Алайда «Аққұм», «Қарагөз», «Қарғаш» және тағы басқа әндеріне қатысты дау-дамай көп айтылады. Оны Ахаңа телігісі келмегендер «халық әні» деп жұбатып жүр. Тіпті, «Аққұмды» Ақан серінің әні деп айтатындар да бар. Алаш арысы ақталғанға дейін Ахаңа тиесілі дүниенің көбі халықтікі болып кеткені жасырын емес. Көпшілік ол кісінің атын да, затын да атауға қорықты. Ол заман келмеске кеткен. Қазір Ахмет Байтұрсынұлы есімін қайта ұлықтап жатырмыз. Осы тұста ол кісінің әндерін де қайта жаңғырту маңызды екені даусыз. «Аққұмды» да, «Қарғаш» пен «Екі жиреннің» де Ахаң әні екенін дәлелдеп, шырылдап жүрген бір азамат бар. Ол – Ерахан Қабылов. Біз бүгін ол кісінің «Аққөл оқиғасы» туралы жазбасын жариялап отырмыз.
Аққөл оқиғасы
Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы қыркүйектің 5-ші жұлдызында Торғай уезі Тосын болысы нөмірі бесінші ауылында Сартүбек қыстағында өмірге келді. Заманында Шақшақ Жәнібек Қошқарұлының немере бауыры Үмбетей Байсейітұлының ұрпақтарына еншіге берген жері – қазіргі киелі Ақкөл елді мекені. 1936 жылы Мәскеудегі 10 күндік айтыста, атақты Жауыр торы атанған дүлдүл ақынымыз Нұрхан Ахметбеков атамыз: «Торғайдан сәлем» деген өлеңінде елді, жерді мадақтай келе:
– Ақ балығы биедей,
Шортаны атан түйедей
Ақкөл деген көлім бар, – деп жырға қосады.
Байтұрсын мен Күңше шаңырағында дүниеге келген Ахмет терең ойлы, ақылды, ерекше бала болып өседі. Көп уақытын Ақкөл көлінің жағасында өткізіп, өзінше бір тылсым күш иесімен сырласып, сурет салып, жазу жазып жүреді. Ахметке Алла Тағала берген қасиеттерді, бірінші Байтұрсынның анасы Жексен әжеміз байқайды. Байтұрсын мен Күңшеге «Анау Ахмет аспандағы Тәңірмен сөйлеседі», – деп әжеміз бірнеше рет айтып жүреді екен. Байтұрсын Ахметті ауыл молдасы Тұрғынбек Жалбырұлы атамызға ескіше оқуға береді. Оқумен қатар Ахметті 8 жасында домбыра үйрену үшін өзімен сыйлас Торғай елінің белгілі ақыны Аққұм ауылының тумасы, Қыпшақтың Қитаба руынан Еділ Қапал атасынан тарайтын Есенжол Жанұзақұлына аманат етіп тапсырады. Жастығына қарамастан терең білімді де, білікті, еркін мінезді, ойшыл жас Ахметтің ел ішінде беделі өсіп, салмағы арта бастайды. Байтұрсынның шаңырағына қонақ болып келген Торғай елінің біртуар ұлы, көріпкел, дарынды да, арқалы ақыны Сейдахмет Бейсенұлы оннан жаңа ғана асқан Ахметтің зеректігін, терең ойшыл, болашағына үлкен үмітпен қарайтынын байқап, арнайы өлең шығарған екен.
Торғай елінде ақындардың атасы Уақ Жұмабай ақын өмір сүреді. Бір отырыста Жұмабай ақын жиналғандардың арасында кішкентай Ахметтен көп үміт күтетінін, түбі қазақ елінің маңдайына біткен оқымысты ғалымы, қазақ елінің, қазақ ұлтының нағыз жанашыры болатынын айта келе «Алтын інім» деп жоғары баға береді.
Осылай уақыт жылжып өтіп жатады. 1885 жылы 12 қазанда Жыңғылды өткелінде «Ақтас – Байтұрсын» оқиғасы болып, ағайынды үш жігіт Ақтас, Байтұрсын, Данияр (Сабалақ) және оларға еріп, Ақтас атамыздың үйіндегі Үбіжан әжемізді Сібірге жер аударып жібереді. Байтұрсын баласы Ахметке болашақта оқу керегін айтуға ғана шамасы келеді. Артта аңырап туған-туыс, бала-шаға және балалармен үйге ие болып жан жары Күңше, туған елі Ақкөл қалады. Бұл оқиға бүкіл Үмбетей ұрпақтарын есеңгіретіп тастайды, бірақ тіршілік жалғаса береді. Ахмет Нұқа құрдасы екеуі үйдегі мал-жай мен үй шаруасына көмектеседі. Нұқа құрдасы Ахметке Аққұм ауылында Іңкәр деген сұлу қыз бар екенін бірнеше рет қайталап айтып жүреді. Бірақ Ахмет Нұқа құрдасының сөзіне онша мән бермейді. 1886 жылы жаз шыға «Айғожа Қаратұз» жеріне жақын «Жыланшық» өзенінің бойына көшіп келген Айғожа атамыздың ұрпақтары «Құдайы ас» беруге бүкіл Үмбетей ұрпақтарының басын қосып, қонаққа шақырады. Құдайы асқа Үмбетей ұрпақтарымен қатар, Ақкөл көлінің бойында мекен ететін басқа рудың адамдары, нағашы жұрт, құда-құдағилар, сонымен қатар Аққұм ауылынан Есенжол Жанұзақұлы, Бөгенбай Сал жанұяларымен шақырылады. Ақкөл көлін мекендеген ағайындар барлығы ұйымдасып, бірге баратын болып шешеді. Тура асқа баратын уақытта Күңше әжеміз сырқаттанып қалады. Ахмет Нұқа құрдасымен, ағайындарымен қосылып, Айғожа Қаратұзындағы Құдайы асқа келеді. Аққұмнан Бөгембей Сал, бәйбішесі Бағила, қызы Іңкәрді ертіп, олар да асқа келеді. Бірнеше қатар тігілген киіз үйлерге келген қонақтар қазақтың салт-дәстүрлерімен өздерінің жолдарына қарай орналасады.
Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты...
Жастардың киіз үйлері арнайы алтыбақанға жақын құрылған. Алтыбақанның маңында бір топ жас ән шырқап көңіл көтеруде. Ахмет Нұқа құрдасымен мініп келген аттарын жайғастырып, жастарға бет бұрады. Көптен кездеспеген бауырларымен амандық сұрасып тұрған бойында Нұқа құрдасы Ахметке Аққұмнан келген құдашалардың арасынан талай айтып жүрген Іңкәрді көрсетеді. Ахметтің тілі жүйрік, ойшыл болғанымен, махаббат мәселесіне ұяңдау болған секілді. Бұрын Нұқа құрдасынан естіп жүрген Іңкәрді өз көзімен көрген Ахмет осындай сезімге түсерін ойлады ма екен?! Аққұмның сұлу қызы Іңкәрға арнап шығарған өлеңі осы жерден бастау алғандай:
– Адамның өзін көрген абзал екен,
Айтайын өлең қылып перизатты.
Іңкәрдің сұлулығына тілі байланған Ахмет жанына бір қадам жақындаса да танысуға батылы жетпей қалады. Оны түсінген Нұқа Ахметті қыздардың ортасында қалдырып, өз жөнімен басқа ортаға қосыла кетті. Қыстан шыққалы көптен бір-бірін көрмеген ағайын-туыстар амандық сұрасып, бата-тілегін білдіреді. Астың аяқталатын уақыты да келді. Қонақтар тарасып, Іңкәр әке-шешесімен өз ауылы Аққұмға, Ахмет пен Нұқа ағайындарымен Ақкөлге жол тартады. Сартүбекке үйіне оралған Ахмет өзгере бастайды. Ахметтің бойындағы өзгерісті анасы Күңше де, бауырлары да байқайды. Күндіз тамақ ішуден, ән айтып, домбыра тартудан, ойын-күлкіден, түнде ұйқыдан қалады. Бойын бір тылсым күш жайлағандай. Махаббатқа көзі байланған Ахмет тұрса да, жатса да ойлайтыны бір Іңкәр. Іңкәрдің сұлу бейнесі бір сәт көз алдынан кетпей қояды.
– Ойымнан жатсам-тұрсам еш кетпейсің,
Басымды не сиқырмен әуреледің?!
Жалғыз болғанды ұнатады, түнімен ұйқы көрмеген Ахмет орнынан ерте тұрып, баяғы әдетімен Ақкөл көлінің жағасына келеді. Айғожа Қаратұзынан бастау алған Аққұмның сұлу қызы Іңкәрға арналған жақсы бір өлең туарын сезгендей. Махаббатқа басы айналған Ахмет көп ойланбастан өзінің бойындағы өзгерістермен Іңкәрдің сұлулығын бейнелейтін бір жақсы өлеңнің өмірге келгенін байқамай қалады. Бірнеше рет қайталап, өлеңнің сөзі мен әнін ұйқастырып, кеш батқанға дейін аяқтап шығады. Біресе «Іңкәр», біресе «Аққұм қызы». Мың ойланған Ахмет «Аққұм қызы» атауына тоқтайды. Мұны он үштен он төрт жасқа қараған Ахметтің өміріндегі әні мен сөзі қатар жазылған тұңғыш туындысы деуге болады.
– Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты,
Сөзі бар алуан шекер балдан тәтті.
Адамның өзі көрген абзал екен,
Айтайын өлең қылып перизатты.
Көзімнің жанарындай сәулем едің,
Көңілімнің қуанышты дәурені едің.
Ойымнан жатсам, тұрсам еш кетпейсің,
Басымды не сиқырмен әуреледің.
Осылай «Аққұм қызы» әні бүкіл Торғай еліне тарайды. Науқастанып, төсек тартып жатқан Есенжол Жанұзақұлы Ахметтің «Аққұм қызы» әнін естіп орнынан тұрып, атына мініп, Сартүбекке бет бұрып, арнайы Ахметке келіп маңдайынан сүйіп, екі жасқа мәңгі бірге болуға тілегін өлеңдетіп жеткізген екен (түсініктеме: бұл өлеңдетіліп жеткізілген батаны менің атама туған нағашысы Қитаба руынан шыққан ақын Серғали Серікұлы табыстаған).
– Ахметтің шығарған Аққұм қызы,
Жетті ғой құлағыма желдей есіп,
Бойыңа туа біткен асыл қасиет
Жеткізер биік таудың шыңдарына
Аққұмның құмында өскен Іңкәр қызды
Шомылдыр Ақкөліңнің айдынына,
Мәңгілік қос аққудай бірге болып
Бөлініңдер Алланың рахымына.
Байтұрсынның бауыры Ерғазы Ахмет пен Спандияр екеуін бірдей Торғайға оқуға түсіруге шамасы жетпейтінін ашық айтып, екеуіне таңдау жасатады. Спандияр да өте білімді, өзіне сенімді екенін біле тұра, оқуға Ахметті жіберуге жолын береді. Сонымен, барлығы келісіп, Торғай қаласына оқуға түсуге Ахметті жібереді. Торғай қаласына анасы Бағиламен қыдырып келген Іңкәр оқуда жүрген Ахметпен кездесіп, жақынырақ танысады. Екі жас сырласып жүргенде махаббат хикаялары басталып кетеді. Ақкөлге демалысқа келген Ахмет атына мініп Аққұм ауылына барып, Іңкәрмен кездесіп жүреді. Осылай қуанышты шақтарында Іңкәрдің сұлулығы мен ақылдығына көзі жеткен Ахмет екінші «Қаракөз» әнін шығарып, ақ қағазға түсіріп, Іңкәрдің қолына ұстатып сыйға тартады.
– Құдайдың құдіретіне таңғаламын,
Жолында бір ғашықтың зарланамын.
Ішімді ғашық оты жандырады,
Сыртыма шығаруға арланамын.
Қайырмасы:
Ей-ей cүмбіл шаш
Беу-у, жұбайым
Болды-ау уайым
Жан сәулем, айта беріп,
Не қылайын?
Әппақ етің қояндай
Шошып сәулем оянды-ай.
Ғашық болған қаракөз
Қызығыңа тоя алмай...
Араға бірнеше уақыт салып Аққұмға барған Ахмет «Қарғаш» әні мен сөзін өзі жазып, арнайы қағазға түсіріп, оны да Іңкәрға сыйға тартады.
– Ақдидарын көргенде тұра алмаймын,
Сенсіз жерде салтанат құра алмаймын.
Сен есіме түскенде, беу қарғашым,
Кемесіндей дарияның бұраңдаймын.
Жылқым жатыр, Ақкөлдің шаңдағында,
Кімдер сері болмайды бойдағында.
Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетер,
Келіп, кетіп жүрсейші ойнағыңа.
Орынбордан демалысқа келген Ахметті неше түрлі ой мазалай бастайды. Оқу бітіруге бір жыл қалғанда Орынбор қаласына Іңкәрді өзімен ертіп кету ойы мазалай береді. Өзінің сенімді бауырлары Нұқа мен Бекболаттың Ахметі үшеуі отырып ақылдасып, бірге жоспар құрады. Нұқа құрдасы екеуі Аққұмға барып Сартүбекке алып келетін болып шешеді. Бекболаттың Ахметіне ауылда қалып, барлық мәселені қадағалап отыруға және Іңкәрді ауылға алып келген уақытта туыстарға хабар таратып, сүйінші сұрау тапсырылады. Осылай бір Аллаға сыйынып, Ахмет пен Нұқа Аққұм ауылына жол тартады. Жоспар бойынша түс уақытында жолға шыққан Ахмет пен Нұқа кеш батқанға дейін Іңкәрмен үшеулетіп, Сартүбекке келуі керек. Кешкі уақыт болады, бірақ Аққұм жақтан ешқандай хабар болмайды, олар кешіккен сайын Бекболаттың Ахметі де алаңдай түседі. Келесі күні кешке қарай Аққұмнан Ахмет пен Нұқа аман-есен оралады. Қастарында Іңкәр болмайды. Ахмет мінген аттың жал-құйрығы күзелген, Бекболаттың Ахметі бір сұмдық оқиғаны сезгендей. Осы күнді есіне алған Бекболаттың Ахметі оқиғаны былайша еске алады: «Қабағы салыңқы, өте жүдеу күйде. Сөйтсе, Іңкәрмен кездесе алмаған. Ахмет қатты назаланды. Сабаз артының осылай болатынын жорыды ма екен, жылап отырып біраз әңгімесін айтады».
Осы оқиғадан кейін Ахмет Аққұм ауылына баруын тоқтатады. Бірақ Іңкәрдің өзіне адалдығын, ешқандай жазықсыз екенін Бекболаттың Ахметіне айтады екен. Аққұмнан келген Ахметтің мініп жүрген атының құйрық жалы күзелгенін көрген біздің рудың сол дәуірдегі бір ақсақалы «Енді Ахметтің өмірі не болар екен?» деп алаңдаушылық білдіріп, жылап алған екен. Бұл оқиға Үмбетей ұрпақтарына қатты батады. Осы оқиға Ахметтің «Екі жирен» әнінің шығуына тікелей себепкер болады.
– Көшкенде жылқы айдаймын аламенен,
Аулыңа барушы едім даламенен.
Әридаш-ай, әридаш-ай,
Түскенде сен есіме беу, қарағым,
Сағынып сарғаямын санаменен.
Әридаш-ай, әридаш-ай.
Ахау екі жирен, жалын түйген,
Жалғанда ғашығым сен, жаным сүйген
Әридаш-ай, әридаш-ай.
Жан құрбым, сөз сөйлеймін көрген зардап,
Кетпеймін күдер үзіп ақ сұқарым.
Әридаш-ай, әридаш-ай,
Көңілімде сен дауалық болмаған соң,
Ойымда толып жатыр арыз арман!
Әридаш-ай, әридаш-ай,
Ахау екі жирен, жалын түйген,
Жалғанда ғашығым сен, жаным сүйген
Әридаш-ай, әридаш-ай.
Ғизатлу хат жазамын, қалқам саған,
Самарқау, осы күнде көңілім шабан.
Әридаш-ай, әридаш-ай.
Мұғалақ екі дүние бірінде жоқ,
Дариға осыменен өтті заман.
Әридаш-ай, әридаш-ай.
Ахау екі жирен, жалын түйген,
Жалғанда ғашығым сен, жаным сүйген
Әридаш-ай, әридаш-ай.
1926 жылы Ахмет Ақкөлге келіп, Қали ағасына ас берген екен. Осы жолы туған-туыстарын қимастықтан екі ән шығарады. «Елден жырақ», «Ахау достар» әндерін туған-туыстарының ортасында орындап беріп, ең жақсы көретін бауыры Бекболаттың Ахметіне үйретіп, «Мен де алдымда не болатынын білмеймін?!», «Бұл асты маған да берген ас деп ойлаңдар» деп айтады жиналғандардың алдында. Ахаң сол жолы барлық әні мен күйін Бекболаттың Ахметіне аманат етіп тапсырады.