Кәсіпорынның бастауыш партия ұйымының мүшелері ПНХЗ-ның қызметі мен жетістіктерімен танысу, партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады.
Партияның облыстық филиалының жауапты хатшысы Айгүл Маликова жергілікті БПҰ-ның қызметін жоғары бағалап, ПНХЗ бастауыш филиалының құрамына 900-ден астам адаммен толыққанын баса айтып, облыстағы ең ірі партия ұйымдарының бірі екенін атап өтті. Ол БПҰ мүшелері кәсіпорында табысты жұмыс істеп қана қоймай, түрлі әлеуметтік бастамаға қатысатынын жеткізді. Зауыт ұжымы «Мектепке жол» акциясына ерекше қолдау көрсетіп, семейліктерге өрт кезінде қол ұшын бергенін, екібастұздықтарға өткен қыста болған жағдайда да қолдау білдіріп, жергілікті жылу электр орталығындағы апат кезінде көмекке жеткенін баса айтты.
Сондай-ақ Айгүл Маликова жергілікті жерде өткен қоғамдық қабылдау аясында мұнай-химия зауытының бастауыш партия ұйымының мүшелерінен бұған дейін түскен өтініштің барлығы қаралып, орындалғанын хабарлады. Бұл өтініштердің қатарында өңірді абаттандыру, аулаларды жаңғырту, жиналған қоқыстарды жоюға қатысты мәселелер бар болатын.
Облыстық мәслихат депутаты Байғабыл Майкотов өз сөзінде БПҰ құрамындағы жастардың көптігіне назар аударды. Оларды белсенді азамат болуға, еліміздің қоғамдық өміріне араласуға шақырды.
Партия мүшелері бастауыш партия ұйымының қатарындағыларға халықты қолдауға, елді дамытуға бағытталған «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Ардагерлерді ардақтаймыз» жобалары туралы жан-жақты айтып, атсалысуға шақырды.
Павлодардағы мұнай-химия зауытының БПҰ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Мирас Хамитов партиялық жарнаның 20 пайызын қайтару тәжірибесін енгізудің арқасында «AMANAT» партиясының басшылығына және әріптестеріне көңіл бөлгені үшін алғысын білдірді. БПҰ өкілдері қолдан келгенше партиялық бастамаларды жүзеге асыруға атсалыса беруді тоқтатпайтынын айтты. Сондай-ақ бастауыш партия ұйымы алдағы уақытта да халық пен партия мүддесі жолында жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Берік БЕК