Таяуда жарияланған экономикалық еркіндік рейтингінде Қазақстан былтыр бірден жеті позицияға төмендеген.
Инвесторлар Қазақстаннан жаппай кете бастаса, жұмыссыздар саны көбейеді – сарапшы
Фото: fiercehealthcare.com
2,877
оқылды

Бұл бірқатар факторға байланысты болуы мүмкін. Соның ішінде, инвесторлар мемлекеттендіру мәселесі де барын айтып, алаңдаушылық білдірген. Инвестиция саласындағы сарапшы Шыңғыс Айнабеков мұндай мәлімдемелердің соңы неге әкелетінін және инвесторлардың сенімін төмендету ел экономикасын қалай құлдыратуы мүмкін екенін айтты.

Инвестициялар – экономиканың өсуінің негізгі факторларының бірі.  2022 жылы Қазақстанға 10 жыл ішінде 28 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестициялардың рекордтық көлемі тартылыпты. Мемлекет салық пен кеден баждарынан босатып, заттай гранттар беріп, мемлекеттік қолдау көрсете отырып, инвесторларға тартымды жағдайлар жасауға тырысып жатқанда, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды мемлекет меншігіне алу қажеттілігі туралы дау басылмай тұр. Алайда салалар бөлінісінде инвестициялардың ең көп көлемі тау-кен өндіру саласына – $12,1 млрд (+25%) және өңдеу өнеркәсібіне – $5,6 млрд (+3%) бағытталған. Бұдан шығатыны, бүгінгі таңда инвесторға ең тартымды бағыттарға қауіп төніп тұрғаны ма?

Бизнесті «алып қою» туралы ашық пікірталас халықтың әлеуметтік әділдік сезімін тудыруы мүмкін. Алайда екінші жағынан, шетелдік инвесторлар арасында сенімсіздік пайда болуы мүмкін. Инвестициялау үшін екі фактор қажет: меншікке қолсұғылмаушылық және бизнес-ортаның болжамдығы. 

Мемлекеттендіруді инвесторлар мемлекеттік саясаттың тұрақсыздығы мен болжамсыздығының белгісі ретінде қабылдайды. Мемлекеттендіру лоббистері мен осы идеяның қарсыластары арасындағы ұзаққа созылған дау-дамайды ескерсек, өз қаражатын Қазақстан экономикасына салып қойған немесе мұны енді ғана жоспарлап отырған шетелдік инвесторлар дабыл қағуына айтарлықтай себеп табылып отыр. Өйткені олардың әрқайсысы қандай да бір жолмен өз капиталының қауіпсіз салымы үшін тұрақтылық пен ашықтықты іздейді.

«Экономикалық еркіндік рейтингіндегі құлдырау Қазақстан экономикасындағы проблемалар – іскерлік ортаның нашарлауы, меншік құқығы мен салық заңнамасы саласындағы шектеулер, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен бюрократия бар екенін білдіреді. Бұл рейтингті назардан тыс қалдыруға болмайды, өйткені бұл көрсеткіштердің бәрі елдің инвестициялық тартымдылығына әсер етеді», – деп есептейді инвестициялар саласындағы сарапшы Шыңғыс Айнабеков.

Ол серіктес елді таңдауда инвестор үшін мүлікке қолсұғылмаушылық маңызды рөл атқарады. Оның активтері қорғалатынына және заңсыз араласуға немесе тәркілеуге ұшырамайтынына сенімді болуы керек екенін атап өтті.

«Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды мемлекеттендіру мәселесін күн тәртібіне қоюға болмайды. Өйткені мұнда көптеген қатер мен жағымсыз салдары бар. Біріншіден, бұл әлемдегі сенімнің төмендеуіне әкеледі, бізге енді шетелдік инвесторлар келмейді. Бұл қазақстандық инвесторларға да мұндай жағдайда бәсекелесу қиын болатынын білдіреді», – дейді Шыңғыс Айнабеков.

Осының нәтижесінде, бұл компаниялар өз тауарлары мен қызметтерін жетілдіруді, жаңа технологиялар мен әдістерді енгізуді және жоғары сапалы өнімдер мен қызметтерді ұсынуды тоқтатуына әкеп соғады. Бағалар өсе бастайды. Өйткені бизнесті бағаны ақылға қонымды деңгейде ұстауға мәжбүр ететін жалғыз фактор – бәсекелестік. Сонымен қатар, таңдаудың алуан түрлі болуы, нарықтың өсуі және саланың нығаюы зардабын көреді.

«Инвесторлар Қазақстаннан жаппай кете бастаса, бұл экономикалық құлдырауға, ұлттық валютаның құнсыздануына, жұмыссыздыққа, әлеуметтік проблемаларға, бір сөзбен айтқанда, кедейлікке әкелуі мүмкін. Әлемдік банктер бізге несие қаражатын бөлмейді, қаржы институттарының бірде-біреуі Қазақстанмен байланысқысы келмейді. Өйткені инвесторларсыз біз төлем қабілетімізді дәлелдей алмаймыз», – деп атап өтті сарапшы.

Мемлекеттендіру мемлекеттен айтарлықтай қаржылық ресурстарды талап етеді. Бұл мемлекеттік қарыздың өсуіне немесе білім беру немесе денсаулық сақтау сияқты басқа маңызды салалардың қаражатын қайта бағыттауға әкеп соғуы мүмкін. Шыңғыс Айнабековтің айтуынша, мемлекеттендіру жағдайында шашырап кететін инвесторлардың жоғалуы қарапайым азаматтардың өміріне елеулі ықпал етеді. Ақыр соңында, бұл нарықтың барлық сегментінің дамуына әсер етеді, ал мұның нәтижесі жалпы белгісіздік пен күйзеліс болады.

Әділ өтемақы соққының күшін азайта ала ма? 

Шыңғыс Айнабековтің пікірінше, мемлекеттендіру жағдайында әділ өтемақы мәселесі өте күрделі және көптеген факторға байланысты.

«Тіпті мұқият бағалау мен белгілі бір өтемақы тағайындау жағдайында да, көптеген инвестор бұл процесті әділетсіз деп есептеуі мүмкін. Өйткені бұл олардың еркіне қарсы әрекет саналады. Ешкім кеткісі келмейді, өйткені олар экономикаға өз инвестициясын құйып, ұзақмерзімді жоспар құрған. Бұл ұзақ сот процестеріне әкеп соғады. Мысалы, америкалық инвесторлар мұндай жағдайға жол бермейді», – дейді сарапшы.

Сарапшының пікірінше, Мемлекет меншігіне алынған жағдайда меншік иесіне активтер мен шығындардың нақты құны төленуі керек. Алайда, бюджетте барлық мемлекеттендірілген компанияның ақысын өтеуге қаражат бар ма, жоқ па, бұл жағы белгісіз. Шыңғыс Айнабеков бұл олардың кейбіріне ғана қолжетімді екенін айтады. Экспроприацияға немесе өтеусіз тәркілеуге келетін болсақ, бұл – одан да күмәнді әрекет.

«Бүгінгі реалиде Мемлекет басшысы мұндай акцияны өткізе қоюы екіталай. Біздің президент бірінші кезекте дипломат және жай ғана емес, мықты дипломат. Бұл біздің жылдар бойы қалыптасқан барлық халықаралық келісіміміз бен қарым-қатынасымызды бұзады. Осы қауіптердің барлығын бағалай отырып, Қазақстан билігі бұған бармайды деп ойлаймын, бізде бұл үшін күш те, құрал да, одақтас та жоқ», – деп атап өтті Айнабеков.

Тұтастай алғанда, ол мемлекеттендіру мәселесінің өзі өте алаңдатарлық жағдай екеніне назар аударады. Себебі, мұнда барлық ережені сақтай отырып, мемлекет пен жеке сектордың мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды. 

Шетелдік қатысуы бар активтерді мемлекеттендіру халықаралық дауларға және тіпті санкцияларға әкеп соғуы мүмкін. Ал бұл экономикаға теріс әсер етеді.

Қандай тұжырым жасауға болады?

Мемлекеттендіру – бұл мемлекет бұрын жеке қолда болған кәсіпорынның немесе активтерді меншігіне немесе бақылауына алатын процесс. Бұл процедура тиісті өтемақысыз немесе түсініксіз құқықтық процедуралармен елге инвестициялауға деген қызығушылықты төмендетіп, инвестициялық орын ретінде елдің сеніміне нұқсан келтіруі мүмкін. Сонымен қатар, бұл экономиканың негізгі салаларына мемлекеттік бақылаудың артуына әкелуі мүмкін, Бұл бизнес-ортаға және реттеуге жақсы әсер ете қоймайтыны түсінікті.

Инвесторлар назар аударатын басты жағдайлар – саяси ортаның тұрақтылығы, макроэкономикалық тұрақтылық, бюрократияның қалыпты деңгейі, ережелердің ашықтығы және заңнамалық база. 

Дәстүрлі түрде Ресей мен Қытай арасындағы периферия ретінде қабылданған Қазақстан геосаяси маңызы бар елеулі өзгерістер шегіне жетіп отыр. 

Сондай-ақ, Қазақстан өзінің табиғи ресурстарының арқасында Орталық Азияның басқа бес мемлекетімен салыстырғанда алдыңғы қатарға шыққан. 1990 жылдардан бастап АҚШ Қазақстанның өндіруші секторына $50 млрд астам инвестиция салды. Ал Еуроодақ жалпы алғанда – $80 млрд астам. Мұнай экспорты саласындағы Еуроодақпен әріптестік Қазақстанды маңызды аймаққа айналдырды.

Бүгінде Қазақстан үшін өзін стратегиялық серіктес ретінде ғана емес. Сонымен қатар бизнестің құқықтары мен мүдделері қорғалатын қолайлы инвестициялық ахуалы бар ел ретінде жариялаудың бұрын-соңды болмаған уақыты таяп отыр. Мемлекеттендіру сияқты популистік идеялар, жекелеген мүдделі топтарды қоспағанда, елге пайда тигізе қоюы екіталай.