2010 жылы порт түгелдей жаңартылып, жылына 15 мың тоннаға дейінгі жүк тасымалына қол жеткізген болатын. Бірақ Жайық-Каспий табаны таязданып, соның салдарынан жүк кемелері тұрмақ, жеңіл қайықтардың қозғалысы шектелуі салдарынан порттың өлместің күнін кешіп жатқанына биыл үшінші жыл.
Өзен порты серіктестігінің директоры Азамат Зұлқарнаевтың айтуынша, Жайық-Каспий тамағында судың тартылуы – соңғы он жылдан бері көтеріліп келе жатқан проблема.
«Жайық-Каспий каналының теңізге құятын тұсындағы су деңгейіне қазу жұмыстары жасалмағандықтан, табаны таязданған. Сол себепті бізге тасымалдаушы кемелер кіре алмайды», – дейді өзен порты серіктестігінің директоры Азамат Зұлқарнаев.
Айтса айтқандай, қазір Жайық сағасының тереңдігі небәрі 20-30 сантиметр. Ал су түбін тереңдету жұмыстары қыруар қаржымен бірге кешенді жұмыстарды талап етеді.
Бір кездері логистиканың күретамырына айналған өзен порты осылайша соңғы он үш жылда тоқырауды екінші рет бастан өткеріп жатыр.
Жылына 15 мың тонна жүк қабылдауға қуаты шақталған порттың қызметіне алыс-таяу шетелдерден сұраныс көп. Себебі осы өзен порты арқылы ірі өндіріс ошақтарына қажет техникалық жабдықтардың негізгі бөлігі тасымалданады. Бірақ теңіз тамағының бітелуі порттың кең тыныста жұмыс істеуіне тұсау салып тұр.
«Өзен порты арқылы тасымал жұмыстарын жүргізуге берісі Әзербайжан, әрісі Иран, Түркиядан қызығушылық та, тапсырыс та бар. Олар Қазақстандағы мұнай секторларында жиналған күкірттерді теңіз арқылы экспорттауға ниетті. Бірақ теңіздің тартылуы себепті кемелер қайраңдап қалып жатыр», – дейді Өзен порты серіктестігінің директоры Азамат Зұлқарнаев.
Үш жылдан бері шығынға жұмыс істеп тұрған өзен портындағы жұмысшылар саны қазір 10 шақты маманның айналасы.
«Порт жұмысы дағдарып тұрғанына қарамастан, жұмысшылардың 100 мың теңге шамасындағы жалақысын сақтап отырмыз. Жайық – Каспий арнасының мәселесі шешіліп, порт дағдарыстан шығатын болса, жалақы міндетті түрде көтеріледі. Бастысы, біз жұмыс болмаса да, мамандарды қысқартып немесе жалақыларын азайтуға жол бермей отырмыз», – дейді Өзен порты серіктестігінің директоры.
Қазір порт өзінің меншігіндегі қоймалар мен бетондалған ашық алаңды халықаралық Mammoet мекемесіне жалға беру арқылы ғана күн көріп отыр. Яғни, жалға беруден түсетін ақы жұмысшылардың жалақы, коммуналдық төлемдер, порттың ішіндегі жалпы шығындарды өтеуге ғана жетуде.
Атырау облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдарбек Зиноллаевтың айтуынша, Жайықтың түбін тереңдету жұмыстары Үкіметтің резервінен атқарылатын болады.
«Бұл жерде резервтен бөлінетін қаржыға сәйкес, конкурс жұмыстары емес, атқаратын компаниялармен келісімшарт жасақталатын болады. Өзен портының жұмысы жанданса, бұл маңға түрлі қойма салу жоспарда бар. Кәсіпкерлер тапсырыстарын алғанша келген тауар сол қоймада сақталмақ», – дейді билік өкілі.
Өзен портының «екінші тынысы» ашылатын болса, порт басшылығы жеміс-көкөніс сақтайтын қоймалар салуды, «Атырау – Астрахан» бағытында жүретін кеме ашуды, осы арқылы туризм бағытында жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Тіпті, «Қашаған» кен орнындағы жұмысшыларды порт арқылы тасымалдау да жоспарда бар.
Шынын айту керек, жүкті өзен порты арқылы тасымалдаудың экономикалық тұрғыда да пайдасы жоғары. Мәселен, Атыраудағы Өзен порты 2015 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қайта құру жобасы бойынша ауқымды емес жүктерді қабылдады. Сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясы, Қарабатандағы NСОС және Атырау жылу электр орталығы жобасы үшін де тасымал жұмыстарын атқарды. Ауыр габаритті жүктерді су жолымен тасымалдаудың тиімділігі сол, бір баржаға мың тоннаға дейін зат салып, оны жедел түрде қысқа мерзімде, тиімді бағамен алып келуге болады. Ал ауыр жүк көліктеріне құбыр сияқты ірі көлемді жүктерді сыйдырудың өзі екіталай.
Өзен жағасының тым таяздығы, өзен портымен бірге өңірдегі балық шаруашылығына да кесірін тигізіп отыр. Өйткені «Атырауда өндірілген» брендтерді балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар бұған дейін ішкі және сыртқы нарыққа порт арқылы жөнелтіп келген. Қазір Атыраудың атқарушы билігі Каспийдің Жайыққа құяр сағасының түбін тереңдету үшін арнайы құжат жасақтады. Оны іске асыруға 16 млрд теңге қажет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жақында ел Үкіметі ішкі су жолдарының дамуына 2030 жылға дейін 64 млрд теңге инвестиция тартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Нәтижесінде, 22 портты жаңғырту көзделіп отыр.
Бір кездері Гурьев өзен порты ретінде құрылып, тарихы сонау 1927 жылдан бастау алатын Атырау өзен портының болашағына Үкімет құятын инвестиция оң әсерін береді деп сенейік.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА