Президенттің бастамасымен қолға алынған аудан-қала әкімдерінің тікелей сайлауы мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыруға бағытталған саяси реформалар процесінің маңызды кезеңі саналады. Ол сондай-ақ азаматтардың жергілікті биліктегі шешім қабылдауға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Себебі халық сайлаған әкім елдің үніне құлақ түреді, өз сайлаушыларының ұстанымын басшылыққа алуға тиіс.
Науқан қалай өтті?
Орталық сайлау комиссиясы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлаудың қорытындыларын шығарды. Бұл сайлау пилоттық режимде өтіп отыр. Яғни, ол әзірге еліміздегі барлық аудан-қаланы жаппай қамтыған жоқ. Ізашар бастама аясында жергілікті жұртшылықтың өкілдері ретінде облыстық мәслихат депутаттарына әр өңірдегі тұңғыш сайлау өтетін елді мекендерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік ұсынылды.
Нәтижесінде, облыстардың мәслихаттары осы сайлауды өткізу үшін пилоттық 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қаланың тізбесін бекітті.
Тарихта қалатын бұл науқанның жүгі жеңіл емес еді. Оны ұйымдастыруға 1 553 сайлау комиссиясы жұмылдырылды. Оның арасында 17 облыстық, 3 қалалық, 42 аудандық және 1 491 учаскелік сайлау комиссиясы бар.
Сайлауға дайындық аясында, сайлау комиссияларына құқықтық, әдістемелік және ұйымдастырушылық көмек көрсету үшін төрағасының өзі бастап, Орталық сайлау комиссиясы өңірлерді аралады. Жаппай елге таратпас бұрын пилоттық жобаны жетілдіріп, практикалық кейстерді пысықтай түсу үшін түрлі ұсыныс, тілектер жинады.
Мысалы, Ортсайлауком төрағасы Нұрлан Әбдіров өңірлерді аралағанда жиындарға қатысушылар арасында сауалнама жүргізіп, әкімдерді сайлау процесін кемелдендіруге қатысты ой-пікірін сұрастырды. Сонда респонденттердің 40,3%-ы қашықтықтан электронды дауыс беруді енгізуді қолдады. Яғни, қазақстандықтардың үлкен бөлігі сайлау учаскесіне сабылмай, үйде не жұмыс басында отырып, дауыс бергенді қолайлы көреді. Сарапшылар да ауыл халқының дауыс беруге баруға күнделікті тірліктен қолы тие бермейтінін айтып жүр.
Сұрауға қатысушылардың 80%-ға жуығы кандидаттың мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі және лингвистикалық емтихан тапсыруы туралы талап болғанын қалайды. Мысалы, әкім қазақша білмесе, қазақтілді тұрғындарды қалай қабылдайды, олардың мүддесін қалай қорғамақ?
Бірнеше рет дауыс бермеуі үшін сайлау учаскелерінде бет-жүзді танып, тіркейтін Face ID енгізу туралы да ұсыныс болған.
Аудан немесе облыстық қала тізгінін қолына алғысы келген үміткерлерге тың бастамаларымен, ұтымды жобаларымен ел көзіне түсуге мүмкіндік беріліпті. Жамбыл ауылының тұрғыны Әмір Айдарұлының айтуынша, халық кандидаттар арасынан әкімді таңдағанда олардың сайлауалды бағдарламаларын назарға алды, уәдесі ұнағанына дауыс берді. Бұл ретте сайлау республикалық деңгейдегі емес, жергілікті деңгейде болғандықтан, әкім болудан үміткерлер жалпылама сөзден, құрғақ уәдеден барынша бойды аулақ салып, жергілікті жұртшылықты мазалаған күрмеулі проблемаларға, нақты жобаларға назар шоғырландырды.
Түркістандық еңбек ардагері Сейділда Тұрлыбеков әкімдерді тікелей сайлауды бұқара қызу құптап отырғанын, өйткені ол мемлекеттік қызметте тиімді басқарушыларды іріктеп алып, жоғарыға ілгерілету үшін қажетті «әлеуметтік лифтке» айналатынын жеткізді. Бұл президенттік бастама сонымен бірге жергілікті кадрларды тәрбиелеудің де тиімді бір құралы болуға тиіс.
Әйткенмен, әкімнің қызметін бақылау тетігі күшейтілгені жөн. Әйтпесе, сайланған әкім ел үмітін ақтамаса, оны орнынан кетірудің құралдары әлі күнге толыққанды енгізіліп, регламенттелмеген.
Ортсайлаукомның мәліметінше, сайлау балама негізде өтті. Еліміз бойынша сайлау бюллетеньдеріне жалпы саны 125 кандидат енгізілді.
Халықтың қызығушылығы да жоғары болды деуге келеді: сайлаушылардың дауыс беру учаскелеріне келуі 62,79%-ды құрады. Сайлаушылар тізіміне 1 062 327 азамат енгізіліп, олар әкім таңдау үшін ықтиярын білдіру мүмкіндігіне ие болды.
Облыстық сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтерге сәйкес, 5 қараша күні өңірлерде барлық 1 491 аудандық және қалалық сайлау учаскесі уақытында ашылды.
Дауыс беру қорытындысында сайланған әкімдердің орташа жасы 46,7 жасты құрады. Яғни, бұл процесс жергілікті билікті жасартуға да біршама үлес қосады.
«Сайлау науқаны республиканың сайлау заңнамасы нормаларының талаптарына сәйкес өтті. Дауыс беру күні байқауды Қазақстанның 8 500-ге жуық кандидаттың сенім білдірілген адамдары, байқаушылары мен БАҚ өкілдері жүзеге асырды. Орталық сайлау комиссиясы осы сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде аумақтық сайлау комиссияларына әдістемелік басшылықты, сондай-ақ олардың қызметінің «Сайлау туралы» конституциялық заң талаптарына сәйкестігін бақылауды жүзеге асырды», – деп хабарлады ОСК.
Кіл озықтан кім озды?
Комиссия 17 өңірдегі тұңғыш аудан-қала әкімдерінің пилоттық сайлауының қорытындыларын жария етті. Басты нәтижелерді атап өтсек. Абай облысында Абай ауданы мен Курчатов қаласының әкімі сайланды: жалпы алғанда 4 кандидат сынға түсті. Нәтижесінде, Курчатов қаласын ары қарай да Болат Абдралиев басқарады, ол 2023 жылдың 13 маусымында қала әкімі лауазымына тағайындалған еді. Абай ауданының іс басындағы тағайындалған әкімін сайланған әкім ретінде оның орынбасары Мейіржан Смағұлов алмастырады.
Ақтөбе облысы әкім сайлауға Қобда, Ойыл, Ырғыз аудандарын ұсынды. 9 кандидат әкім болудан үміттенген. Халық Қобда ауданында – аудан әкімінің орынбасары Ізгілік Тынымгереевті, Ойыл ауданында – іс басындағы әкімі Асқар Қазыбаевты, Ырғыз ауданында ауданның қазіргі әкімі Нұрлан Қызбергеновті таңдады.
Алматы облысының мәслихаты Балқаш, Жамбыл аудандарының әкімдері сайлансын деген ұйғарымға келген-тін. Олардың тізгінін ұстауға 6 үміткер ынтықты. Ал сайлаушылар екі шылбыр, бір тізгінді Балқаш ауданында – осы аудан әкімінің орынбасары Азат Құтпанбетовке, Жамбыл ауданында іс басындағы әкім Нұрлан Ертасқа ұстатты.
Атырау облысында Исатай және Қызылқоға аудандарының әкімі тікелей сайланды: 6 кандидат арасынан біріншісінде Исатай аудандық мәслихатының төрағасы Нұрым Мусин, екіншісінде іс басындағы әкім Қанат Азмұханов жеңіске жетті.
Батыс Қазақстан облысында Бөкейордасы, Қаратөбе, Тасқала аудандарының әкімі лауазымы үшін 9 үміткер таласты. Қорытындысында, Бөкейордасы ауданында – әкім Нұрлыбек Даумов, Қаратөбе ауданы бойынша әкім Қадыржан Сүйеуғалиев өз орнын сақтап қалды. Тасқала ауданында сайлаушылар әкім лауазымына қазіргі әкімінің орынбасары Талғат Шәкіров лайық деп таныған көрінеді.
Жамбыл облысындағы сайлау қорытындысында Жуалы ауданының басшылығында – әкім Жалғас Мұртаза, Т. Рысқұлов ауданында қазіргі әкім Ернар Есіркепов қалып, ел сенімін одан ары ақтауға мүмкіндік алды.
Жаңа Жетісу облысында Кербұлақ, Сарқан аудандарының әкімдерінің сайлау ұсынылды. Сайлаушылардың көпшілігінің дауысын іс басындағы әкімдер – Қанат Есболатов пен Ғалымжан Маманбаев иеленді.
Облыстық сайлау комиссиясы Қарағанды облысының Приозер қаласындағы, Ақтоғай және Осакаров аудандарындағы әкімдер сайлауының қорытындысын жария етті. Приозер қаласында – осы шаһар әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Мансұр Ахметов, Ақтоғай ауданында – аудан әкімі Руслан Кенжебеков, Осакаров ауданында да қазіргі басшысы Руслан Нұрмұханбетов дауыс берушілердің ықыласына бөленгені тіркелді.
Көп әкім сайлаған өңірлер қайсы?
Ақмола облысында Ақкөл, Астрахан, Есіл, Жақсы, Шортанды аудандарының әкімдері сайланды. Жарыс жолына 12 кандидат шықты. Сайыс қорытындысында халықтың таңдауына сай, Ақкөл ауданын енді Біржан Әбдірахманов (бұған дейін Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары болды), Астрахан ауданын – Талғат Ерсейітов (Бұланды ауданының әкімі), Есіл ауданын – Серік Балжанов («Бейсен-1» ШЖС директорының орынбасары), Жақсы ауданын – Алмагүл Қадыралина (Жақсы ауданының әкімі), ал Шортанды ауданын Сағындық Шабаров (осы ауданының қазіргі әкімі) басқаратын болады.
Қостанай облысы да ең көп әкім сайланған өңірдің біріне айналды: Алтынсарин, Денисов, Қарабалық, Федоров аудандарының және Рудный қаласының әкімін, яғни бірден бес басшыны халық тікелей сайлады. Сайлау қорытындысында жалпы саны 15 үміткердің арасынан Алтынсарин ауданында – қазіргі әкім Арнұр Сартов, Денисов ауданында – аудан әкімінің орынбасары Руслан Қатпаев, Қарабалық ауданында – әкім Руслан Халыков, Федоров ауданында – әкім Тауба Исабаев, ал Рудный қаласында іс басындағы әкім Виктор Ионенко озды.
Қызылорда облысында Сырдария, Шиелі аудандарының тұрғындары өз әкімін сайлап алды. 6 кандидат ішінен іс басындағы әкімдер: Сырдария ауданында – Берік Сарменбаев, Шиелі ауданында Нұржан Ахатов сайланды.
Маңғыстау облысында Бейнеу ауданының әкімі ғана сайланды: дауыс беру қорытындысында 3 үміткер арасынан аудан әкімінің орынбасары Рахымжан Шалбаев халық қалауына айналды.
Павлодар облысының жұртшылығы Ақтоғай, Железин, Шарбақты аудандары әкімдерін таңдады. Үшеуінде де жергілікті әкімдер аппаратының қызметкерлері алдына қара салмапты: Ақтоғай ауданында – Қаршыға Арынов, Железин ауданында – Айтуған Шайхимов, Шарбақты ауданында Сержан Иманқұлов сайланған әкім мәртебесін иеленді.
Солтүстік Қазақстан облысында Есіл, Мамлют, Тимирязев аудандарының әкімдері сайланды. Бұл лауазымдарға 8 кандидат қызығушылық білдірсе, солардың арасынан Есіл ауданының әкімі болып ауданы әкімінің орынбасары Мереке Мұхамедияров, Мамлют ауданының әкімі болып Елена Степаненко (осы аудан әкімінің орынбасары), ал Тимирязев ауданының әкімі болып іс басындағы тағайындалған әкім Ерлан Жаров сайланды.
Түркістан облысындағы Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ, Шардара аудандары әкімдерінің сайлауы қызу өтеді деп болжанған. Бірақ онда бір орын үшін 3 кандидаттан бәсекелесті. Нәтижесінде, Бәйдібек ауданы сайлаушылары әкім ретінде ERNUR корпорациясының директоры Ерлан Нұрмахановты, Мақтаарал ауданында – әкім Бақыт Асановты, Созақ ауданында – әкім Мұхит Тұрысбековты, Шардара ауданында аудандық мәслихат төрағасы Арман Қарсыбаевты таңдады.
Тағы бір жаңа, шағын облыс Ұлытау өңірінің Ұлытау ауданының тұрғындары өз әкімі ретінде 3 үміткердің ортасынан іс басындағы әкім Аманжол Мырзабековті сайлады.
Шығыс Қазақстан облысында Алтай және Глубокое аудандары да «өз әкімін халық тікелей сайлайтын» елді мекендер санатына қосылды. 5 қараша күні өз ықтиярын білдірген жергілікті сайлаушылар Алтай ауданында – аудан әкімінің міндетін орындаушы Ренат Құрмамбаевқа, Глубоковскийде аудан әкімі Елдар Тумашиновқа сенім мандатын беріп, жылы креслосында қалдыруға ұйғарыпты.
Заң бойынша еліміздегі үш мегаполистің – Астана, Алматы мен Шымкенттің әкімдерін тұрғындар тікелей сайламайды. Бұл тұрғыда басқа тәсіл қолданылады. Өңірлерге қатысты саясатқа жауап беретін Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, Президенттің бастамасымен және Жарлығымен, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың әкімі лауазымына кемінде екі кандидатура ұсынылады. Мәслихат депутаттары соның бірін таңдайтын тәжірибе енгізілді. Сөйтіп, мәслихаттың рөлі мен оның шешімдер қабылдауға қатысуы артты.
Енді мегаполистердің ішіндегі аудан әкімдеріне де осы тәсілді қолдану ұсынылуда. Осы мақсатта «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына» түзетулер әзірленген.
«Елдегі реформалардың облыстық және республикалық маңызы бар қалалардағы аудандардың әкімдеріне әсері болған жоқ. Бүгінде мәслихаттар жоғары тұрған әкім ұсынған жалғыз кандидатураға келісуге мәжбүр. Басқаша айтқанда, мәслихат депутаттарында таңдау құқығы жоқ. Осыған байланысты облыс әкімдеріне ұқсастырып, қалалар ішіндегі әрбір ауданның әкімін тағайындау тәртібін ішінара қайта қарау ұсынылады», – деді Экономика министрлігі. Демек, саяси жаңғыру жалғасатынға ұқсайды.
Қорыта айтқанда, 5 қарашадағы аудан-қала әкімдерінің сайлауы жергілікті саясаткерлердің жаңа генерациясын қалыптастыру, оларды жұртшылық арасында белгілі ету және халық алдында жауапты, есепті ету жолындағы маңызды қадам болды. Мұның бәрі мемлекеттілікті нығайтуға, елдің тұтастығын күшейтуге қызмет еткені жөн. Ел бірлігі – реформаларды табысты жүзеге асырудың басты кепілі. Сондықтан жаңа сайланған әкімдердің ырысты ынтымақ, тың күшпен білек сыбана жұмыс істеп, елдің өркендеуіне сүбелі үлесін қосқаны қажет.
Айхан ШӘРІП