Талдықорғанда пилоттық жоба іске қосылды

Бала тәрбиесі – басты назарда. Жасы­рары жоқ, соңғы жылдары мектеп қабырғасындағы балалар­дың сапалы біліммен бірге саналы тәрбие алып, Отанын сүйетін, ор­тасын қадірлейтін, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болатын азамат болып өсуіне ықпал ететін игілікті жұмыс­тардың ақсап кеткені анық.

Оған кейінгі кездері балалар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзу­шы­лықтың небір түрінің тіркеліп жатқаны дәлел бола алады. Осы орайда Жетісу об­лысы басшылығының баста­ма­сымен жү­зеге асырылған оқушыларды адам­гер­шілік-құқықтық тәрбиелеу жөніндегі пилоттық жоба Талдықорған қаласының 30 мектебін қамтып отырға­нын айта кет­кенді және басқа аймақ­тарға үлгі ретінде ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Бұл жо­ба­ның негізгі мақсаты – оқушылардың же­ке тұлға ретінде да­муын және оларды әлеу­мет­тендіруді менторлық сүйемелдеу ар­қылы өңірде бірыңғай тәрбие кеңіс­ті­гін қалып­тастыру. 

«Әдеп-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобалық кеңсесі облыстық Қо­ғамдық даму басқармасының базасында құрылған. Басқарманың мәліметіне қарағанда, облыс орталығының әрбір мектебінде педагогика, психология, құқық саласында білімі бар, сондай-ақ біліктілік талаптарына сәйкес келетін, арнайы оқу курсынан өткен мамандар менторлық қызметті жүзеге асырады. Қазір Талдықорған қаласы бойынша әр мектепте 1 маманнан, барлығы 30 адам осы бағытта жұмыс істейді. Осынау шарапатты шара адамдарды жұмыспен қамтумен қатар, ең бастысы мектепте оқитын балалардың тәрбиесіне де ба­рын­ша оң ықпал етпек. 

«Қазір қалалық мектептердің оқу­шы­лары ментор маманның  кім екенін, оған сенуге және өзін алаңдатқан мәсе­лелерін айтып, ой бөлісуіне болатынын біледі. Ментор кеңес береді, бағыттайды, мәселені шешу жолдарын ұсынады, қа­жет болған жағдайда әртүрлі қызмет са­ла­ларының мамандарын тартады. Осы­лайша, менторлар  мектеп, ата-ана, жалпы қоғам мен балалар арасын жал­ғас­тыратын өзіндік ерекшелігі мен маңызы бар көпір болып отыр», – дейді «Әдеп-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобалық кеңсесінің жұмысына жетекшілік ететін облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орын­басары Ілияс Түстікбаев. 

Оның айтуынша, қазан айында менторлардың қатысуымен «Қауіпсіздік және құқықбұзушылықтың алдын алу» ай­лығы өтті, ал қараша айына «Білім беру» айлығы жоспарланып отыр. Осы­ған байланысты желілік кестеге сәйкес Талдықорған қаласының оқушылары мен мұғалімдеріне облыстық Полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес, есірткіге қарсы күрес бөлім­дері­нің, Талдықорған қалалық №1 емхана­ның және тағы басқа да салалардың ма­­ман­дарымен бірлесіп, дәрістер өткі­зіледі.

Сонымен қатар шақырылған лектор­лардың қатысуымен арнайы әңгіме­лесулер жоспарланған. Мысалы, жоба енгізіле бастағаннан бастап оқушыларға  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, облыс прокуроры Ма­дияр Басшыбаевтың, «Ұлттық ерік­тілер желісі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюктің, дінтанушы, теолог, психолог Нұрлан Асановтың, «Қа­зақ­стан студенттер альянсы» респуб­ликалық студенттер қозғалысы» ҚБ төрағасы Ұлан Нәукеннің, шығыс­тану­шы, «Отбасы хрестоматиясы» жобасы­ның жетекшісі, «Қуыскеуде» кітабының авторы Санжар Керімбайдың дәрістері ұйымдастырылды. Ал қараша айының алғашқы онкүндігінде  225 оқушыға SDU, ҚБТУ, ҚазҰУ, ҚазҰПУ, Narxoz, ҚазҰМУ және  еліміздің тағы  басқа үздік жоғары оқу орындарына кәсіби бағ­дарлау экскурсиялары жоспар­ланған. 

Мемлекет басшысының  «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында жүктелген тапсырма­лар­ды орындауға бағытталған жұмыстар­дың бірі болып саналатын «Адамгер­шілік-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобалық кеңсесі өз жұмысын биылғы оқу жылында бастаған. Жоба­лық кеңсе жасөспірімдер тәрбиесінің өзектілігін ескере отырып, өз жұмы­сында балалар мен жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, нашақорлықтың, лудоманияның, суи­цид­тің, буллингтің, кибербуллингтің, зор­лық-зомбылықтың барлық түрінің алдын алу, жыныстық қолсұғылмау­шы­лықты қалыптастыру (ерте жүктіліктің алдын алу), саламатты өмір салтын на­си­хаттау, мамандық таңдау және кәсіптік бағдар беру, сонымен қатар шығарма­шылық ойлауды дамыту және қаржылық сауаттылықты арттыру ба­ғыттарын не­гізге алған.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы