Болашақтықтар балалар ынтыға күткен мультфильмді дубляждады
Болашақтықтар балалар ынтыға күткен мультфильмді дубляждады
334
оқылды
Елордада ана тілімізге дубляждалған «Алға» фильмінің алдын-ала көрсетілімі өтті. Disney/Pixar студиясының мультипликациялық фильмі осымен «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Меломан» компаниясының бастамасымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында дубляждаған 34-туынды болып отыр. Алдын-ала көрсетілім барысында сөз сөйлеген «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары және «Болашақ» қоры Қамқорлық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек ел тарихындағы күрделі кезеңдердің бірі болған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ» стипендиясын тағайындағанын атап өтті. Бүгінгі таңда бірегей бағдарламаның мыңдаған түлегі Отанына қайтып оралып, ел экономикасының түрлі салаларында жұмыс істеуде. 2011 жылы болашақтықтар қазақ тілді балаларға арналған сапалы және бәсекеге қабілетті контент құруға бағытталған «Өзіңнен баста» әлеуметтік жобасына бастамашы болды. Бастамаға «Nur Otan» партиясы қолдау көрсетті.
«Жаһандану кезеңінде өз тарихына терең тамыр жіберген, ұлттық мәдениеті мен ана тілін ардақтай білген халықтың ғана әрдайым айы оңынан тумақ. Сондықтан да «Nur Otan» еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің төлтума қасиеттерінің сақталуын қуаттай отырып, қазақ тілін, мәдениеті мен дәстүрін дамытуды өз стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде белгілеген. Бұдан тоғыз жыл бұрын Елбасының тікелей қолдауымен қолға алынған «Өзіңнен баста» әлеуметтік жобасының арқасында осы кезге дейін әлемдегі ең үздік 34 көркем және анимациялық балалар фильмі қазақ тілінде дубляждалды. Осы бастамаға қызу қолдау білдіріп, қазақ тілінің болашағына бейжай қарамайтын барша демеушілер мен меценаттарға ерекше алғыс білдіремін», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Тұңғыш рет қазақ дубляжының тарихында фильмдегі мәтіндік жазулар бір ізге түсіріліп, ыңғайға келтірілді. «Алға» фильмі «BI Group» құрылыс холдингінің қолдауымен дубляждалған - тоғызыншы туынды.
«Туындыны жасау барысында біз шығармашылық адамдармен көп жұмыс істедік. Бұл дубляж тарихындағы жаңа кезең болды. Мен бұл сәтті ұзақ күттім. Тіпті, осы жазбаларға кастинг те жарияланды. Біз ең үздігін таңдап алуы үшін Disney/Pixar студиясына қазақ тіліндегі бірнеше үлгісін жібердік. Фильмді дубляждау үшін үлкен еңбек жасалғанын көрермендер түсінсе деймін», - деді дубляждың режиссері Шах-Мұрат Ордабаев.
Жалпы алғанда 9 жыл ішінде «Мұзды өлке-2», «Көліктер 2», «Батыл жүрек», «Коко құпиясы», «Моана», «Малефисента», «Аладдин» және тағы да басқа туындылар дубляждалды. Дубляж саласындағы 200-ден астам, ішінде режиссерлар, музыкалық жетекшілер, дыбыс режиссерлары, аудармашылар мен актерлар да бар отандық мамандар Disney студиясының халықаралық стандарттарына сәйкес білімдерін жетілдірді.