Мамандардың түсіндіруінше, протонды терапия орталық жүйке жүйесінің, көздің онкологиялық аурулары кезінде негізінен балаларды емдеу үшін аса қажет. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі оны енгізу біраз жылға ұзап кетуі мүмкін екенін ескертеді. Қандай қиындықтар туындауда?
Пәле ауру белең алды
Атын естісе, адам жаны түршігетін аурулар бар. Қазақстанда бұл – қатерлі ісік аурулары. Республикада онкологиядан болатын өлім көш бастап тұр. Жыл сайын онкологиялық ауруларға шалдыққан 37 мыңнан астам жаңа адам тіркеледі, оның басым бөлігі ауруы асқынып кеткенде, кеш анықталады. Тағы 13 мыңнан астам адам жыл сайын қайтыс болады. Елде 205 мыңнан астам қазақстандық онкологиялық дерттерге душар болып, есепте тұр. 20 миллионға да жетпейтін халқы бар мемлекет үшін бұл – жан шошырлық жайт.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, онкологиялық аурулар соңғы 20 жылда 25%-ға өсті, қатерлі ісіктен қайтыс болғандар саны 33%-ға төмендеді. Қатерлі аурудың ең көп кездесетін түрлері бойынша бірінші орында – сүт безі обыры тұр: барлық тіркелген жағдайдың 13,2%-ы. Екінші орында – өкпе обыры (10%). Үштікті колоректальды обыр (9,3%) тұйықтайды. Содан соң – асқазан обыры (7,4%).
Өлім көрсеткіші бойынша бірінші орында өкпе обыры (16,3%), екінші орында – асқазан обыры (12%), үшінші орында – тоқ ішек (колоректальды) обыры (10,6%), төртінші орында – сүт безі обыры (8,1%).
2022 жыл қорытындысында, үрейлі сырқат ең көп таралған өңірлерге Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары жатқызылды. Қостанай облысында өлім көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,2 есе жоғары, ерте диагностика жасау 5%-ға төмен. Ақмола облысында өлім-жітім көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,5 есе көп, ерте диагностика 6%-ға төмен.
Еліміздегі онкологиялық сырқаттанушылық деңгейі орташа деңгейден едәуір жоғары өңірлерге – Шығыс Қазақстан облысы (әрбір 100 мың тұрғынның ішінде 306,2 адам онкологиялық кеселдермен ауырады); Солтүстік Қазақстан облысы (293,4); Павлодар облысы (288,7); Қостанай облысы (285,4); Қарағанды облысы (270,1); Ақмола облысы (227,7); Абай облысы (221,8); БҚО (203,9 адам) жатады. Қатерлі ісікпен сырқаттанушылық республиканың 14 өңірінде өсті. Небары бес өңірде ғана көрсеткіш салыстырмалы түрде төмен деңгейде болған.
Қатерлі ісік тепсе, темір үзетін жастағы азаматтарды жалмайды: науқастардың жас құрылымының 55,8%-ын еңбекке қабілетті жастағы, яғни 18-64 жас аралығындағы адамдар құрайды.
Сондықтан ең құрығанда, ел орталығында және ең болмаса бір ірі орталық болуы тиіс. Астанада Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы бар, бірақ оның ғимараттары да, құрал-жабдықтары да ескірген. Оның орнына жаңа орталық ашылатын болады. Жаңа корпусы салынып жатыр.
Орталық құрылысы – Үкімет бақылауында
Жаңа онкологиялық орталықтың ашылуы – стратегиялық маңызды және әлеуметтік маңызы бар жоба деп танылды. Оның құрылысы 2021 жылдың басында аяқталады деп жоспарланған еді. Тым ұзап кетті.
Сондықтан Қаржы министрлігі Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық (ҰҒОО) жобасына биылғы жыл соңына дейін Ұлттық қордан 9 миллиард 756,6 млн теңге бөлуді ұсынды. Соның ішінде 9 млрд 401,4 млн теңге – ҰҒОО-ны салуға, құрылыс-монтаждау жұмыстарына, қалған 355,1 миллион теңгеден астамы – орталық құрылысының инжинирингтік қызметтеріне, техникалық және авторлық қадағалауға, жобаны басқаруға бағытталмақ. Үкімет бүгінде жыл қорытындысында игерілмей қалатын бюджет қаражаттарын қайта бөліске салуда.
Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығының дерегінше, жаңа ҰҒОО ғылыми-зерттеу зертханалардан, оқу және клиникалық базалардан тұратын өз саласындағы жетекші халықаралық орталыққа айналады деп күтілуде.
«Онда ең озық технологиялар, радиациялық, лазерлік, протондық және ядролық медицина бөлімдері құрылуы тиіс. Пациенттер көпсалалы тәсілге сүйене отырып, ерте диагностикадан бастап, жоғары технологиялық емдеуге және оңалтуға дейінгі медициналық көмектің барлық спектрін шетелге шықпай, Қазақстанда ала алады. Жаңа орталықтың құрамында 210 орынға тәуліктік стационар (оның 70-і – онкогематологияға арналады), 150 орындық күндіз ем алатын амбулаторлық терапия орталығы, ауысымына 500 келушіні қабылдайтын емхана болады», – деп мәлім етті қолданыстағы орталық.
Оның құрылыс барысын Премьер-Министр Әлихан Смайылов өз назарында ұстап отыр. Үкіметтің хабарлауынша, Астанадағы заманауи, жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық (ҰҒОО) келесі 2024 жылдың екінші жартысында ашылады.
Жаңа орталық – бюджеттік инвестициялық жоба, оны жүзеге асыру үшін Швейцарияның және АҚШ-тың халықаралық жетекші компаниялары тартылды. ҰҒОО күрделі нысан болғандықтан, ол халықаралық стандарттарға сай болуы үшін құрылысқа тиісті тәжірибесі бар халықаралық компания шақырылыпты.
Бүгінде құрылыс жұмыстары 90%-ға орындалды. Атап айтқанда, сәулелік және ядролық медицина орталықтары, протондық терапия орталығы, әкімшілік және техникалық блоктары бар 210 төсек-орындық емдеу-диагностикалық корпус салынды.
Сонымен қатар су, жылу және электрмен қамту үшін орталық қалалық инженерлік желілерге қосылды. Кабинеттер мен палаталарды әрлеу жұмыстары аяқталды. Қазір медициналық жабдықтарды жеткізу, іске қосу-жөндеу, сынақтан өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ҰҒОО басшысы, онколог Санжар Шалекеновтің айтуынша, жылына 6 мың науқасқа қызмет көрсететін жаңа емдеу мекемесінде радионуклидті диагностика, радиофармацевтикалық препараттар шығару және радионуклидтік терапия жүргізу жоспарланған.
– Бізде радиосәулелік емдеу қарастырылған. Ол бірнеше аппарат көмегімен жүзеге асырылады: біреуі контактілі сәулелік терапияға, екіншісі контактісіз емдеуге арналған. Бұл – Edge, Turbine және Ethos сияқты құрылғылар. Олардың кейбірі Қазақстанда алғаш рет қолданылғалы тұр, – деді ол.
Орталықта бүкіл Орталық Азиядағы алғашқы протонды терапия орталығы жұмыс істей бастайды. Онда жылына 800-1 000 науқас ем алады деп жоспарланған.
– Бізде онкогематология орталығы да қарастырылған. Мұнда сүйек кемігін трансплантациялауға арналған 15 төсек-орын бар. Бұл – барынша стерилді, таза бөлмелер, онда жылына 180-ден 200-ге дейін трансплантация жасау жоспарланған. Бұл республика бойынша мұқтаж науқастардың үштен бір бөлігін қамтуға мүмкіндік береді, – деді Санжар Шалекенов.
Ол ҰҒОО-ның екінші блогы ғылыми-білім беру орталығы болатынын жеткізді. Сонымен қатар мұнда 140 төсек-орындық аурухана, үш операциялық бөлме және үлкен диагностикалық емхана орналасады.
Орталық ашылуға дайын ба?
Тиісті қаржы бөлінсе, кез келген нысанды салып шығуға болатыны сөзсіз. Шетелдік компания оның корпустарын тұрғызып, ішін заманауи жабдықтармен лық толтыра, жасақтап шығады. Үкіметке тапсырады, тіпті биік лауазымды адамдар қызыл лентасын қиюы мүмкін. Ары қарай не болады?
Білікті кадрлармен қамтамасыз етілмесе, ғимараты қаңырап, қондырғылары қаңтарылып тұрып қалуы мүмкін. Елімізде бос тұрған медициналық нысандар жетерлік. Қаншама заманауи, аса қымбат медициналық жабдықтардың шаң басып, босқа жатқанын құзырлы органдар бұған дейін анықтаған.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Денсаулық сақтау министрлігіне бас мердігермен бірлесіп, 2024 жылдың 1 тамызына дейін протонды терапия орталығын іске қосуды, нысанды пайдалануға беруді тапсырды.
Денсаулық сақтау министрлігі шетелден білікті мамандарды шақыруға тура келетінін ескертті. Тіпті, протонды терапия енгізу мерзімі созылып кетуі мүмкін: өзге елдер бұл іске 5-10 жыл жұмсапты.
«Қатерлі ісікті жоғары тиімділікпен ерте анықтау және емдеу – тек озық халықаралық тәжірибені енгізе алсақ қана мүмкін болады. Қазақстанда және бүкіл Орталық Азияда алғаш рет ҰҒОО базасында ядролық медицинаның инновациялық, жоғары тиімділікті әдісін ендіру жоспарланды. Әңгіме болып отырған протонды терапия – радиотерапияның бір түрі. Онда ісікке әсер ету арнайы үдеткіште үдетілген протон бөлшектері (разогнанные в ускорителе частицы) сәулеленген аймаққа жеткізіледі. Әдіс тек ісікті ғана нысаналы түрде зақымдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, оның айналасындағы сау тіндерге зиянды әсер азаяды, жанама әсерлер кемиді, ісіктің қайталану, рецидив қаупі төмендейді. Пациенттердің өмір сүру деңгейі жоғарылайды. Сау тіндерге сәулелік жүктеме азаяды. Әлемде балалардағы ісіктердің 100% жағдайында протон терапиясымен емдеу ұсынылады», – деді Денсауминінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті.
Комитеттің түсіндіруінше, әлемдік тәжірибеде протонды терапияны енгізуге 5-тен 10 жылға дейін уақыт кетеді. Мысалы, Ресей Димитровград қаласындағы Протон орталығын іске қосуға он жыл шығындады. Даниядағы орталықты ашу – 7 жылды, Коян қаласындағы Корей онкологиялық орталығында – 5 жыл, Санкт-Петербордағы Онкологиялық клиниканың Протонды терапия орталығын құру – 5 жылды алыпты. Қазақстанда бұл салада білікті маман тапшы.
«Кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу, озық технологияларды дамыту үшін халықаралық ғылыми тәжірибеде Тәлімгерлік-менторлық институты қолданылады. Оған сәйкес, отандық немесе шетелден арнайы алғызылған тәжірибелі маман жергілікті персоналды оқытып, үйретеді. Ментор шәкірттерімен, яғни тек жастармен ғана емес, тәжірибесі аз дәрігерлермен білімін бөліседі, үлгі-өнеге, жөн-жосығын көрсетеді, белгілі бір уақыт бойы жеке бақылауымен машықтандырады. Қазақстан үшін бұл технологиялардың таңсық, жаңа екенін ескеріп, шетелдегі жетекші онкологиялық орталықтардан және протонды терапия орталықтарынан білікті ментор-тәлімгерлерді тарту қажет», – деген ұстанымда Денсаулық сақтау министрлігі.
Бұл үшін оларға әлемдік деңгейдегі жоғары жалақы төленіп, жұмыс істеуіне барлық жағдай жасау керек. Тәлімгерден ұлағат алатын отандық дәрігерлер іріктелуі қажет. Олардың барынша жас болғаны (егде жастағылары зейнеткерлікке шығып кетеді), ағылшын тілін білгені жөн. Мұның бәрі тыңғылықты жұмысты және қомақты сома бөлуді қажет етеді. Ендеше Үкіметке тағы Ұлттық қорға жүгінуне тура келуі мүмкін.
Бұл орталықтың жай ғана ашылуын емес, сондай-ақ іске қосылуын және онда білікті дәрігерлердің жұмыс істеуін жүздеген мың онкологиялық сырқат зарыға күтіп отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен, биылғы қазан айында Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Осыған орай, онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту басталды. Биылдан бастап ісікке қарсы сатып алынатын жаңа дәрілік заттардың желісі кеңейтілді. Онкологиялық қызметтің ғылымы мен кадрлық әлеуетін дамыту шаралары қабылданады. Диагностикалық және емдеу жабдықтарын жаңғыртып, 16 желілік үдеткішті сатып аламыз. Бұдан бөлек, онкологиялық орталықтарды қайта құруды және салуды жоспарлап отырмыз», – деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Ауруларды ерте анықтау кезінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар қызметі сапалы және нәтижелі болуы үшін мамандар жалақысына қосымша ақы төлеуді қарастыратын пилоттық жоба басталды. Мысалы, учаскелік дәрігер науқас бойындағы онкологиялық ауруды ерте анықтаса, әрбір жағдай үшін 5 айлық есептік көрсеткіш немесе биыл 17 250 теңге мөлшерінде қосымша бонус ала алады.
Онкологиялық ауруы бар деген күдік туса, ондай сырқаттарға «жасыл дәліз» ашылады: министрдің айтуынша, ол адам емханаларда «Жасыл жол» бағыты бойынша жеделдетілген тәртіппен, 18 күннің ішінде барлық тексерулерден өте алуы тиіс. 2023 жылдың 6 айында қатерлі ісіктердің ерте диагностикасы 5,6%-ға ұлғайды.
ҰҒОО басшысының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, хирург-онколог Әділбек Мұқажановтың айтуынша, Астанадағы арнайы аппарат –циклотронмен жабдықталған протонды терапия орталығы Қазақстан мен Орталық Азиядағы протон терапиясы жүргізілетін жалғыз орталық болады. Әлемде мұндай орталықтардың саны 100-ден аспайды екен, олардың бірі бізде болады.
«Циклотрон протон сәулелерін шығарып, емдік екі толқынды жеткізеді. Соның арқасында екі науқасты бір уақытта сәулемен емдеуге болады. Бұл протонды терапияның ерекшелігі, фотонды сызықтық үдеткіштерден айырмашылығы сол, мұнда сәулелену неғұрлым нысаналы және жұмсақ болады. Айналасын көп жараламай, ісікке дөп тиеді. Бұл балалар, әлсіреген науқастар үшін өте маңызды. Яғни, мұнда сәуленің мейлінше аз әсері, қоршаған тіндердің барынша аз зақымдануы қарастырылған. Қайталама сәулелік ісіктердің даму ықтималдығы барынша азаяды», — деді Әділбек Мұқажанов.
Жыл сайын өршіп бара жатқан пәле ауруына тосқауыл қоя алса, оған шалдыққан науқастарды лайықты ем-доммен қамтамасыз етсе, бұл – «Әділетті Қазақстанның» ірі де ізгілікті жетістігі болар еді.
Айхан ШӘРІП