Соңғы жылдары орман өрті сал­дарынан жер жаһанның экология­сына келген залалды есептеп шығу мүмкін болмай қалды. Ал 2050 жылға қарай әлем ормандарында болатын қызыл жалын қазіргіден 30%-ға артуы мүмкін. Бұл деректі күні кеше БҰҰ жария еткен.
Өртенбесін ормандар, сендер оны қорғаңдар!
825
оқылды

Жаңа ғасыр басталғаннан бергі 20 жылдан астам уақытта біздің елде де оннан астам ірі орман өрті тіркелген. Оның ең қауіп­тісі әрі зардабы жағынан орасан зоры – Қостанайдағы алапат пен Абай облы­сында болған тілсіз жау. Аң мен құсты былай қойғанда, талай адамның өмірін жалмаған орман өртінен келген нақты залал қазір есептеліп жатыр. Мұны Эколо­гия және табиғи ресурстар министрлігі­нен білдік. 

Биылғы қыркүйек айының 28-і күні Бас прокуратурада орман шаруаш­ы­лығы мен оны қорғау тәсілдері бойынша алқа отырысы болды. Отырысқа бейінді министрліктердің басшылары да қатысып, еліміздегі ормандарды қорғау саласындағы заңдылықтың жай-күйін талқылаған. Осы жиында Бас прокурор Берік Асылов «Табиғи өсімнің төмендігі аясында өрттер мен бақылаусыз ағаш кесу орманның одан әрі қысқаруына әкеледі. Соңғы 5 жыл ішін­де жалпы ауданы 610 мың гектар ор­манда 3 мың өрт болып, 30 млрд тең­геге жуық шығын келтірілді. Жыл сайын еліміз бойынша 600-ден астам өрт  тіркеледі», – деп атап өткен болатын. 

Еліміздегі орман алқаптарының кесі­ліп, не өртеніп кете беруі осылайша жиі­лей беретін болса, алдағы 90-100 жылда орман жамылғысы жойылып кету қаупі бар. Немесе орман орындарында тек балаң жас өскіндер қалуы әбден мүмкін. 

Әлемде қанша орман бар?

Қазір жер бетінің 3 млрд гектардан астам аумағын, яғни құрлықтың 27-28% – орман алқаптары. Ғалым­дардың болжауы бойынша, адамзат баласы өзінің жаратылысынан бергі өмірінде әлемді жапқан орманның көп бөлігін жойып жіберген. Әсіресе, бұл соңғы 200 жылдықта өте үлкен қарқынмен жалғасуда. Жер бедерінің 75%-ын алып жатқан орманнан қалғаны осы 3 млрд гектар екен. Жер ша­рындағы мемлекет­тердің табиғи-климат­тық жағдайы­на сәйкес әр елдегі орман­дар­дың көлемі мен түрлері әрқалай. Мысалы, Бра­зи­лияда – 320 млн, Канадада – 264 млн, АҚШ-та –   195 млн, Анголада  – 60 млн, Перу­де  – 57 млн, Колум­бияда – 50 млн, Үндістанда 46 млн гектар орман бар. Ал бүкіл Африка елде­рін­дегі орман қорлары 760 млн гектар жерді қамтиды. Бұрынғы Кеңестер Одағындағы орманның көлемі 816 млн гектар, яғни жер көлемінің 37%-ын алып жатты. Оның 50%-дан астамы бүгінде Ресейдің үлесінде. Бұл әлемдегі орманның 25%-н құрап отыр. Ор­талық Азия, Кавказ, Қазақстан аймақта­рын­дағы орман көлемі Ресейдегі орман ал­қап­тарының небәрі 3-4%-н құрайды. Соңғы 5 жылда әлемнің ондаған мемле­кетінде алапат орман өрті тіркелді. Ал 2050 жылға қарай адамзат орман жынысына деген көзқарасын өзгертіп, біріккен жағдайда біржақты шешім қабылдамаса, әлемдегі орман өрті 30 пайызға артып, жер беде­ріндегі жасыл жапырақты алқаптар­дың тағы да 30%-ын қара күйеге айналды­ра­ды екенбіз. Бұл мәліметті де сол БҰҰ жария еткен. Соңғы 100 жылда болған жойқын апаттардың қатарына биылғы Канададағы ахуалды қосуға болады. Қаңтар айынан елде 2 мыңнан аса алқап өртке оранып, 

4,5 миллионға жуық гектар жер жанып кетті. Табиғат апатынан 100 мыңнан аса адам эвакуацияланған. Тілсіз жаумен мыңдаған өрт сөндіруші күрескен. Тіпті, АҚШ, Аустралия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка, Испания, Франция жүздеген маманы шақырылып, өртті сөндіру үшін арнайы алгоритм жасалған. Ал 2019 жылы Аустралия да алапат орман өртінен зардап шеккен. 

Қазақстан орманы

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 30 552,5 мың гектарды құрайды және бұл республика аумағының 11,2 пайызын алып жатыр. Орманды аймақтардың 13 635,3 мың гектары немесе жалпы ауда­нының 44,6%-ы арнайы министрліктің қарама­ғындағы орман мекемелерінің иелігінде, оның ішінде 7 335,9 мың гектары заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мекемелеріне бөлінген. Олардың қатарында 10 мемлекеттік табиғи қорық, 14 мемлекеттік ұлттық табиғи парк, 7 мемлекеттік табиғи резерват бар.

Одан басқа, комитеттің қара­мағында «Республикалық орман селекциялық-тұқым орталығы», Сандықтау оқу-өндірістік орман шаруашылығы мекеме­сі және шаруашылық жүргізу құқы­ғындағы республика­лық мем­­лекеттік кәсіпорын бо­лып саналатын «Жасыл Аймақ» мекемесі бар.

Елімізде орман қоры­ның санатына енгізілген өсімдіктердің 6 мыңнан ас­там түрі бар екен. Осының ішінде Қазақстанда ғана кездесетін ағаш түрлерінің қатарында шрнек шыршасы­ның орны ерекше. Өкініштісі сол, орман өрті кезінде шренк шыршаларының да бірша­масы отқа оранған. Жалпы, Қазақ­стандағы орман қорының 

50%-ынан астамы ауыл шаруа­шылығы кәсіпорындарының пайдалануына беріліп отыр. Орман өртінің аяқ асты тұтануы­на кей жағдайда адам не техни­каның әсері де болатыны шын­дық. Одан бөлек, шаруа­шы­лыққа қажетті көп ағаштың оталып кететіні тағы бар. Рес­пуб­ликада жыл сайын 506 мың м2 ағаш кесіліп, 94 мың м2 кеспе ағаш ма­те­риал­да­ры шикізат ретін­де дайын­далады. Дегенмен соңғы кезде ормандардағы ағаш­тарды жаппай кесу, өрт, ауа райының қолайсыз жағ­дайларының (қатты жел соғу, ұзақ уақыт жауған нөсер жаңбыр, т.б.) кесірінен  ағаш­тар­дың құ­лап өз тірші­лігін жоюы жиі кез­де­су­де. Нәтижесі белгілі, орман ал­қаптары азайған үстіне азаюда. Орман алқабы қанша аз болса да, қазақ даласында орта есеппен әр жылда 600-ден астам орман өрті дерегі тіркеледі екен. 2022-2023 жылдары бұл көр­сеткіш 3 мыңға жеткен. «Еліміздегі орман өртінің жиілеуі соңғы кездері болып жатқан аптап ыс­тықтың салдарынан деп айтсақ болады. Біз климатты алдын ала болжау арқылы жасыл желектерімізді қорғап қала аламыз. Ол үшін орман ша­руа­шылығы саласына ғалымдарды да көптеп тарту қажет. Мә­селемен кешенді түрде айналыспасақ, біржақты жүру экологияға да, экономикаға да тиімсіз болары шындық. Өрттің алдын алу шара­ларын жүргізумен қатар жалын шарпыған аумақтарды қайта қалпына келтіру кезінде ғылым мен технология міндетті түрде бірлесіп жұмыс істеуі керек», – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехни­калық зерттеу университе­тінің Орман шаруашылығы, жабайы табиғат және қоршаған орта факультетінің деканы, ауыл шаруашылығы ғылымдары­ның кандидаты Жұмағұл Таңатқанұлы.

Өртенген орман, күйген жер

Екі жыл қатарынан елімізде болған ірі орман өртінде белгілісі – біздің елде орман өртін сөндіру мен өрт кезінде болатын әрекет, іс-қимылдың өте салғырт екені. Расын айту керек, бұл келеңсіздік жағдайды біршама қиындатып отыр. Салдарынан мамандардың өрт кезінде тіпті өздерін қорғау алгоритмінің болмауы орны толмас өкінішке әкелді. Мұндай олқылықтардың барын Абай және Қостанай облыстарында болған ірі өрттерді тексеру және тергеу барысында прокурорлар анықтаған. Атап айтқанда, өртті сөндірудің нақты алгоритмдерінің жоқ болуы; Экология және Төтенше жағдайлар министрліктерінің бөлімшелері арасындағы тиісті өзара іс-қимылдың болмауы; өртті ерте анықтау жүйелерінің болмауы; техниканың тозығы жетіп ескіруі; орманшылардың өртті жедел сөндіруге дайындығының болмауы көп қиындық келтірген. Әсіресе, тех­никаның ескіріп, тіпті жүрмейтіндей деңгейде болуы көптің ашуын келтіргені шындық. Тіпті, кейбір орманшылық бөлімдерде тұрған техника 1970 жылдары әкелінгені туралы ақпаратты көрген көпшілік еріксіз таңданған еді. Осыған байланысты ел Үкіметі біршама жағдайды реттеу­ге кірісті. Ал тө­тенше жағдай­ларға әкеп соққан себептер мен жағ­дайларды жою мақса­тында Бас прокуратура Үкіметке ұсыныс енгізді. Бұл құжатта орманды заңсыз кесуге қарсы күрес, сондай-ақ орман мекемелерінің ал­қаптарды молайту, оның ішінде Аста­наның «жасыл белдеуін» кеңейту жөніндегі іс-шараларды сапасыз жүргізуі мәселе­леріне ерекше назар аударылды. Бас про­курор сондай-ақ осы сала­дағы әкімшілік және қыл­мыс­тық құқықбұзу­шылық­тар­дың анық­талуы­ның төмендегенін атап өтіп, орман ағаштарын ұр­лау­дың заңсыз схемалары­ның жолын кесу жөнін­дегі жобаларын тапсыр­ған. Бұл ұсыныс пен заң жобалары әзірге қаралып жатыр. Бірде Орман ша­руа­шылығы комитеті, бірде басқа болып аталған елі­міздің орман­шылық саласы қазір Экология министр­лігіне қарайды. Ел тарихының 30 жылдық кезеңінде бұл сала Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі мен Экология ми­нистрлігінің екі ортасында бақандай 13 рет ауысып, қайта таратылып, бірнеше рет жаңадан жасақталған екен. Сарапшы мамандар мұндай жүйесіздіктің елдің орман шаруа­шы­лығы саласын әбден қожыратып жі­бергенін айтуда. Салдары­нан ірі апатқа төтеп бере алмай қалып отыр. Мысалы, 2022 жылы болған Әулие­көл­дегі өрт салдарынан 43 мың гектар ор­ман түгелімен күйіп кетсе, Абай облысы­ның аумағында биыл болған өрт салдары­нан 3 500 гектар алқап жанып, күлге ай­налған. Мұндай орман алқаптарын қайта қалпына келтіру үшін кем дегенде 20-30 жыл аралығында уақыт қажет болмақ, – дейді ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының кандидаты Жұмағұл Таңатқанұлы.

Қазір Әулиекөлдегі өрт болған ау­мақтарға ағаш отырғызу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Бірақ отырғызған көшеттің біршамасы биылғы аптап ыстыққа төтеп бере алмай, қурап қалған. Ғалым­дардан мұның себебін сұрағанымызда олар жас көшетті отырғызбас бұрын өрт болған алқаптың топырағына талдау жасап, қажетінше өңдеу керек екенін айтады. Олай істемеген жағдайда еңбек бекер шығын болып қалуы әбден мүмкін. 

«Өрт шарпығын аумақтың топырағын да, ауа райын да жіті бақылап зерттеу керек. Бұрын орман болған аумаққа қазір жел де басқаша бағыттан соғуы ықтимал. Егер ондай өзгеріс болса, міндетті түрде көшетке жанама ағаш қоса егілуі керек. Жалпы, ғылымда мұндай үрдіс бар. Әсі­ресе, қылқан жапырақты орманды қайта қалпына келтіру кезінде өскіннің жетілуіне сеп болар, желден-бораннан қорған бола­тындай етіп жапырақты ағаштар да отырғызылады. Әулиекөлдегі алғашқы отырғызылған тәжірибелік жағдай. Алдағы уақытта ол жерге ғалымдар тобы аттанады. Сол кезде барлығы белгілі болады», – дейді эколог Гүлмира Қалмашқызы.

Қостанай облыстық орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының орман және ЕҚТА бөлімінің басшысы Азат Майлыбайұлына Әулиекөлдегі өртенген орманды қайта қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілу барысы мен биыл отырғызылған көшет­тердің қурап кету себебін білмек оймен арнайы хабарластық. Маманның ай­туынша, 2022 жылдың 2-10 қыркүйек аралығында Қостанай облысы Әулиекөл ауданының Басаман және Семиозер орман шаруашылығы мекемелерінің орман қоры учаскелерінде ірі орман өрті салдарынан жалпы ауданы 39 772,4 гектар, оның ішінде орманмен қамтылған 32 393,7 гектар аумағы өртке оранған. 

 Қазір мемлекеттік орман қорында ірі өрттің салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.  Орманды қалпына келтіру жұмыстары барысында көшет отырғызуға дайын­дау жұмыстары жүр­гі­зі­ліп жатқан көрінеді. Кесілетін  ағаштарды бөлу, ағаштарды кесу және орнына орман отыр­ғызу үшін алаңдарды дайындау сияқты жұмыстар атқарылуда. «Жалпы, орманмен жабылған алаңда бүгінде 7,5% жұмыс орындалды. Жанған орман алқап­тарында облыстың 11 орман мекемесі жұмыс істеді. Ал өр­тен­ген аумақтың бір бөлігіне көшет отыр­ғызылды. Нақтырақ айтсам, 2022 жылдың қыр­күйегінде Се­миозерное мекемесінің Новонежинское орманшы­лығының 4,3 гектар жеріне 4 050 дана көшет отыр­ғы­зылды. 2023 жылы шілде айында көшет­тер­дің кебу, қурау себептерін анықтау мақсатында орман-патологиялық зерттеу жұмыстары жүр­гізілді. Көшет­тердің кебуінің негізгі себебі жауын-шашынның аз болуы. Осы жылдың күзінде орман дақылдарына түгендеу жүргізілді, оның барысында көшет­тердің 37%-ның өмір сүруге мүмкін­дігі бар екені анықалды. Қазір орманды толықтыру үшін ұсыныс­тар жасалып жатыр», – дейді Азат Майлыбайұлы. 

Орманшының ахуалы қандай?

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы Мәди Нұрпейісовтің айтуынша, қазір орманшы­лардың әлеуметтік тұрмысынан бастап қызметтегі бар жағдайлары жіті тексеріліп, барынша қолдау көрсетіліп жатыр. 

Осы жылы орман шаруашылығы сала­сын қайта жаңартып жасақтауға бюджеттен арнайы қаражат қарастырылып, қазына­дан 13,5 млрд теңге бөлінген. Жыл соңына дейін барлығы 29 өрт сөндіру автомаши­насы, 59 шағын өрт сөндіруші кешен, 151 трактор, 58 патрульдік автомашина сатып алынбақ екен. Ал Семей орманы орман шаруашылығына биыл 10 өрт сөндіру машинасы, 14 шағын өрт сөндіру кешені, 8 өрт тіркемесі және басқа да қажетті құ­рал­дар жеткізілуде. Бір ғана «Ақ Ертіс» қоғамдық қоры Семей орманына 5 шағын өрт сөндіру кешені, өрт сөндіруші техни­каға арналған 15 қозғалтқыш бөлшек, 20 мотопомпа, 4 өрт сөндіру автомашинасын беруді ұйғарып отыр. Одан бөлек, 330 радиостанса және 150 автомобильге ар­налған радио антеннасы сатып алынбақ. Сонымен қатар Үкімет резервінен 918 млн теңгеге 4 400 жиынды орманшылар киімі үшін деп қаражат бөлінген екен. «Сондай-ақ орман өртімен күресу жолдарын жетілдіретін нормативтік құжаттар қайта қаралып, шетелдік тәжірибелер де қолданылатын болады. Алдымен барлық өңірдегі орманшылардың білімін жетілдіру шараларын ұйымдастырып жатырмыз. Бұл жұмыстар еліміздің қорғаныс саласы­ның мамандарымен бірлесе атқа­ры­луда. Алғашқы оқу курстары осы қараша айын­да басталады. Себебі қа­рашадан наурыз айы аралығы еліміз үшін орман өртінен қауіп болмайтын уақыт. Біз осы уақытты тиімді пайдаланып, ор­маншы­ларымыздың біліктілігін арт­тырып, да­йын­дығын пы­сықтаймыз. Оқытудың жа­ңа­ша методика­сын құрдық. Енді ма­ман­дарымыз кеңестік үлгідегі ережемен емес, заманауи үлгіде білімін жетілдіретін болады. Сонымен қатар елі­міздің барлық орманшылық ме­кемесінің ең биік нүк­телеріне өздігінен бас­қары­латын құрыл­ғылар орнатыла бас­тады. Бұл құрылғылар ақылды техноло­гиялар са­натына жатқы­зылып отыр. Құрылғы­лардың көмегімен орман өртін ерте анықтау мүмкіндігі бар», – дейді Орман шаруашылығын дамыту басқар­ма­сының басшысы Мәди Нұрпейісов. 

Орман шаруашылығын дамыту басқар­масының мәлімдеуінше, Президенттің тапсырмасынан кейін еліміздегі барлық орманшының жалақысы шілде айынан бастап 100%-ға көтерілген. Сондай-ақ келісімшарт негізінде жұмыс істейтін қыз­меткерлердің жалақысы 70%-ға өскен. 

Еліміздегі тіркелген орман өрттері  алдағы уақытта қателікті болдырмау керек екенін хабар беріп тұрғандай. Әйтпегенде, уақыт өткен сайын өрши түскен ғаламдық жы­лыну­дың салдары өзінің зардабын да мол етпек. 

Бердібек ҚАБАЙ