Бүгінде аудандық орталықтардың жұмысы 5 бағытқа негізделген. Олар – жастарға қызмет көрсету, дарынды жастардың шығармашылығын қолдау, коворкинг орталығы, шағын кітапхана және психологиялық кеңес беру бағыттары. Осылардың шеңберіндегі жұмыстарды жүзеге асыру үшін биыл жылдық жоспар бекітіліп, 360 мыңға жуық жасты қамту көзделген. Бұл туралы қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Мөлдір Кеуенова шаһарда мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы жайында Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте баяндады.
Жастар саясатын үйлестіру мақсатында Жастар ресурстық орталығы жастардың бастамаларына жан-жақты қолдау білдіріп келеді. Қаланың әр аумағындағы жастарды сүйемелдеу үшін төрт ауданда жастарға арналған орталық ашылған.
– Ең алдымен, сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында 625 іс-шара ұйымдастырылып, оған 99 мыңға жуық жас қамтылды. Салауатты өмір салтын насихаттау және патриоттық рухта тәрбие беруде Республика күніне орай «Жас жауынгер» әскери-патриоттық сайысы ұйымдастырылды. «Машат-Арасан» демалыс аймағында өткен әскери жарысқа қаламыздағы 12 мектептен 120 оқушы қатысты. Ал қала мектептеріндегі спорт залдар мен спорттық алаңшалар базасын тиімді пайдалану, жаппай саламатты өмір салтын насихаттау бойынша 352 іс-шара өткізіліп, оған 34 498 жас қатысты. Сонымен қатар биыл 8 200 жұмыссыз жасты тұрақты жұмыс орындарымен қамту жоспарланып отыр, – деді Мөлдір Тұрсынбекқызы.
NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу үшін жұмыссыз жүрген 29 807 жастың тізімі жасақталған екен. Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған мобильді топ «Жастар практикасы», «Ақылы қоғамдық жұмыс», «Алғашқы жұмыс орны», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары бойынша қала базарларында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған.
Шымкенттік жастар арасында түрлі жобалар аясында конкурстар өтіп тұрады. Соның бірі – Zhas Project»жобасы. Мұндай жоба елімізде алғаш рет Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржылық қолдауымен Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысында ғана қолға алынған. Жобаға қатысу үшін екі аймақтан 85 жас өтінім білдірген. Оның 35-і шымкенттік. Комиссияның қорытындысы бойынша, Шымкент қаласынан қатысқан 20 жастың жобасы грантқа ие болды.
Zhas Project жобасының жеңімпаздары 1 млн теңге шағын қаржы грантын иеленді. Жеңімпаздарды марапаттау шарасы қаладағы әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында өтті.
«Үш жылдан бері үйде отырып тапсырыспен кондитерлік тәттілер мен ашытқысыз нан пісіремін. Осы байқауға ашытқысыз нан жобамды ұсынып, жеңімпаз болдым. Енді бұл қаржының көмегімен әлеуметтік жағынан осал жандарға тегін нан таратамын», – дейді Zhas Project жобасының жеңімпазы Гүлжазира Егембердиева.
Жеңімпаздың жасы – 32-де. Екі баланың анасы. Бала күтіміндегі ана 2024 жылдың мамыр айына дейін жобаның талабына сәйкес, әлеуметтік жобаны жүзеге асырады. Оның жобасының негізгі мақсатында да осы, грант иегерлері белгіленген уақытқа дейін өз өнімдерін әлеуметтік әлсіз топтарға тегін қызмет көрсетуді, өнімдерін таратып отыруды белгілеген.
Грант иегерлерінің қаржыны жұмсауы мен белгіленген талаптардың орындалуын «Қорған-М» қоғамдық бірлестігінің өкілдері бақылап отырады.
«Байқауға қатысуға ниеттенген жастардың белсенділігі жоғары болды. Қалалық жастар ресурстық орталығы, әкімдік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған комиссия ең үздік деп таныған жобаларды таңдап, қортындысымен оларға сертификат табыстап жатырмыз. Шымкент қаласына биыл 20 грант бөлінсе, 2024 жылға 28 грант қарастырылады. Жобаның қайтарымсыз гранты жастарға әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін өте тиімді», – дейді «Қорған-М» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Диана Қырғызбаева.
Жобада негізгі басымдықты NEET санатындағы жастарға беореді. Одан бөлек, оған уақытша жұмыс істемейтін, білім беру ұйымдарында оқымайтын немесе кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан өтпеген жастар да қатыса алады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы