Мен 1978 жылғы 12 шілдеде Қызылорда облысы Қазалы ауданы Құмжиек ауылында дүниеге келдім. Кәрібоз атамның үлкен ұлы, бүгінде профессор Бағдат Кәрібозұлының қызымын. Ата-анам ол кезде Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының қазақ әдебиеті және қазақ тілі факультетінің студенттері. Алғаш мектеп табалдырығын да Құмжиекте аттадым.
Кәрібоз атам ел арасында сөзге шешендігі әрі қасының ерекше қоюлығынан «Кәрібоз шешен» атанып, ауылдағы руларды татуластыру мен елдестіруде халық билігінің маңызды өкілі болған. Кішкентайымнан атама үздіксіз адамдар келіп, кеңесі мен батасын алғандарын көріп өстім. Атамның айтқан аңыз-әңгімелерін ерекше құштарлықпен тыңдап, дәптерге жазып жүргенім әлі есімде.
«Елдестірмек – елшіден» деп дана халқымыз айтқандай, мен де Кәрібоз атамның жолын қуып, 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетінің алғашқы қазақ тобына оқуға түстім. Тәуелсіздігіміздің сол бір алғашқы жылдары біз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, бүгінде жаһанның әртүрлі мемлекеттеріндегі Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшілерінің дәрістерін тыңдау бақытына ие болдық.
2000 жылы үздік түлек ретінде еліміздің Сыртқы істер министрлігіне жолдама алып, марқұм сіңлім Гүлнұрыммен бірге тау бөктеріндегі ару Алматыдан Сарыарқаның өрі, еліміздің төрі бас қаламыз Астанаға келдім.
Сыртқы саяси бағыттағы қызмет барысында отбасындағы тәлім-тәрбие, еліміздің тарихы мен мәдениетін дәріптеу, келіссөздерде жеңіске жетуде өз салаңды жетік меңгерудің маңызын ұғындым. Жас дипломат ретінде шетелдік басшылардың мемлекеттік және ресми сапарларын ұйымдастыруға етене араластым. 2003 жылы тәуелсіз Қазақстанның көпұлтты мемлекет ретіндегі тарихи бастамаларының бірі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезінде Израиль мемлекеті делегациясының қатысуына атсалыстым. Бұл менің дипломатиялық тәжірибемде үлкен әсер қалдырған оқиға болды.
2007–2009 жылдары сол кездегі Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың шақыруымен бір топ жас мамандармен бірге, енді ғана ашылып, жұмысын бастап жатқан ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының әкімшісі – Халықаралық бағдарламалар орталығына бас менеджер ретінде қабылдандым. Қызу еңбектегі жаңа басталамаларым қолдау тауып, көп ұзамай орталықтағы Оқуды ұйымдастыру және мониторинг басқармасының басшысы лауазымына тағайындалдым. Президенттік стипендия иегерлерін академиялық оқуға орналастыру, оқуын қадағалауға жауапты болып, шетелдің үздік жоғары оқу орындарымен серіктестік орнатып, «Болашақтың» көкжиегін кеңейтуге өз үлесімді қосуға мүмкіндік алдым.
2009 жылы әлемнің экономика мектептерінің көшбасшысы саналатын Лондон экономика мектебіне (LSE) оқуға қабылдандым. Әлемнің қатардағы емес, маңдайалды білім ошағында оқу арманым еліміздің тәуелсіздігі және адами капиталды дамытудағы ең сәтті ұлттық жобасы – «Болашақ» бағдарламасының арқасында орындалды деп айтуға толық негіз бар.
Мемлекеттік саясат және басқару саласындағы ғылым магистрі дәрежесіне оқу барысында басты түйгенім – мемлекеттік басқарудағы қандай да бір орта-және ұзақмерзімді бағдарламаларды жоспарлау мен дайындау, іске асыруда олардың келешек ұрпаққа қатысты әділдігін терең зерттеу және жағымсыз салдарларын болдырмауға қол жеткізу, кепілдік ету өте маңызды. Сондықтан да болар, менің қазір зерттеп және дәріс оқып жүрген бағыттарымның бірі – этикалық көшбасшылық.
Оқуымды аяқтай сала дипломатия жолына қайта бет бұрып, еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға етене араласып кеттім. Біраз жыл бойы еліміздің Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі елшілігінде инвестициялық кеңесші қызметін атқардым. 2012, 2015 жылдары тұңғыш Президенттің Ұлыбританияға мемлекеттік сапарларын ұйымдастыруға белсенді атсалыстым. 2015 жылғы бір ғана мемлекеттік сапар нәтижесінде Қазақстанға 9 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту ісінде шешуші тетік бола білдім.
Еліміздің халықаралық қауымдастықта аймақтық көшбасшы мәртебесін ілгерілету мақсатында Астана ЭКСПО–2017 халықаралық көрмесін, кейін оның мұрагері Астана халықаралық қаржы орталығын британ қауымдастығына танытып, Отанымызға инвестиция әкелуге белсенді араластым.
Сол жылдары ерекше сүйіспеншілікпен атқарған бағытымның бірі – Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің жұмысын сүйемелдеу болды, соның ішінде банктің ірі қалалардан аймақтарға бет бұрып, маңызды инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салу бастамасында өз қолтаңбамның бар екендігін мақтанышпен айта аламын.
2018–2019 жылдары еліміздің білім беру саласындағы маңызды жобаларды іске асырушы, бетке ұстар ұлтжанды азаматымыз Рауан Кенжеханұлының шақыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының танымал ғалымдары жазған оқулықтарды қазақ тіліне аудару жобасына зор қызығушылықпен қатыстым. Жоба аясында Еуропадағы ең ірі қашықтан оқытатын білім ордасы – Open University-мен ынтымақтастықты орнаттым.
2019 жылы елге оралып, «Болашақ» халықаралық стипендиясының әкімшісі – Халықаралық бағдарламалар орталығын 2022 жылға дейін басқардым. Осы сындарлы кезеңде «Болашақ» бағдарламасының тиімділігін арттыруда Мемлекеттік хатшы – Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаевтың қолдауын ерекше атап өткім келеді.
Соның ішінде 2020 жылы Үкімет қаулысымен стипендияға үміткерлерді іріктеудің жаңа ережесі қабылданды, әлемдік үздік жоғары оқу орындарының тізімі түзіліп, басым мамандықтар тізбесін жасақтау талаптары өзгерді, үміткерлерді іріктеу кезеңі толық автоматтандырылып, оңтайландырылды, ауылдық жастар үшін жеңілдіктер ұсынылып, мемлекеттік тілді игеру талаптары күшейтілді, «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің тиімділігі бойынша арнайы Bolashaq Impact Report–1 зерттеуі жүргізіліп, түлектермен жұмыс та жаңа сапалы деңгейге шығарылды.
«Болашақ» халықаралық стипендиясының әкімшісі – Халықаралық бағдарламалар орталығына оралудағы үлкен жауапкершілік пен тарихи миссиямды ерекше сезіндім – ол талай жастың үмітін үкілеп, арманын асқақтатқан теңдессіз президенттік стипендияның мәртебесін, оған деген халықтың сенімін арттыру, бағдарламаның заман талабына сай жаңғырып, жетілуін қамтамасыз ету болды. Орталықтағы білікті мамандар, барлық бастамаларымызды қолдаған басшылар, сарапшылар, бағдарлама түлектері – бірлесіп осы мақсатқа қол жеткізе алдық деп сенемін.
Қазір еліміздің маңдайалды жоғары оқу орны – Maqsut Narikbayev University (КАЗГЮУ) Басқарма төрағасының стратегия және адами ресурстарды дамыту бойынша орынбасарымын. Бұл жауапты қызметке шақырылуыма менің «Болашақ» түлегі мәртебем және халықаралық тәжірибем негіз болды. Университетіміздің барлық игі әрі тыңғылықты бастамалардағы көшбасшылығын ілгерілетуге өз үлесімді қосуға бар күш-жігерімді салудамын.
Менің жеке тарихымның осылай өрбуі және тәрбиелеп жатқан қыздарым Бегім Ана, Інжу мен Аянаттың мені «үздік үлгі» (Role Model) ретінде бағалауында «Болашақ» орны ерекше деп толық сеніммен айта аламын.
Біздің «Болашақ»
немесе «Болашақтың» болашағы бар ма?..
«Болашақтың» болашағы, тиімділігі мен салынған қаражаттың қайтарымы туралы Covid-19 пандемиясы кезінде, соңғы кездері сұрақ жиі қойылып келеді. Менің, барлық елге қызмет етіп жатқан болашақтықтардың жауабымыз – сөзсіз «Болашақтың» болашағы зор және ол әлі де мыңдаған жастардың шетелде озық білім алуына мүмкіндік беретін баламасы жоқ бағдарлама.
Бағдарламаның бірегейлігі халықаралық деңгейде де мойындалған. Жоғары білім және ғылым саласының беделді ұйымдары Британдық Кеңес (British Council) пен Герман академиялық айырбас агенттігі (DAAD) «Болашақ» бағдарламасын балама 11 стипендия арасында басты үш бағалау межесі – оқу бағытының нысандылығы, оқу шығыстарының толық қамтылуы және бағдарлама түлектерінің елге оралғанда жұмыспен қамтамасыз етілуі негізінде ең үздік халықаралық стипендия болып танылған.
5 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына 30 жыл толады. Осы кезеңде еліміздің 15 697 азаматы стипендия иегері атанса, түлектер саны 12,5 мыңға жетті.
Bolashaq Impact Report–1 бағдарлама тиімділігі бойынша зерттеу нәтижелеріне тоқталатын болсақ, бағдарлама түлектерінің жұмыс берушілерінің 90%-ы түлектердің тек білімі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сонымен қатар олардың көшбасшылық, моральдық және коммуникативтік дағдыларын ерекше атап өтіп, өз ұйымындағы болашақтықтарды «оң өзгеріс агенттері» деп жоғары бағалаған. Бүгінде болашақтықтардың шамамен 52%-ы орта және жоғары буын басшы деңгейіне өссе, 10%-ы өз кәсіпорнын ашып, халықты жұмыспен қамтамасыз етуде.
Әлеуметтік маңызы зор екі салаға ғана сараптама жасайтын болсақ, денсаулық сақтау саласында 1 000-нан астам түлек болса, зерттеуге сәйкес осы саладағы түлектер жылына күрделілігі әртүрлі 200 мыңнан астам ота жасайды. Ең маңыздысы, түлектер ел аралап, өз білімімен, тәжірибесімен бөлісіп, өз саларында шәкірттер тәрбиелеуде. 10-15 жыл бұрын бұл күрделі оталардың елімізде жасалуы екіталай болып, қаражаты барлар ғана шетелге емделуге барып жасатса, бүгінде, соның ішінде болашақтықтардың арқасында мыңдаған қарапайым қазақстандықтардың өмірі сақталуда десем еш артық айтпаймын. Яғни, болашақтықтар – адам денсаулығының жақсаруына, адам өлімі санының азаюына өз үлестерін қосып жатыр деген сөз.
Ал білім беру және ғылым саласында 1,5 мыңға жуық түлектер болса, олардың алды еліміздің іргелі білім ошақтарының ректор-проректорлары, декандары, аға оқытушы-ғалымдары еліміздің жоғары білім және ғылым саласын ілгерілетіп, білікті мамандар дайындап, халықаралық қауымдастықта ойып тұрып орын алатындай адал қызмет етуде.
Мемлекеттік басқару мен мемлекеттік саясатта болашақтықтар сапалы өзгеріс, ұлттық жоба басы-қасында. Президенттік жастар кадрлық резервінің үштен бірін болашақтықтар құрайтынын да сызып айтып кеткен жөн.
Жалпы, бағдарлама тиімділігін бағалауда еліміздің қарқынды дамуына оң әсер еткен Impact жобалардағы «Болашақ» түлектерінің үлесін назардан тыс қалдырмаған жөн деп есептеймін. Атап айтқанда, орта және жоғары білім саласындағы мемлекеттік және жеке жобалар, ұлттық медициналық орталықтар, Астана халықаралық қаржы орталығы, AstanaHub, Astana IT университеті, Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері, сондай-ақ ірі мұнай және газ кен орындары, құрылыс жобалары, сонымен қатар стратегиялық маңызы бар нысандарға шетелдік инвестиция тартып, олардың ілгері дамуында жергілікті мазмұнды күшейтуде өз ерен үлесін қосқаны, қосып жатқаны белгілі.
Бұған қоса, «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қауымдастығы мен «Болашақ» корпоративтік қорының қоғамдық және қайырымдылық қызметінің нәтижесінде Қазақстанның барлық аймағында инклюзивті қолдаудың кеңселері ашылды. Дарынды жастардың республикалық және халықаралық байқауларға баруы қаржыландырылса, Голливудтың 30-дан астам бестселлер фильмі қазақ тілінде дубляжданып, Қазақстан асып, Моңғолияның қазақтілді балаларын бақытты етті. Қауымдастықтың «Болашаққа сеніммен» тәлімгерлік жобасы шеңберінде «Болашақ» түлектері орта мектеп оқушыларына өз үздік үлгісі арқылы кәсіби бағдарлап, келешек мамандығын дұрыс таңдауда практикалық кеңес беруде.
Қай саланы алмасақ та, денсаулық сақтау, білім беру, адами капиталды дамыту, мәдениет пен өнерді ілгерілету, мемлекеттік басқару, қаржы, экономика, IT, инновацияларды енгізу және бизнес-процестерді оңтайландыру, қоғамдық және қайырымдылық жобалар, өндіріс, құрылыс – барлық мықты бастамаларды жүзеге асыруда болашақтықтар көшбасшылар қатарында екенін зор мақтанышпен айтамын.
Бұған қоса, 2020 жылғы халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде жыл сайын 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханаларына тағылымдамаға жолдау шешімі бүгінде өз оң нәтижесін беруде. 2022 жылы Президент Тоқаев «Болашақ» бағдарламасының нысандылығын одан әрі күшейтуге баса назар аудартып, техникалық-инженерлік мамандықтар дайындығын күшейтуді алға тартқан болатын.
«Қазақтар, жас қазақтар, технарь болуы керек. Бұл – менің сенімім. Үкімет осы мәселелерді жүзеге асыруы тиіс. Егер әрбір қаржылық өнеркәсіптік топ заманауи зауыт орнатса, ауылдардан, қала маңынан келген мыңдаған баланы оқытса, оларға адал ақша табуға мүмкіндік берсе – бұл әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды кепілі болады», – деп жастарға деген зор сенімін жеткізді. Бұл сенімнің ақталуында болашақтықтар шешуші әрі маңызды тетік болмақ.
«Болашақтың» болашағы бар, бар емес зор. «Болашақтың» баламасы жоқ. Ол әлі де мыңдаған жастардың әлемнің алдыңғы қатардағы үздік оқу орнында озық білім алуға мүмкіндік беретін, елімізге оралып халқымыздың игілігіне қызмет етуге жағдай жасайтын бірегей бағдарлама.
«Болашақ» еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында – әлеуметтік-экономикалық құлдырау, ішкі және сыртқы саяси тәуекелдер мен белгісіздік басым кезеңде еліміздің дамуына үлес қосатын жастарға деген үлкен үміті – адами капиталды дамытудың ұзақмерзімді инвестициялық ең сәтті жобасы. Бұл инвестиция мың еселеп қайтуда.
Айнұр КӘРІБОЗОВА,
«Болашақ» бағдарламасының түлегі,
Maqsut Narikbayev University (КАЗГЮУ)
Басқарма төрағасының орынбасары