Әлемге саяхат жасау – көп адамның арманы. Әрі бұл арман оңай орындала бермейтіні тағы бар. Өйткені ол көп ақшаны талап ететіні белгілі.
Ернар Алмабек: Суретте түрлі сипат бар
4,238
оқылды

Сондықтан болар шетелге шығу  десе, санада шектеу пайда болады. Сол стереотиптерді жойып, алыс-жақын елдерге жиі саяхаттап жүрген бір жұп бар: олар – Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы. Ернардың суреттері әлеуметтік желіде жиі жарияланып тұрады. Тіпті оның видеоблогын жарыса бөлісіп жататындар да жоқ емес. Оның суреттерінде не сиқыр бар? Ол кейіпкерлерін қалай табады? Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ернарға қойған сауалымыз да осы төңіректе өрбіді.  

– Ернар, біз сізді саяхатшы деп атасақ, жаңылыспайтын шығармыз. Ең алғашқы сапарың қалай басталды?

– Бұған жауап беру қиындау тиетін сияқты. Өйткені саяхатқа шығуға бала кез­­­­ден қызығамын. Баланың алғашқы саяхаты деген – ата-анасымен бірге қалаға баруы шығар. Менің алғашқы сапарым деп, Алматыдан ауылға барғанымды айтуға болады. Ол кезде атам мен апам ауылда тұра­ды. Жаз сайын әке-шешем мені ауылға жі­беретін еді. Ауылдағы өмір, таудың ете­гіндегі атамның үйі менің биіктікке деген ерек­ше махаббатымды оятты. Ал атам мен әжем тұратын Тоғызбұлақ Кеген ауданына қарайды, тура таудың етегіндегі кішкентай ауыл. Тауға деген махаббат сол Тоғыз­құма­лақ­тан басталған еді. 

Кейін сол ауылға деген сағынышты басу үшін Алматыда да тауға шығып кете­тін болды. Оның үстіне, әскери дайындық са­бағынан беретін Нұрлан ағайымыз да біз­ді тауға жиі апаратын. Ол кісі Көкжай­лау­ға, Медеу мен Шымбұлаққа жиі бара­тын еді. Бізді жанына ертіп алады. Тау­да не істеуге болады, не істеуге бол­майды де­­ген дүниенің бәрін бізге ағайымыз үй­рет­ті. Есейе келе, саяхаттаудың не екенін, оның да өз ләззаты болатынын ұқтық. Ол кезде қалай саяхатқа шығамыз, шетелге қа­лай барамыз деген сауалдар санада тұра­тын. Оның жолын қалай табамыз деп ой­лай­тын едік. Алғаш рет 2015 жылы шетелге сая­хатқа шықтым. Ол жолы жұмыс ба­бымен Түркияға барған едім. 

Сол жылдың күзінде Марғұлан Сей­сен­баевпен таныстым. Ол кісінің бір жоба­сы бар еді. Сол жобада ерікті болып жүр­дім. Кейін әлгі жоба жабылып қалды. 2016 жылдың көктемінде ол кісі Nomad Explorer деген жаңа жоба бастады. Сол жобаға ме­ні фотограф ретінде шақырды. Алғаш «Ұлы­тау мұрасы» деген экспедиция жа­сал­ды. Сол экспедицияда фотограф болып жүр­дім. Жеті күн бойы далада қонып, Ұлы­таудың кереметіне қанығып, табиға­тын тамашалап, тарихи-мәдени жерлерін аралап, суретке түсірдік. Сол жеті күнде түрлі-түрлі адаммен таныстым. Олар мені кейін басқа саяхаттарға да шақыра бастады. Ол адамдардың кейбірі саяхатты жақсы кө­ретін, кейбірінің жеке туристік фир­ма­лары да болды. Ол орта менің одан әрі қа­рай да саяхаттауыма жол ашты. Марғұлан ағаның жобасы келесі жылы да жалғасын тап­ты. Үстіртке, Алтайға бардық. Одан кейін Жамбыл, Түркістан облыстарын ара­ладық. Табиғаты тамаша жерлердің бәрі­не экспедиция жасадық. 2018 жылы Youtube-ден арнайы арнамды аштым. 

Шағын камера сатып алғам. Сол ка­мера арқылы видеоблогтар түсіре баста­дым. 2019 жылы келіншегім Жазира Бай­да­лы екеуміз Дубайға барып, бірге ви­деоб­лог түсірген едік. Ол видеомыз да жақсы кө­рілім жинады. Youtube арнамызды «Сая­хаттай­мын» деп атадық. 

– Саяхаттау үшін көп қаржы керек емес пе? Жалпы, саяхаттау – ол жеке адамның хоб­биі ғой. Бірақ осы жолда табысты арт­тыруға бола ма?

– «Саяхаттау үшін қанша қаржы кете­ді?» деген сауал жиі қойылады. Әр адам­ның шығыны әртүрлі ғой. Біреу көп жұм­сайды, біреу аз жұмсайды дегендей. Тіпті мүлдем ақша жұмсамай, саяхаттайтындар да бар. Сондықтан ақша жағына келгенде, әр­кімнің жұмсау тәсілі – әрқалай. Мәсе­лен, мен шамама қарай саяхаттаймын. Қым­бат елдерге әзірге барғаным жоқ. Бар­сам да, сол елдерде қаржыны үнемдеудің жо­лын іздейміз. «Көрпеңе қарай көсіл» де­гендей, қалтамызға қарай шешіледі бәрі. Ал табысты арттыру деген – мүлдем басқа сауал. Шығын мен табыс – екеуіде бір-бірі­не қарама-қайшы дүние ғой. Саяхаттап жү­ріп, қалай табыс табуға болады? Саяхат де­ген­нің өзі – шығын емес пе? Ал табыс табу үшін туристік фирма ашып, соның жо­лына түскен абзал болар. 

– Соңғы кездері Мобилограф болуға ұм­­тылатындар көбейді. Сізді де мықты мо­би­лограф деп санауға бола ма?

– Өзімді мобилографпын деп есепте­мей­мін. Мобилография – бөлек мамандық, бө­лек сала деп айтуға болады. Иә, біздің тү­сі­ріп жүрген видеоларымыз да бұдан алыс кетпейді. Ұқсас екені анық. Видеог­раф, фотограф десеңіз болады, мен бірақ мо­билограф емеспін. Ол саланың өз ерек­ше­ліктері бар. Оны оқытатын, үйрететін ма­мандары болады. Егер мобилография ұялы телефонмен видео түсіріп, оған му­зы­ка қосу болса, оны мен де жасай аламын. Тіп­ті, монтаждау да қолымнан келеді. Бір­ақ оны мобилография деп атауға болмас.

– Экспедицияға шығуыңызға көмегі тиген адамның бірі Марғұлан Сейсенбаев екенін айттыңыз. Nomad Explorer жобасына жеңіл келуіңіздің сыры сонда ма?

– Марғұлан ағаның жобасына ерікті ре­тінде қатысқанымды айттым. Ол жобаға баруыма көмектескен – Тамара Омарова. «Мас­сагет» сайтында жұмыс істеп жүрге­нім­де, ол кісі сайттың басшысы еді. Сол кіс­інің кеңесі бойынша волонтер болдым. Тамара Омарова Марғұлан ағаны жақсы таниды екен. «Осы жобаға видеограф, фо­тог­раф керек болып жатыр екен. Бар­саң­шы»,– деді. Бардым. Өскеменге барып, бір видео түсіріп көрдік. Өкінішке қарай, ол жо­баның ғұмыры қысқа болды. Сол кездегі та­ныстық кейін Nomad Explorer-де жал­ға­сын тапты. 

– Шабандоз қыздың суретін түсіріп, әлеу­меттік желіге салғаныңызды білеміз. Әрі ол сурет көпшіліктің арасында жақсы тарал­ды. Ол сурет Көлсайда түсірілген бе? Сосын бәйге, көкпар және тағы басқа ұлттық спорт түрл­ерін іздеп жүресіз бе?

– Шабандоз қызды Көлсайда емес, То­ғыз­бұлаққа барғанымда, көрші ауыл Жалаңаштан түсірген едім. Ұлттық спорт түрінен түсіргенім осы шабандоз қыз Алты­най мен неміс бала Николай ғана. Арнайы ұлттық спорт түріне қатысты тақырыпты іздеп жүрмеймін. Рас, қызықты кейіпкерлер іздейтінім бар. Ол ауылда ма, қалада ма, маңызды емес. Іс-әрекеті, тіршілігі, түр-әл­петі қызықтырған адамдарды көрсем, сырт­тай суретке, видеоға түсіріп аламын. 

– Соңғы видеоблогыңызды көріп, тәнті болдық. Құрт қайнатып, лагман созған жеңгемізді қазақтың қай көркем өңірінен түсіріп алдыңыз?

– Бұл – біздің ауыл. Әкемнің, атамның ту­ған жері, атамекенім Алматы облысы Ке­ген ауданы Тоғызбұлақ ауылында тү­сіріл­ген. Сол ауылдың бас жағында, ауыл­дан отыз шақырым жерде жайлау бар. Орта Меркі, шет Меркі өзендерінің аңғарының бас жағында күнгей Алатаудың басында қоныс тепкен. Бұл Қараша деген жайлауда тү­сірілген. Орта Меркі аңғарының бас жағы. Жазда сол сапарға барғанда түсірген видеомыз. Айдос дейтін ағамның келіншегі. Бұған дейін де ол кісіні қыстауда түсірген едім. Ол да жақсы қаралым жинады.  

– Қазақы болмыстағы қарапайым кейіпкерлерді қалай табасыз? 

– Фотограф болғаннан кейін адамдарды қарап, жіті зерттеп жүреміз. Кей адамның образы қызықтырса, тесіліп қарап, зерттеп кететінім бар. Алғашында құр фото сессия жа­сайтын едім. Кейін ол кісілерді сұқбат­тасу арқылы мінезін, болмысын ашқым келді. Әрі фотоға түсіремін, әрі видеблог жүр­гіземін. Екеуі бірге үйлескенде, сәтті кадр шығады. Әлеуметтік желіге шыққан ви­деоблогымнан да мұны байқауға болады. Жалпы, мұның бәрі мақтаныш емес, бұл – менің кәсібім.

– Шетелдік сапарларды суретке түсір­генді ұнатасыз ба, әлде Қазақстанның көр­кем табиғатын таспалаған ұнай ма?

– Маған екеуі де ұнайды. Менің Instagram парақшамның 90 пайызы Қазақстанды көрсетуге арналған. Youtube арнама шетелдік сапарларымды жиірек саламын. Жалпы, мен әлемді танығым келеді. Әр қазақ осылай әлемді аралап жүріп, таныса деймін. Өйткені саяхат адамның көзін ашады, көкжиегін кеңейтеді. Саяхат – ол адамның ойын өзгертеді. Ол адамға шабыт береді. Елімізде де сүйсініп көретін, тама­шалай­тын көрікті мекен өте көп. Сонымен бірге әлемнің де кереметін танып, сая­хат­таған дұрыс деп ойлаймын. Саяхат – түрлі идеялар ордасы. Көңіл молай­татын, көз тойдыратын табиғаты көркем елдерге сая­хаттай бергенге не жетсін?!

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС