Ғылым мен білім өндіріспен ұштасқанда ғана мемлекеттің өркендеуіне жол ашылады. Мемлекеттің қарыштап дамуын алдына мақсат етіп қойған елдер жыл сайын ғылым мен білімге жұмсалатын қаржының көлемін ұлғайтуға күш салады. Ғылым саласынан қаржы аямайтын елдердің тасы өрге домалайтынын уақыт өзі көрсетіп отыр. Отандық ғалымдар ғылым жолында ізденуден, ашқан жаңалығының жобасын жарқыратып көрсетуден кенде емес. Бүгінде ғалымдарымыздың ашқан жаңалығы әлемнің көптеген өндіріс орнында кәдеге жарап жатыр. Еліміз табиғи ресурстарға да өте бай. Жер ресурстары да жетерлік. Мәселе – оны өндіруде.
Жақында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Металлургия және кен байыту институтының бастамасымен Балқаш мыс қорыту зауытының шикізат өндірісінде жаңа технологияларды қатыстыра отырып, зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесі бойынша, Балқаштағы «Қазақмыс Прогресс» ЖШС-да шикі селен өндіретін бірегей цех ашылды. Зауыт әзірге еліміз бойынша алғашқы цех болып отыр. Бүгінде өңделген шикізаттың жылдық жоспарлы көлемі – 75 тонна шикі селен және 1 200 тонна асылтасты шлак шикізаты. Сонымен қатар зауытта қара қорғасын жылына 550 тонна, сурьма балқымасы жылына 120 тонна, техникалық селен жылына 60 тонна өндірілетін болады.
Бұл туралы «Металлургия және байыту институты» ғылыми-зерттеу институты АҚ-ның бас директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Бағдаулет Кенжәлиев:
– Былтыр ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сәтбаев университетінде ғылым, білім және өндірісті интеграциялауды мақсат еткен жаңа технологиялар ғылыми-зерттеу хабын құру бастамасын көтеруі кездейсоқтық емес. Осы мәселелерді шешу үшін республика Үкіметі «Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КЕАҚ-ның 2023-2027 жылдарға арналған даму бағдарламасын бекітті. Металлургия және байыту институты (IMIO) осы мақсаттарға қол жеткізуге өз үлесін қосып келеді. Сәтбаев университетінің алдында Қазақстанның 2022-2026 жылдарға арналған ғылымды дамыту тұжырымдамасы бар. Ұжымның түсті, сирек және бағалы металдар металлургиясы, минералды өңдеу және материалтану саласында ғылыми әзірлемелерді жасауда, сондай-ақ өндіріске жаңа технологияларды енгізуде көпжылдық тәжірибесі де бар, – дейді.
Селен ХХІ ғасырдың ең үздік өнімі саналады. Себебі тіршілік негізінде жиналған селеннің өнімділігі жоғары, оған қоса халық шаруашылығының барлық саласында қолданысқа ие. Бүгінде аталған шикізатты игеруде біршама тәжірибе жинақталған.
Жаңа цех – әлемдік стандарттағы технологиялық жаңалықтарды енгізіп отырған заманауи өндіріс орны. Нысанның тиімді тұстарын салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев жан-жақты атап өтті.
– Шикі селен өндірудің тың бастамасы – жақын шетелдерде баламасы жоқ, бірегей, жоғары технологиялық және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз таза жоба. Жоба әзірге баламасы жоқ болуымен де құнды. «Қазақмыс Прогресс» ЖШС Қазақмыс тобының инновациялық жобалар сериясының алғашқы буыны әрі ол бүгінгі стандарттарға толығымен сай. Компанияның өндіріске жаңа технологияларды енгізу жоспарындағы миссиясы да біртіндеп орындалып келеді. Қара селен өндіру жобасының жүзеге асуы ғылым, білім, өндірістің ажырамас байланысын және толық интеграциясын тағы бір растап отыр, – деп атап өтті корпорация басшысы.
Өндіріс мекемесінің болашаққа жоспарлаған ауқымды істері қомақты. Корпорация алда Балқаш алаңында гидрометаллургиялық зауыт салып, оны іске қосуды да жоспарлап отыр.
Шикі селен өндіру цехы екі бөліктен тұрады: әуелі шикі селенді тазарту және асыл металды қожды өңдеу. Қазірдің өзінде жаңа өндіріс алаңында 63 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Бүгінде селен өнімі медицина саласында, халық шаруашылығында түрлі мақсаттар бойынша қолданылады.
Өндіріс орнына қажетті негізгі жабдық Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеттің Металлургия және кен байыту институтының базасында жасалған вакуумды айдау қондырғысының негізінде жүзеге асырылды. Өндіріске, яғни айналымға алынып отырған құрылғы құрамы 99,5 пайыздан кем емес тазартылған техникалық селен өндіруге мүмкіндік ашып отыр. Цехтағы екінші секция «ВНИИТцветмет» институтында әзірленген. Жобаланған электр тотықсыздандырғыш балқыту технологиясы бойынша Балқаш мыс қорыту зауытының бағалы металдар цехының қалдық шлактарын өңдеуге арналған. Өнім бәсекеге қабілетті.
Фото: kazakhmys.kz