Парламент Мәжілісінің Жалпы отырысын­да қарау үшін палата бюросы 8 мәселе ұсын­ған екен.
Депутаттар көтерген мәселе көп
800
оқылды

Олар – білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша, байланыс, цифр­ландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру, бизнес жүргізу мәселелері, қоғамдық бірлестіктер мәселелері, экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұ­мыс­тардың, көрсетілетін қызметтердің) экс­портын ілгерілету мәселелері бойынша және келісімдер мен хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары.

Отырысқа көптеген министрлік өкілдері және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма тө­ра­ғасының орынбасары Ербол Өстеміров шақы­р­тылды. Соның ішінде депутаттар көбірек сұрақ қой­ғаны – «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Бұл құжат азаматтық қо­ғамды одан әрі дамыту және жаңа қоғамдық бір­лес­тіктерді құру тәртібін оңайлату мақсатында әзірленген. Халықаралық стандарттарға сәйкес азаматтардың бірлестіктер құру бостандығына құ­қық­тарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасында: азаматтарға кемінде 3 адамнан тұратын қоғамдық бірлестік құруға мүмкіндік беру, республикалық маңызы бар қалалардың қоғамдық бірлестігінің мәртебесін айқындау сынды нормалар ұсынылып отыр. Соның аясында Азаматтық кодекске (Жалпы бөліміне), «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Баяндамашы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сұрақ қойған депутат Ермұрат Бапи құрылтайшылар санын 10 адамнан 3 адамға дейін азайту туралы өзгерісті оң бағалады. «Бірақ «таяқтың екі ұшы бар» демекші, осы жеңілдікті пайдаланып, радикалды діни топтар өзінің қоғамдық бірлестіктерін құруға мүмкіндік алмай ма?» деген қаупін жеткізді. Десе де, Айда Ғалымқызы діни бірлестіктер құру бөлек заңмен реттелетінін және ол үшін жергілікті жерде 50 адам, ал республикалық деңгейде 5 мың адам жинау керек екенін жеткізді. Ал депутат Ерболат Сатыбалдин «бұл заңның саяси партиялар мен кәсіподақтарға қатыс­ты күші бар ма?» деп сұрады. Өйткені құрылтайшылар санын азайту туралы хабар шыққалы осы сұрақ көптің көкейінде жүргені рас еді. Баяндамашы бұл жолы да ол ұйымдардың салалық заңнамалары бар екенін, саяси партиялар 700 адам, кәсіподақтар 10 адам жинау керек екенін айтты. «AMANAT» пар­тиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев қоғамдық бірлестіктерді шетелдік компаниялар мен азаматтардың қаржыландыру мәселесіне алаңдау­шылық білдірді. Бірақ, өкінішке қарай, министрдің қаржыландыруды қадағалау бұл заңның және біздің құзыретімізге кірмейді деген жауабы тұшымды бол­мады.    

Депутаттардың ерекше назарын аударған келесі заң жобасы: Қазақстан мен Ресей арасындағы елімізге мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу сала­сын­дағы сауда-экономикалық ынтымақтастық ту­ра­лы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы рати­фикациялау туралы болды. Құжаттың негізгі мақсаты –Келісімнің 3-бабындағы Ресей Феде­рациясында Ресей мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасына жеткізу кезінде уақытша мерзімді кедендік декларациялауды қолдануды алып тастау. Депутат Мұқаш Ескендіров баяндамашы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен Ермұхамбет Қоныспаевтан «Ресей мұнайы дегеніміз нақты не екенін және оның санкциялық зияны тиюі мүмкін емес пе?» деген сауал қойды. Алмасадам Майданұлы бұл коммерциялық мұнай емес екеніне сендірді. Оның айтуынша, біз тек Павлодар мұнай өңдеу зауытына берілетін 4,7 млн тонна мұнайды қайтарып береді екенбіз. Осы мұнайға уақытша мерзімді кедендік декларациялауды қолдануды алып тастау керек. Одан бөлек, авиакеросин, битум, бензин мен дизель отыны сынды мұнай өнімдерін маусымдық тапшылықтар кезінде орынын толтыру үшін де осындай процедура қажет. Десе де оны депутаттар сынап тастады. Ішкі нарықтағы тапшылықты жою үшін Ресейге қол жая бермей, төртінші мұнай өңдеу зауытын салуды шындап қолға алу қажеттігін айтқан олар, авиаотын тапшылығы уақытша емес, жыл бойғы сұраныс екенін де еске салды. Мұнайдың үстінде отырып, битум проблемасын бастан кешіріп отырғанымызды ашына жеткізді. Осы ретте Ресей мұнайын алдырудан санкциялық қауіп жоқ екеніне сендірген Үкімет өкілдері депутаттардың сынына барынша жауап беруге тырысып бақты.

Күн тәртібінен кейінгі кезек депутаттық сауал­дарға келген еді. Өткен жолғы отырыс мемлекеттік бюджетті талқылауға ғана арналып, депутаттық сауал­дар жолданбай қалғандықтан ба, осы жолы сөз алған халық қалаулыларының қатары көп болды. Мәселен, Нартай Аралбайұлы спорт саласын қаржы­ландырудағы келеңсіздіктерді көтерсе, Бақтықожа Ізмұхамбетов қазба байлықтарды пайдалану тиім­ділігін үйлестіру, мұнай-газ саласындағы электр қуатының жетіспеушілігін реттеу мәселесін қозғады. Өз кезегінде «AMANAT» партиясының тағы бір мү­шесі Гүлдара Нұрымова Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында резидентураға қатысты күрделі мәселе туралы жеткізді.

«Біздің еліміздегі резидент дәрігер – заманауи құлдықтың тамаша үлгісі. Батыс елдерінде, резидент дәрігер – бұл жалақы алатын және салық төлейтін толыққанды денсаулық сақтау қызметкері. Ал бізде медицина саласында бакалавриатта 5 жыл оқып, 2 жыл міндетті интернатураны бітірген адам неге «студент» мәртебесіне ие болады деген сұрақ туындайды? Нәтижесінде, жас дәрігерді дайындау процесі 10 жылдан 12 жылға дейін созылады, толық дайындық 32-35 жаста аяқталады. Мысалы, басқа салаларда бакалавр дәрежесін алып, толыққанды маман болып шығу үшін 4 жыл қажет.

Резидентура, шын мәнінде, бар базалық білім мен дағдыларды толықтыру, жетілдіру болып табыл­ады. Екінші жылы, кейде одан да ертерек резидент дәрігерлер бөлімшенің толыққанды ақылы қызмет­кері орындайтын жұмыстың толық көлемін орын­дайды. Сонымен қатар резидент дәрігерлердің оқу-жұмыс күні 8 сағатты құрайды, яғни толық жұ­мыс күні. Осы жерде сұрақ туындайды: 110 мың теңге стипендиямен резидент дәрігер қалай күн көреді? Бұл жаста резиденттердің отбасылары мен балалары болады, отбасы бұл стипендиямен өмір сүре алмайды, сосын медбике, фельдшер, медбике болып жұмыс істейді, ол қосымша жүктеме болып табылады», – деді ол. Осы ретте депутат резидент дә­рі­гердің мәртебесін ресми қызметкер мәртебесіне сәйкес қайта қарауды, резидент дәрігерлер үшін ин­тернатура бойынша мемлекеттік грантты пысықтау шарттарын қайта қарауды, гранттық қаражат пен стипендиялар бөлуді, стипендиялардың шекті төлемдерін және жылдан жылға стипендия төлеудің прогрессивті шкаласын қайта қарауды, осы саладағы ақы­лы білім беруді жоюды ұсынып отыр. Бұл депу­таттық сауалды ол фракциялас әріптесі Жұлдыз Сүлейменовамен бірге әзірлегенін атай кеткен жөн. 

Ал «AMANAT» фракциясының мүшесі Жарқын­бек Амантайұлы электр энергиясы нарығындағы өзгерістерге және соның салдарына тоқталды. Оның айтуынша, биыл 1 шілдеден бастап электр энергия­сын бірыңғай сатып алушы моделі іске қосылған. Бұл жаңашылдық осы саладағы қалыптасқан жағдайды, атап айтқанда жүйедегі жоспарлы теңге­рім­сіздіктерді, электр энергиясының болжамды тапшылығын, энергия өндіруші ұйымдардың әртүрлі тарифтеріне байланысты бәсекелестіктің тең емес жағдайларын  болдырмау сияқты бірқатар ағымдағы мәселелерді шешуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сонымен қатар электр энергиясы нарығындағы аталған өзгеріске сәйкес, көтерме тұтынушылар өздерінің тәуліктік сұранысын әрбір сағат бойынша жоспарланған көлемін айқындап, алдын ала өтінім беру арқылы сатып алуға тиіс. Ал осы субъектілердің сұраныс пен тұтыну арасындағы теңгерімінің шығыс­тары әрбір есептік кезеңнің қорытындысы бойынша анықталады. Электр энергиясының көтерме сауда нарығындағы әрбір субъекті өзінің теңгерімсіздіктері үшін жауапты. Осындай теңгерім­сіздіктерді сатып алу бағасы жоспарлы сатып алын­ған электр энергиясы құнынан әлдеқайда қымбаттау болады.

«Елімізде өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығы айтарлықтай дамып келеді. Ресми деректерге сәйкес, соңғы үш жылда жылыжайлардың алаңы 31,7 гектарға ұлғайып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 218,9 гектарды құрады. Жылыжайлар жұмысының рентабельдігі және өндіретін өнімнің өзіндік құны электр энергиясының бағасымен ай­қындалады. Сондықтан электр энергиясы нары­ғындағы өзгерістер шаруашылықтарға тікелей әсер етеді. Мәселен, электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісі – электрмен жабдықтаушы ұйымдар бірқатар қиындықтарға тап болып отыр. Дәлірек айтсақ, Астана қаласындағы бірде-бір ЭЖҰ-да электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі болмағандықтан, олар сағат бойынша тұтыну мөлшерін жүктеменің өңірлік бейініне (региональный профиль нагрузки) сәйкес анықтайды. Яғни, олардың айтуынша, ЭЖҰ өзінің нақты теңгерімсіздігі үшін емес, өңірдегі белгілі уақыт аралығында қалыптасқан теңгерімсіздік үшін жауап береді. Себебі өңірде орналасқан электрмен жабдықтаушы ұйымдардың бірқатары белгілі бір уақыт аралығындағы өздерінің нақты тұтыну мөлше­рінен аз көлемге, ал кейбіреулері керісінше, артық көлемге тапсырыс берді. Осылайша, өңір бойынша ортақ теңгерімсіздік мөлшері анықталады. Алайда әрбір энергия жабдықтаушы ұйымға өңірдегі оң және теріс теңгерімсіздіктердің айырмасы ескеріл­мей, оларды сату-сатып алу бойынша шоттар бері­луде», – дейді ол.

Осы ретте депутат бірқатар энергия жабдықтаушы ұйымдардың жұмысында электр энергиясын бірың­ғай сатып алушы моделінің енгізілуіне байланысты орын алып отырған жағдайлар бойынша анықтама бе­руді және жылыжайлар сияқты өндіріс ерекше­ліктеріне байланысты электр энергиясын тұтыну мөлшерін алдын ала болжау мүмкін емес субъектілер үшін теңгерімсіздіктер үшін айыппұлдар қолданудың негізділігін түсіндіруді сұрап отыр.

Нұрлан ҚОСАЙ