Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында түсініксіз спорт түрлеріне бөлініп жатқан қаржының тым көп екенін айтты. Халық қалаулысына хабарласып, депутаттық сауалына қатысты бірер сауал қойдық.
– Нартай Аралбайұлы, Үкімет басшысының атына жолдаған сауалыңызда қазақы түсінікке жат спорт түрлеріне есепсіз қаражат бөлініп жатқанын айттыңыз. Ол қандай спорт түрлері?
– Қазақстан ел қазынасынан 180 спорт түріне қаржы бөледі. Сол 180 спорттың ішінде пенчак силат, спорттық балық аулау, биатл, триатл, петанк, текбол, черлидинг дегендер жүр. Осындай спорт түрлері дәл қазір бізге қажет пе? Айтпақшы, бюджеттен қаражат бөлінетін тағы бір спорт түрі бар, «спорт на пилоне» деп аталады екен. Бұл не деп қарастырсам, кәдімгі түнгі клубтарда билейтін биге ұқсайды. Бір қызығы, Қазақстан әлемде бірінші болып осы спорт түрін ресми тіркепті. Екінші мойындаған ел – Мексика. Сонда әлем жаппай танып, айналысқа енгізбеген спорттың осы түрін біз бюджетке кіргізіп қойғанбыз. Ал, керісінше ұлттық спорт түрлеріне келгенде ақша тапшы. Ұлттық спорт түрлерін қолдауға 2024 жылға бар болғаны 10 миллион 460 мың теңге бөлу жоспарланған. Өте аз. Мұны қалай түсінуге болады? Осыдан келіп ұлттық спорт түрлерін толық қолдап, дамыта алмай отырмыз. Мәселен, қыз қуу спортын алыңыз. Бұл біздің ешбір елде кездеспейтін, нағыз таңғалдырар, таңдай қақтырар спортымыз. Бірақ ұмытылып барады. Соңғы рет қыз қууды қай жарыстан көрдіңіз? Жоқ. Спортқа қаражат бөлетін азаматтар оны естен шығарған. Ол аздай, қазақ күресін мазақ қылып турнир ұйымдастырып, оны жаһанға жариялап жүргендер бар. Сондықтан министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту қажет. Мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуға тиіс.
– Жоғары жетістіктер спортына 775 млн доллар бөлінетінін айтқан ақпаратыңыз әлеуметтік желіде бірден қызу талқыға түсті. Бұл мәліметті қайдан алдыңыз?
– Өткен аптада бюджетті қарадық қой, өзім Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени комитеттің мүшесі болғандықтан, әлеуметтік-мәдени салаға бөлінер қаражатқа баса назар аудардым. Сол кезде қарасақ, Қазақстанның жоғары жетістіктер спортына бюджеттен 775 миллион доллар бөлініп отыр. Мынау не масқара дедік? Мына жақта халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге қаржы таппай жатырмыз. Көптеген депутаттық бастамымыз қаражат жоқ деген желеумен іске аспай қалады. Ал мына жақта жоғары жетістіктер спорты деп ат қойып, айдар тағып, 775 миллион доллар бөліп жатырмыз. Осы сау адамның ақылына сыя ма? Ең сорақысы сол, қисапсыз қаржы бөлсек те, жеткен жетістігіміз жоқ. Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен Жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп 92 мемлекеттің ішінде 83-орын алды. Сонда әлгі 775 миллион долларға жеткен жетістігіміз осы ма? Енді салыстырып айтайын, жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар бөлген Нидерланд Токиодағы олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал жоғары жетістіктер спортына 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біз 775 миллион долларды спортқа бөліп, 8 қоламен келдік. Жуырда Қытайда өткен Азия ойындарынан 11 орынмен оралғанымызды және қосыңыз бұған. Біздің еліміз Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Рас, 2018 жылға дейін жақсы нәтиже беріп келдік. Енді не болды, бөлінген қаражатта кемдік жоқ. Сондай-ақ олимпиадалық спорттың барлығы бірдей жеміс беріп жатқан жоқ. Сондықтан сараптама жасап, жүлде әкелетін түрлеріне ғана басымдық беру керек. Мемлекет басшысы жуырда спортшылармен кездескенде «Кәсіби спорттағы жоғары жетістіктің болмағаны мемлекеттен бөлінетін қаражатты нәтижесіз жұмсаудың, бюджетті жан-жаққа шашудың себебінен», – деді. Яғни, нақты нәтижеге жұмыс істеп, бюджет қаражатын да есеппен жұмсайтын кез келді.
– Спорт және туризм министрлігі фермерлік шаруашылықтарды субсидиялауға 54 млрд теңге қарастырып отырғанын айттыңыз. Өзіңіз бұл қаражат қайда жұмсалатынын анықтай алдыңыз ба?
– Мұны да бюджетті қараған кезде байқадық. Спорт және туризм министрлігінің бюджетін қарағанда құжаттың 311-бағдарламасында: «Жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде шаруа, фермерлік қожалықтарды субсидиялауға 54 миллиард теңге қарастырылған» деп жазылыпты. Содан Мәжілістегі комитет отырысында министрлік өкілдерінен сұрадық, бұл неғылған субсидия деп бірақ мардымды жауап ала алмадық. Алдағы уақытта осы жайтты анықтап, нақты мәліметті алдырамыз деген ойдамын.
– Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалыңызда бірқатар ұсынысыңызды да айттыңыз. Бұл ұсыныстар жеке өз тарапыңыздан ұсынылып отыр ма?
– Бұл біраз уақыттан бері дайындалып, қабылданған ұсыныстар. Депутаттық сауалды жолдар алдында да спорт саласының мамандарымен пікірлесіп, ақылдастым. Қазір жергілікті спорт басқармаларынан бастап орталықтағы министрлік жұмысына дейін бақылау қажет. Әсіресе, облыстық басқармалар спортты қолдаймыз деп ойына келген шара өткізетін болған. Одан министрлік хабарсыз, тексеріп те бара алмайды. Жергілік спорт федерациялары тікелей орталыққа бағынуы керек. Кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны да шектеу қажет. Мысалы, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы мен «Астана» велокомандасына жылына «Самұрық-Қазынадан» 65 миллион доллар бөлінеді. «Самұрық-Қазына» ол ақшаны қайдан алып отыр? Ол мемлекеттік активтерді басқарып, қаражатын айналдырып отырған компания, яғни халықтың қаражаты. Оған қоса, легионерлерге бюджеттің есебінен айлық төлеуді тоқтататын кез келді. Спорттық клубтар легионер шақыра ма, оның айлығын демеушілердің есебінен немесе өз қалтасынан төлесін. Бір сөзбен айтқанда, спортқа бөлінетін қаржыға бақылау жасамасақ, желге ұшқанмен тең бола бермек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Бек БОЛАТ