философиялық мәні бар фильмдер халықтың сұранысына ие. Соңғы уақытта шыққан «Дос-Мұқасан» мен «Міржақып. Оян қазақ!» – соның дәлелі.

Баубек НӨГЕРБЕК,

кинотанушы, Қазақ киносыншылар одағының мүшесі:

— Коммерциялық фильмдердің сапасы туралы айтар болсам, олардың визуалдық, дыбыстық шешім жағы бұрынғыдан әлдеқайда жақсы дамыған. Алайда фильмдердің бұл жағы жақсарғанымен, мазмұндық жағы әлі де ақсап тұр. Байқасақ, жарыққа шыққан комедия жанрындағы кинолар мазмұн­дас келеді. Олардың техникалық сапасы жақ­сы болса да, халық оны контент деп қа­­­былдайды, себебі ол көрермен жа­дында сақталмайтын дүние. 

Коммерциялық фильмдер маз­­мұ­нының қайталануы 2016 жылы жарыққа шыққан «16 қыз» фильмінен кейін жалғаса бастады. Коммерциялық фильмдердің негізгі идеоло­гиясын нақты айту мүмкін емес. Өйткені кино түсірушілер идеологияға бас қатырғаннан гөрі көбірек табыс табуды ғана көздейді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ