Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен медиа мамандарға арналған семинар өтті.
Түркістанда журналистерге арналған семинар өтті
394
оқылды

Семинарды басқарма басшысы Ерлан Күзембаев ашып, журналистер қауымын бірігіп жұмыс істеуге шақырды.

Ал «Turkistan Media Holding» ЖШС Басқарушы директоры Тельман Бейсен медиа саласындағы жаңашылдық пен дәстүрлі журналистиканы байланыстыратын семинардың өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді.    

Өңір журналистері мен баспасөз хатшыларына арнап, «Медиа этикасы: қиын, алайда іске асыруға болады» тақырыбымен PhD., А. Ясауи атындағы ХҚТУ қауымдастырылған профессоры, журналист Молдияр Ергебеков журналистерге дәріс оқыды.       

Аудан-қалалық газет редакторлары, телеарна журналистері мен баспасөз хатшылары бас қосқан семинарда лектор дата журналистика, ғылыми журналистика жайына тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдарының нарықтық бәсекеге қабілеттілігін күшейту бойынша бағыттарды талдады. Әлемдік тәжірибе мен қазақстандық журналистиканың айырмашылығы мен ұқсастығының ара-жігін ажыратып көрсетті. 

Журналистік этиканың мәні мен функцияларын қарастыру үшін алдымен кәсіби этиканың не екенін түсіндірген Молдияр Ергебеков өңір журналистеріне мамандықтың қыр-сырын меңгеруді үйретті. 

«Кәсіби этика — бұл адамдардың еңбек қатынастарын, сондай-ақ адамның өзінің кәсіби міндеттері мен міндеттеріне қатынасын реттейтін нормалар. Егер журналистика туралы айтатын болсақ, онда бұл кәсіби қасиеттер, ақпарат көздерімен, басқа журналистермен және қоршаған ортамен қарым-қатынастарда ерекшеліктері. Этикалық нормалар мәселелерінде әрдайым қиындықтар және әр түрлі сұрақтар туындайды. Бұл кәсіби журналистік этика заңды түрде тіркелмегендіктен, бірақ журналистердің моральдық мінез-құлқының принциптері, ережелері мен нормалары қоғамдық пікірде қабылданған және қолдау тапқанын айта кеткен жөн. Негізі – кәсіби қызметте қоғамның этикалық идеяларына сәйкес кәсіби борыштың орындалуы ең жақсы жол екендігі түсінік. Бұл жерде лайықты мінез-құлық, тыйым салу ережелері мен принциптерінің нақты жиынтығы бар. Бұл ережелердің сақталуын журналистің ішкі ар-ұжданы және кәсіби бірлестіктер-сырттан бақылайды. Сонымен қатар, журналистика тікелей қағаммен, халықпен байланысты жұмыс болғандықтан, қоғамдық тараптанда бақылау өте жоғары», деді лектор жиын барысында.

Атап өтейік, кәсіби журналистік этика принциптерінің ішінде әдетте алты негізгі бар. Олар, әлеуметтік жауапкершілік – автордың аты-жөні жазылған ақпарат үшін қоғам алдында жауап беруге дайын болу. Объективтілік пен шынайылық – журналист ұсынған ақпарат шынайы, дәл, жан-жақты, барлық тараптардың мүдделерін білдіруі керек. Әділдік – фактілерді мұқият тексеру, оларды дәлдігін жасырмау. Адалдық – қызметтік жағдайды пайда табу немесе өз мақсатында пайдаланбау, ақпарат көздерін құпия ұстау. Жеке адамның ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеу тексерілмеген мәліметтерді таратпау, сондай-ақ жеке өмірге қол сұғуға тыйым салу болып табылады. Кәсіби ынтымақтастық кәсіптің беделіне қамқорлық жасаудан, әріптестер мен аудиторияның сеніміне ұқыпты қараудан тұрады.

Осы бағытта пікір алмасқан журналистер қазір қалыптасқан тенденция – әлеуметтік желіде танымал болған азаматтардың өздерін журналист ретінде танытып, хайп қуып, субъективті пікірін қоғамға таңуына тоқталды. Өз кезегінде спикер бұл псевдожурналистердің әрекеті екенін айтып, кәсіби журналистер мұндайға жол бермейтіндігін түсіндірді. 

Журналистер өздерін толғандырған сауалдарға тоқталып, пікір алмасты.