Ауылдағы білім беру проблемалары туралы бұған дейін мұғалім Зура Жүсіпбаева әлеуметтік желілерде бірнеше рет жазған болатын. Соның нәтижесінде, 8 ай ішінде ауылда жаңа мектеп бой көтерді. Ал бұл Eurasian Resources Group компаниясының қаржылық қолдауының арқасында мүмкін болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында заманауи білім берудің өзекті проблемаларын жиі көтеріп жүр. Соның негізгісі – ауылда білікті педагогтердің жетіспеушілігіне байланысты қалалық және ауылдық мектептер арасындағы орта білім беру сапасының алшақтығы. Сонымен қатар сапалы білім мен кәсіби құзыреттілік үшін қажет соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақталған заманауи жайлы мектептердің тапшылығы байқалады.
Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде «Жайлы мектеп» жобасы іске асуда. Оның шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінде, оның ішінде ауылдық жерлерде жоғары стандарттарға сай келетін жүзден астам білім ордаларын салу жоспарлануда. Биыл 5 қазанда өткен Республикалық педагогтер съезінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы мектептің ауыл өмірінде атқаратын ерекше шоғырландырушы рөлін атап өткен еді. «Мектеп барда ауыл бар» деп бекер айтпаса керек. Мектептер бірқатар әлеуметтік функцияларды атқарады. Мұнда қоғамдық жиындар, мәдени іс-шаралар, спорттық жарыстар өтеді. Басқаша айтқанда, ауыл мектебі жергілікті тұрғындарды біріктіруге қызмет етеді», – деді ол.
Бүгінгі күндегі білім беру процесінің бір ерекшелігі ретінде кәсіпкерлердің жауапкершілігінің артуын айтуға болады. Президент әлеуметтік бағдарға ие бизнес қоғамның барлық саласына атсалысып, аса маңызды мемлекеттік жобаларды іске асыруға тікелей қатысуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен еді. Соның арқасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде бизнес өкілдерімен қолданыстағы мектептерді жаңғырту және ауылдарда жаңа мектептер салу туралы келісімге қол жеткізілді.
Президенттің осы үндеуін қолдай отыра, табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу саласындағы жетекші көшбасшылардың бірі саналатын және ірі өндірістік жобаларды іске асырушы Eurasian Resources Group компаниясы Павлодар облысында екі жаңа мектептің құрылысына шамамен 2 млрд теңге қаржы бөлді. Олардың бірі оқу жылының екінші тоқсаны қарсаңында Қаражар ауылында есігін айқара ашты.
Қаражар ауылындағы мектеп проблемасы туралы мұғалім Зура Жүсіпбаева әлеуметтік желілерде үнемі жазып жүретін еді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жаңа мектеп туралы арманын орыс тілі мұғалімі өзі шығаратын «Қаражарда жасалған» газетінде жариялаған екен. Расында да, 1958 жылы салынған жүз адамға ғана арналған тоғыз жылдық шағын мектеп қазіргі білім беру стандарттарына мүлдем сәйкес келмейтін, ал жабдықталуы оқушыларға қажетті білім мен дағдыларды сапалы игеруге мүмкіндік бермеді.
Eurasian Resources Group компаниясының қаражатына салынған жаңа мектеп жаңа компьютерлік жабдықтармен жарақталған. Президенттің қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқу сапасының алшақтығын азайту қажеттілігі туралы тапсырмаларын орындай отыра, инвестор оқу орынын STEM зертханасымен жабдықтады. STEM дегеніміз – Science, Technology, Engineering, Mathematics сөздерінен тұратын студенттердің негізгі кәсіби құзыреттіліктерін дамыту үшін білім беру процесінің жаратылыстану, техникалық, инженерлік және математикалық компоненттерін біріктіруге негізделген заманауи кешенді тәсіл. Дүниежүзіндегі STEM зертханаларындағы классикалық сабақтар: робототехника, бағдарламалау, инженерия және биотехнологияны қамтиды. Жас техниктердің ғылым әлеміне қызықты саяхатын бастауы үшін Eurasian Resources Group компаниясы зертханаға цифрлық микроскоптар, сондай-ақ робототехника сабақтарына қажетті жабдықтар мен материалдарды сатып алған. Мектептің құрылысы мен жабдықталуына салынған инвестиция көлемі 932,4 млн теңгені құрады.
Мектеп салу кезінде оның қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде сөйлеген сөзінде мектеп балалар үшін ең қауіпсіз орынға айналуға тиіс екенін атап өтіп, барлық білім беру мекемелерін бейнебақылау жүйелерімен және сигнализациямен жабдықтауға тікелей тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау үшін Қаражар жалпы білім беретін мектебі киберқауіпсіздік пен бейнебақылаудың жаңа жүйесімен жарақтандырылды. Оған кіру мүмкіндігі ішкі бақылаумен реттелді.
Мектептің салтанатты ашылу рәсімі Қаражар тұрғындары үшін үлкен мерекеге айналды деуге болады. Бұл ауылда білім беру мекемелері ерекше маңызға ие екенін тағы бір айшықтай түсті. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев маңызды мемлекеттік мәселелерді іске асыруға бизнестің жауапкершілік таныта қатысуын ерекше атап өтті. Қаражарлықтар да өз ықыластарын жасыра алмай, ERG компаниясына алғыстарын жаудырып, жаңа мектеп балаларына сапалы білім алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, бүкіл ауылдың мәдени орталығына айналатынына сенім білдірді. Бұл туралы компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич те жиі айтады.
– Бүгін ашылып жатқан бұл мектеп – ERG қаржыландырып отырған көп нысанның бірі ғана емес, біздің Қазақстанның болашағына құйып отырған инвестициямыз. Өйткені білім беру – дамыған әрі гүлденген қоғам қалыптастырудың алғы шарты. Бұл мектеп – біздің әр баланың ертеңі мен бойындағы қабілеттеріне артқан сеніміміз. Осы білім ұялары әлемге оң өзгерістер әкелетін жаңа көшбасшылар мен новаторларды қалыптастыратын қара шаңыраққа айналады деген үміттеміз, – деді Александр Машкевич.
Қаражардағы мектептің ашылу салтанатында ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді» деген нақылын тілге тиек етіп, балаларды әрдайым білімге, жаңаны тануға ұмтылуға шақырды. Білім беру мекемелерінің өскелең ұрпақтың дүниетанымын, көзқарастары мен практикалық дағдыларын қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
Қаражарлықтар да ERG компаниясының атына көптеген жылы лебіздерін жеткізді. Зура Жүсіпбаева Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Біздің жаңа мектебіміз әдемі. Ол ауданда, облыста жалғыз емес, алғашқылардың бірі болсын деп тілеймін. Әр ауылдағы балалардың соңғы техникамен жабдықталған мектепте оқуға мүмкіндіктері мол болсын». Қарапайым мұғалімнің шынайы сөздері Eurasian Resources Group компаниясының Болашақ жобаларымен тура сәйкеседі. Мәселен, қараша айының соңына дейін Павлодар облысының Сычевка ауылында тағы бір мектеп ашылмақ, оның құрылысын да компания қаржыландырып отыр. Ал келесі жылы Қостанай облысының Рудный қаласында 1 200 оқушыны қабылдауға дайын мектеп өз есігін айқара ашпақ.
Осы ретте Қаражар мектебінің құрылысымен қатар ERG компаниясы ауылдықтарға жоғары жылдамдықты интернетті кедергісіз пайдалануға мүмкіндік беретін оптикалық-талшықты байланыс желісін тартуды қаржыландырғанын атап өткен жөн. Бұл жоба Президенттің қазақстандық білім беруді цифрландыру қарқынын жеделдету жөніндегі алға қойған міндеттерін іске асыру мақсатында жүзеге асырылған, оның шеңберінде 2027 жылға қарай еліміздің барлық мектептері жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілуге тиіс.
ERG компаниясының қызметі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің үлгісі деуге болады. Мемлекет басшысының білім беру саласындағы алға қойған міндеттерін іске асыруға компания алдағы уақытта да өзінің елеулі үлесін қоса бермек.